Ар-Иман

0
1850

«Жақсы ниет– ниет қана қарасаң,
Дұрысы оны іс қылуға жарасаң», — депті Жүсіп Баласағұн. Ниет тазалығы дегеніміз арлылық, имандылық. Інжілде мынандай сөздер бар: «Ниетіңе орай жаза аласың, өл­шеміңе қарай үлес аласың». «Есті адам­дардың мынандай үш қасиеті болады: бірін­шіден– жұртқа берген ақыл кеңесін өзі орындайтын болады, екіншіден– еш уақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшін­шіден– төңірегіндегі жандардың қате­ліктеріне кешірімшіл келеді»- дейді Лев Толстой. Сол үшінші қасиетте адам­ның ішінен шығатын ар-иман үкімінен болады. Сондықтан да Менандардың: «Әр адамның құдайы — өзінің ары» дегенін мойын­даймыз. Адамға ащы таттпай тәтті қайда?
«Тер төгіп тапқан абзал адал пайда
Әркімді жаратпаған тәңір жайға
Өлшемі адамшылық, тұралықта», —деп Қожа Ахмет Яссауы ақылман ертеде-ақ айтып кетіпті. Біз оқушы кезімізде орысша киімі лен жағы келісті етіп қырылған са­қалын көріп атеист деп ойлайтын Ыбырай Алтынсарин айтады: «Әрбір жақсы адам­ның асыл түбі иманнан, яғни иланудан келеді. Иманнан бұрын намаз, ораза мәнісін үйретіп, мұсылман етемін деуші кісі күнәһар болады»,-дейді. «Арман ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала ал­маған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтан­шақтыққа салынып, өз бойын өзі тек­сер­мей кеткен кісі тәуір жігіт түгілі, әуелі адам ба өзі?» — дейді Абай. Мейірімді болу үшін әдепті болу керек. Әдепті болу үшін ақылды болу керек. Ақылды болу үшін оқу, оқығанды тоқи білу керек.
«Адамдағы нысап, әділет, мейірім– үшеуін қосып мұсылманша айтқанда ож­дан ұғым туады», мұны орысша «совесть» деп атайды. Шәкәрім қажы «Үш анықта»: «Ақылды сол- нысап пен ар сақтайды, арсыз сол- таза еңбекпен күнін көріп, жаны үшін адамшылық ар атпайды» және:
«Сабыр сақтық, ой талап болмаған жан,
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса
Өлген артық, дүниені былғағаннан», —дейді.
Үмітіңді үзбе. Үміт түнгі аспан сияқты қай жағынан қарасаң да жаңа жұлдыздар көргендей боласың. Жақсылық пен жамандықтың тағдыры бір Алладан деп мойынсынып, шүкіршілік ете отырып болашақтан үміт, өзіңнен артылып өзгеге жақсылық жасай алатын дәрежеге жетуге ұмтылу, ол үшін білім алуға, ізденуге, заң­дар­ға бейімделіп, қолға алған кәсібіңді мық­тап меңгеруге ұмтылу керек. Үміт­сіздікпен азға қанағат етіп отырып қалуға болмайды. Адам үмітсіз өмір сүруі мүмкін емес. Жалған үмітпен «Құдай жеткізеді» немесе «осының бәрі Алладан» деп талап­сыз­дыққа, үмітсіздікке салыну мен адам­ның ойындағы дарыны ашылмайды. Жалған сеніммен құр қарап отыру адамды өз өмірін жақсарту үшін күреспен аулақ­татады.
«Ар қайда? Даңқым қайда? Әдеп қайда?
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той»- деп,
Береді бұл надандық кімге пайда? — деп қазаққа Шәкәрім 100 жыл бұрын айтып кеткен. Күнәдан арылудың жолы– тәубеге келу. Қай елде діннен безу және құдайдан баз кешу бел алса, ел жұрт түрлі азғыру­шыларға еріп ынтымақ-бірліктен айрылса, ол елдің ақырзаманы жақын» — деген Әмір Темір. «Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде бар да, ділде жоқ»-деп Базар жырау дінге шын сену мен жай әдетке айналып кеткен, жұрттың бәрі жасағаны үшін жа­сайтын рәсімге айналдыру екі басқа екенін айтқан.
Аңыз: «Адамдық, ақыл-парасат, ша­риғат, хадистерден мың сұрақ қойып, кім шешсе соған шықпақ болған патша қыз Мәликенің барлық сұрақтарына жауап берген жігітке басын иген. Соның бірі: «Өзің­де бар, оны беруге асықпайды өзіңде жоқты алуға өзгеге жұмсайды. Ол қандай адам?» — деген сұрақ еді. Оған әлгі жігіт: – Бұл ақыр заманның дүмше молдалары, олар халыққа насихат айтады, бірақ сол насихатқа лайық қасиеттерді өзінің бойына сақтамайды-деп жауап берген екен. Екіншісі: «Шыққан тесігіне қайтып сыймайтын не?» – Бұл жаман сөз, ауыздан шықты қайтып кіргізе алмайсың.
