Светқали НҰРЖАН. ИСМАТУЛЛА МАҚСЫМҒА
2012 ж. 20 наурыз
10208
20
Биссмилла-һи рахман рахим!
Бір шың қалмай еже басын нұр шалған,
Ай да, Күн де көрінбейтін кір-шаңнан.
Жаулап алып тажал қолы құрсанған,
Айрылғанда Еркім менен Мұршамнан –
Жариялап – жаудың шынын, жат сұмын,
Келдің бізге,
Исматулла мақсымым!
Ай сәулесі сәлделеген ақ басын
Баба-шыңға тіредіңіз ат басын.
Аштың бізге – діл дүбара шақта сын,
Хақ Расул мен Құл Қожа Ахмет қақпасын.
Қақпаны аштым – танып сонда хат сырын,
Ердім Сізге,
Исматулла мақсымым!
Жүректерге басып қойған тас мөрі
Талқан болды Ібілістің! –
Қашты өңі.
Жала жауып жады жын мен нас пері,
Аласұрды-ай сайтанаттың әскері!
Нардай артып Сұбхан-Хақтың пәк сынын,
Тарттың азап,
Исматулла мақсымым!
Алдым Сізден саф өнеге, хас тәлім,
Көрдім Нұрдың бұлтты түріп ашқанын;
Көрдім жынның күрт шұбырып қашқанын,
«Алқа зікір» – жуды қазақ аспанын!
Жаршысысың Жеті Сайран астының,
Сертті қазақ –
Исматулла мақсымым!
«Өзіңді – ішің, сыртың өртеп Ғаламды»,
Кірді Нұрың бар жүрекке қараңғы.
Реушендей тырнап аштың санамды,
Таптым Сізден: шүкір, пікір, тобамды!
Мың бір шүкір! –
Жоқшысы боп Жақсының,
Ендім Сізге,
Исматулла мақсымым!
Сізді көрсе Көр мен Түнек түрілген,
Сізді көрсе Өлген Жүрек тірілген!
Хақ жұпары борағанда үніңнен –
Бал төгіліп қоя берген тілімнен!
Хатқа сендім,
Хаққа сендім – пәк шыным! –
Сендім Сізге,
Исматулла мақсымым!
Мың сан кесек сыбаса да – бас бұрмай,
Мың сан өсек сынаса да – кәс қылмай;
Аяқ асты өлген итті бастырмай,
Жауға дұға қыласыңыз, – дос тұрғай!
Жаным – зарға,
Қанға толсын сақсырым, –
Сізді іздедім,
Исматулла мақсымым!
Хақ алқасын, бұзып көптің базарын,
Итін қосып талатса да қазағың –
Жүректерге сәуле үшкіріп назарың,
Арқалайсыз барша адамзат азабын.
Үмітімді –
Келеді деп Жақсы Күн,
Бір де үзбедім,
Исматулла мақсымым!
Мақсымымды, тақсырымды сақта, АЛЛА! –
Бар дұғам сол – тұрғанда да жатқанда!
Хақ тілегім, талып атқан ақ таңда:
Жалға бізді – Ғаффар уа Саттарға!
Бұлтты тіліп нажағайдай шапшыдың,
Ғәріп-ғашық –
Исматулла мақсымым!
«Жүсіптермен» алар демім бір менің! –
Мен оларсыз тірі сүлде – мүрдемін.
Саһардағы «ара зікір», – білгенім:
Темір торын турап жатыр Түрменің!
Жариялап – ПӘКТІҢ Шынын, ХАҚ Сырын,
Жарыққа шық,
Исматулла тақсырым!..