ҰЛЫҚ МЕЙРАМНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

Қазақтың Ұлы Даласы иісі мұсылманның ұлық мей­рамы – Құрбан айтты қарсы алады. Қасиетті Құран Кәрім және Ислам тарихында Құрбан айт – адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) мен дәс­түрлі діндердің түп тұлғасы Ибраһим пайғам­бар­мен (ғ.с.) және оның ұлы Исмайылмен тығыз бай­ланысты. Әлемдердің әміршісі Алла Тағаланың бұйрығына мойынсұнып, қаншама қиналса да, сүйікті перзенті Ис­майлды құрбандыққа шалуға қиған Ибрагим Пайғам­бары­мыздың мүлткісіз сенімі мен мықты иманына разы болған Жалғыз Жаратушымыз көк­тен аспан түстес қош­қар түсіріп, пайғамбары мен оның ұлына шексіз мейірімін төкті. Дәп сол кезден бастап, қасиетті Құрбан айт мүміндердің мерейлі мерекесіне айналды. Құрбан айт – ораза айттан кейін 70 күннен соң есік ашып, 3 күнге созылады. Ақ түйенің қарны жарылған осынау күнгейлі күндерде қажылық өтеушілер Қағбаға жүздерін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Құрбан сөзі – араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яки, пенде сауап істері арқылы Аллаға жақын­дай түседі. Құрбан айттың негізгі ғибадаты құрбандық шалу – айтулы мерекенің ең маңызды амалы. Шамасы жеткен әрбір мұсылман ата-баба аруағына арнап мал сойып, құрбан шалады. Құрбандық малы – ауру, соқыр, ақсақ болмауы ке­рек. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе мал­дары ғана шалынады. Жылқы, үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді аң-құстар құрбандыққа жарам­сыз. Бұларды құрбандыққа шалу – харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Құрбан айттың бірінші күні мешіттерде айт намазы оқылады. Жерге жарық түскенге дейін дұға етіліп, тілек тіленеді. Мұсылмандар бірін-бірі құт­тықтап, үйлерінде жайылған дастарқандарынан дәм татады. Бұл киелі күні ерте тұрып, ғұсыл алып, мұн­таздай таза киімдер киіп, хош иісті әтір суларын сеуіп, көшедегі адамдармен ашық-жарқын амандасу лазым. Айт намазының алдында ештеңе ішіп-жемей, намазға барар жолда тәкбір айту – хазіреті Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пай­ғамбарымыздың сүннеті. Бұл күні құрбандыққа шалынған малдың етімен нәр татып, ауыз ашу сауапты іс. Шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Аллаһ Тағаланың әмірі мен Пайғамбарымыздың сүн­нетін орындау – Жаратушы Иеміздің ризашылы­ғына жа­қындатып, ақиретте сый-сияпатына кенел­теді. Айтқа шы­найы пейілімен ниет қылып, лайықты әзірленген пен­десінің о дүниеде жүзі жарық болып, мол сауапқа иеле­неді... ...Қазақтың қиын-қыстау, қат-қабат тарихында 1921 жыл­ғы 5 наурызда Орынбор қаласында C.Мең­дешев төр­аға­лық жасап, алаштың арыстары А.Бай­тұрсынұлы мен Ә.Бө­кейхандар қатысқан Төрал­- қа мәжілісінде Қазақ­стан Автономиялы Респуб­ликасы Орталық атқару коми­теті Төралқасының «Мұсыл­ман­дар мерекесі» туралы ше­шімі қабыл­данып, 1926 жылға дейін Ораза айт – 3 күн, Құрбан айт – 3 күн, Наурыз – 1 күн ресми мереке ретінде тойла­нып келді... Құдайға тәубә, міне, араға ғасырға жуық уақыт салып, мұсылмандардың мүбәрәк мерекесіне ресми мәртебе беріліп, қасиетті мейраммен қайта қауыш­тық. Мүміннің жүрегіне ізгі нұрын құйған құрбандық ша­лудың – мал бауыздаумен ғана шектелмегені мақұл. Осы­нау игілікті амалда пенденің ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, адамдарға жанашырлығы таразыға түсіп, пендешілігі мен мәрт­тігі, сараңдығы мен жомарт­тығы да сыналады. Мұқым мұсылманды бір-біріне қайы­рымды болуға, қамқорлық жасауға, тұрмысы төмен бауыр­­ларына қарасуға, қиналғандарға қол ұшын беруге шақырады. Шынайы иман – бейбіт те берекелі, әділетті де мейі­рімді елде орнығады. Біз әрқашан Алланы тануға, Исламды қорғауға, Құранды түсінуге мұқтажбыз. Құрбан айт – біздің мұқтаждықтарымызды мейлін­ше терең ұғы­нып, Хақты тануға ықыласымызды бекітіп, әгәрдәкім, пендешілікпен көңіл қалысып-ренжіскен адамдарамыз болса, сол бауырларымыздан кешірім сұрасып, табысып-туысатын береке мен бірліктің мерекесі. Шындығында, Жаратушыдан кейінгі жақын­дарымыз: әке-шешемізге, отбасымызға, көрші-қо­лаң­дарға, жора-жолдастарымызға, туыс-жекжат­тары­мызға бір уақыт көңіл бөліп-хабарласайық, аман­дық-саулықтарын сұ­райық, жылы сөз, ыстық тілегімізді айтайық, мүмкінді­гі­міз жетсе, сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасайық! Және осының бәрін бір Алланың ризашылығы үшін орын­дайық!!! Құрбан Айт құтты болсын, ағайын! Адамзаттың ең сүйікті де сүйкімді Пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың шексіз шапағаты болсын, бауырлар! Мұсыл­мандардың ынтымағы мен ырысы мықты да мол болсын! Құлтас ДОСТАН