Светқали НҰРЖАН. ИСМАТУЛЛА МАҚСЫМҒА

  Биссмилла-һи рахман рахим!   Бір шың қалмай еже басын нұр шалған, Ай да, Күн де көрінбейтін кір-шаңнан. Жаулап алып тажал қолы құрсанған, Айрылғанда Еркім менен Мұршамнан – Жариялап – жаудың шынын, жат сұмын, Келдің бізге, Исматулла мақсымым!   Ай сәулесі сәлделеген ақ басын Баба-шыңға тіредіңіз ат басын. Аштың бізге – діл дүбара шақта сын, Хақ Расул мен Құл Қожа Ахмет қақпасын. Қақпаны аштым – танып сонда хат сырын, Ердім Сізге, Исматулла мақсымым!   Жүректерге басып қойған тас мөрі Талқан болды Ібілістің! – Қашты өңі. Жала жауып жады жын мен нас пері, Аласұрды-ай сайтанаттың әскері! Нардай артып Сұбхан-Хақтың пәк сынын, Тарттың азап, Исматулла мақсымым!   Алдым Сізден саф өнеге, хас тәлім, Көрдім Нұрдың бұлтты түріп ашқанын; Көрдім жынның күрт шұбырып қашқанын, «Алқа зікір» – жуды қазақ аспанын! Жаршысысың Жеті Сайран астының, Сертті қазақ – Исматулла мақсымым!   «Өзіңді – ішің, сыртың өртеп Ғаламды», Кірді Нұрың бар жүрекке қараңғы. Реушендей тырнап аштың санамды, Таптым Сізден: шүкір, пікір, тобамды! Мың бір шүкір! – Жоқшысы боп Жақсының, Ендім Сізге, Исматулла мақсымым!   Сізді көрсе Көр мен Түнек түрілген, Сізді көрсе Өлген Жүрек тірілген! Хақ жұпары борағанда үніңнен – Бал төгіліп қоя берген тілімнен! Хатқа сендім, Хаққа сендім – пәк шыным! – Сендім Сізге, Исматулла мақсымым!   Мың сан кесек сыбаса да – бас бұрмай, Мың сан өсек сынаса да – кәс қылмай; Аяқ асты өлген итті бастырмай, Жауға дұға қыласыңыз, – дос тұрғай! Жаным – зарға, Қанға толсын сақсырым, – Сізді іздедім, Исматулла мақсымым!   Хақ алқасын, бұзып көптің базарын, Итін қосып талатса да қазағың – Жүректерге сәуле үшкіріп назарың, Арқалайсыз барша адамзат азабын. Үмітімді – Келеді деп Жақсы Күн, Бір де үзбедім, Исматулла мақсымым!   Мақсымымды, тақсырымды сақта, АЛЛА! – Бар дұғам сол – тұрғанда да жатқанда! Хақ тілегім, талып атқан ақ таңда: Жалға бізді – Ғаффар уа Саттарға! Бұлтты тіліп нажағайдай шапшыдың, Ғәріп-ғашық – Исматулла мақсымым!   «Жүсіптермен» алар демім бір менің! – Мен оларсыз тірі сүлде – мүрдемін. Саһардағы «ара зікір», – білгенім: Темір торын турап жатыр Түрменің! Жариялап – ПӘКТІҢ Шынын, ХАҚ Сырын, Жарыққа шық, Исматулла тақсырым!..