Әбунасыр әл-Фарабидің «Азаматтық саясат» деген еңбегін оқышы, оның дүние жайлы ойларын, адам өмірі жолдарын қалай түсіндіретінін білші; адамға сенім қажеттілігін, өзіне-өзі сену керектігін, сол арқылы ішкі рухани патшалықтың көктегі күшпен тілдесе алатынын, адамның ғалам­дық дәрежедегі көре білу қабілеттілігінің қасиетін сезінесің, сөйтесің де рухани тазарасың, ішкі дүниең босап, жаның рахат­танып қалады. Мұхамед Пайғам­бардың хадистерінде: бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу- үш ай ораза тұтқаннан жақсы дейді. Пайғамбарымыздың өзі құдай жеткізеді деп күшін отыра беретін соқыр соқыр сенімді емес, оқуға, ілім білім­ге, ізденуге үндегені осыдан-ақ кө­рініп тұр. «Сенімнің үздік белгісі-төзім­ділік екі жақты шыдамдылық» дейді де тағы да. Жақсылық деп жамандықтың бәрі құдайдан болса мен іздегенмен, ұмтыл­ғанмен не болар дейсің демей білімге, өнерге ұмтылу арқылы жетілу-иманның басты қағидасы деп тану керек. Жеңіске өзінің ақтығына, адалдығына, сонымен бірге қабілеті мен жігер күшіне сенген адам ғана жетеді. Сондықтан адам иманға сенім келтіре отырып, өзінің танымдық қабілеттерін жетілдіріп отыруы керек. «Таным мен сенім–кісінің қос қанаты»- дейтін ұлағатты сөздің астары осы. Түгел алғың келсе өмірдің ырысын Таза болсың сөзін, ойың, жұмысың дегендей діни сенім ой тазалығы, сөз тазалығына жетелесе, ғылым-таным оқу, іздену, өзін-өзі шыңдау арқылы жұмыстың ілгері жүргенін, осылай ілгері басқанда ғана өзгелерден қалмай өткен-кеткенге жететінімізді айтады. Сенім туралы бір мысал: «Мәшкүр Жүсіп­ке бала көтермей бір әйел: Тұмар жазып беріңіз, септігі тиер ме екен», — деп өтініп­ті. Тұмарды алған соң екі ұлды бол­ған әйел, оны қастерлеп сақтапты. Қар­тайып өлерінде тұмарды балаларына тапсырып жатып, осы тұмарды алған соң олардың дүниеге келгенін айтыпты. Бірнеше жылдардан кейін екі ұл ашып оқыса, араб әрпімен жазылған мынандай сөздер бар екен: «Я Алла, мені Мәшкүр Жүсіп етіп жаратқаның рас болса осы әйелге бала бер», — депті. Сенімнің күші, деп осыны айтамыз ба?! «Қиянаты бардың аманаты жоқ» — депті Шәкәрім қажы. «Қазақ тілінде таза деп беті-басының та­залығын ғана емес, аря ұятының тазалығын айтады», — депті Ғабит Мүсірепов. Өмір ылғи жұпарлы жеміс, гүл ме, ой жарысы болады тегісінде дейді Фариза Оңғар­сынова. «Арлы бол, жарлы болма»-дейді қазақ. «Малым-жанымның садағасы, жаным- арымның садағасы» дейді тағы да. Алдымен керегі ар, одан кейін керегі жан, ал мал осылар үшін керек дегені. Демек, адамдықтың ең жоғарғы өлшемі – ар. Ол жан қиюға болар қасиет. «Өлімнен ұят күшті» дегенде қазақ осы арды айтқан. Арыңа, атыңа, атаңа, тегіңе лайықсыз нәрсе жасап өмір сүргенше өлген артық дегені. Ауыр айтылған, бірақ әділ айтыл­ған. Адамдықты ойласаң мал мен бастан ар жақсы деген Майлы Қожа. «Малының көптігін, Иманын жоғалтқан мақтан етеді»-дейді Бөлтірік шешен. «Жақсыларға үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айту мен қиын» — деген екен Сенека. Ақтабан шұ­бырынды дәуіріндегі шыдамай ел кері шегініп ауа жөнелгенде әл бұғанасы қатып үлгермеген екі баласын үріккен елмен аттандырып: «Өсер кіндігім өркен жаяр елімен бірге болсын, өз сүйегім туған жерімде қалсын, қайта оралар кейінгі ұрпаққа тілеулес боып ата мекенінде жатар!» деп көшкендерге ілеспей жұртта қалып қойған деседі. Үлгі деген осылай болар. Әйтеуір анадан тәуірмін ғой деме. «Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жаман болады дағы»-дейді Абай.
Әбділлә Сұлтанұлы,
Шымкент

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз