ЕНЖАРЛЫҚ ЖҮРЕК КЕСЕЛІ

                 Бірде Алла тағала періштесін бір пендеге жібертіп, «Сен қанша Аллаға қызмет етсең де, бәрібір тозаққа барасың» деп айтқыздырған екен. Сонда ана адам мүдірместен: – Періште, жұмақ, тозақ – Алла тағаланың ісі, ал менің ісім – Оған қызмет ету, – деген екен. Осындай жүректегі Аллаға деген жұпар иманымызбен барша мұсылман қауымы мына өтпелі дүниеден өтеміз деген үміттеміз. Дегенмен, бұ жалғанның әр сәтін таразыламасаң, Алланың таразысындағы тасымыздың бір жағы ауырлауы мүмкін. Ақылымызды арқау етсек, дүниеге иманды тұжырым жасаймыз. Ал ақылға жүгінбесек, қандай өмір кешкеніміздің себебін білмей кетуіміз де мүмкін. Жаратқанның құдіретіне әр мезет бас ием, себебі ондай керемет тылсым дүниені сөзбен жеткізу қиын. Жаратқанмен тілдескендей оны тек сезіне білу керек. Ал оны сезетін тек қана жүрек! Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқанындай: «Шынында, адамның денесінде бір тілім ет бар, ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады. Ал жарамсыз болса, онда бүкіл денені бүлдіреді. Расында да, бұл – жүрек». (әл-Бухари және Мүслім). Сондықтан жүрегімізді тани білген жөн. Алланың дінін мықты ұстану үшін жүрек өте қажет, өйткені ол тек қана жүрекпен байланысты. Ал жүрек үнемі құбылыста, тұрақсыз. Жел айналдырған құстың жүніндей әрдайым өзгеріп отырады. Бір сағат бұрын басқа, бір сағаттан кейін мүлдем басқа. Бір қызығы, мезеттері бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан оны «кальб», яғни, араб тілінен аударғанда ­«жүрек» деп атайды, ал «такальлуб» – ­қазақша «өзгеріс» деген мағынаны білдіреді. Алла тағала пендесін жарат­қанда небір жақұт қасиеттер, яғни адалдық, шынайылық, ізгілік, парасаттылық тәрізді иманға толы асылдармен бөлейді. Жер-жаһанды жайната, биік шыңдарға көтере көрсететін – ­алтын қасиеттегі иман. Алайда имансыздың аяғының астындағы шөп те тітіркенетінін білесіздер ме? Негізінде, адамды хайуаннан ажырататын ізгі амалдар. Сондықтан, Алла Өзінің сұлу қасиеттерін әдемілеп, айшықтап жүрек қалтамызға салып береді. Оны ақтарып, тауып алған адамның жүзінде нұр ойнайды, ал кейбірінің жүрек тұңғиығында шіріп қала береді. Жақсылықты айтып жеткізуші Әмір – Мағруф, жамандықтан тыюшы Нахий – Мүңкәр. Дегенмен, қазақ айтқандай саудың тамағын ішіп, аурудың ісін істейтіндер бар. Бүгінде сұлулықты көзге ілмейтін, сезімін оятпайтын, ісіне баға бере алмайтын ел жүрегін жайлаған қауіпті ауыр дерт бар. Ол – енжар жүрек. Қорқыныштысы, жасақталған қас дұшпанның айласынан гөрі адамға енжарлықтың амалы өте күшті жүретіндігі. Себебі, кішігірім отбасында әйелі мен балаларының күнделікті әрекеті отағасын толғандырмаса немесе отанасы ошағының түтінін түзетпесе, онда олардың немқұрайлығы, бүтіндей парықсыздығы, жүректерінің енжарлығы. Іштен шыққан жаудан бұрын енжар үй иесінің немқұрайлығынан жанұя былығады әрі бүліне бастайды. Егер де айналамызда күнә істер, көңілге қонымсыз жәйттар болса, иманды жүрегіміз ауырып, асқа тәбетіміз болмай, еш дүниеге зауқымыз соқпай, ұйқымыз қашады. Сөйтіп, кейбіріміз сарыуайымға салынамыз. Ал егер айналамызда жақсылық әрі ол жақсылық басқаларға қуаныш әкеліп жатса, онда қуанамыз. Міне, бұл дегеніміз ­– Алла тағала үшін пенденің қуанышы. Сондықтан, қайғының дәмін, қуаныштың әнін білмейтін жүректі немқұрайлылық немесе енжарлық деп білемін. Ол адам жүрегінің кеселі. Көптеген адамдар намаз оқып, ораза тұтатын, қажылық парызын өткерген, ішімдік қолданбайтын, темекі шекпейтін адамды дұрыс жолда, яғни «жақсы адам үшін осы жеткілікті» деп ойлайды. Жо-жоқ, егер сіздер мен біздер күнә жасамаған күннің өзінде, тіпті бөтен не болмаса бірнеше мұсылманның күнә істеріне енжарлық танытсақ, түптің түбінде бәріміз мол күнәға келеріміз сөзсіз хақ. Бір күнәһар пенде Алла тағалаға: «Аллаһым, мен зұлымдық пен күнә істер жасадым, бірақ мұндайды істемейтін әрі істемеген пенделерді сүйіп, қалап өттім» деп, дүниеден өтер шағында ақталған екен. Әлбетте, ол пенде Алла тағала тарапынан кешірімге ие болады. Неге, өйткені қанша жерден зұлымдық көрген жүрек тазалықты қалады әрі оны Жаратушысына жеткізе білді. Егер жүрегіміз игілікке қуанса, ол иманымыздан. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға: «Алла тағала бір періштеге жер бетінен бір қаланы жермен-жексен етуін бұйырды. Сонда періште жаңағы жерді түп-тамырымен көтеріп алып, айналдыра бір-ақ төңкерді. «О, Аллаһым, бұл жерде бір сәт болса да тіліңді алып, күнә істемеген құлың бар еді» деген періштелердің сөзіне Алла тағала тағы бұйырады: «Міне, мен үшін бет-жүзі бірде-бір рет қызармаған бірінші сол адамнан баста, сосын баршасын жой» деген-ді Жебірейіл (ғ.с.) періште жеткізген болатын. Сондықтан, біз толыққанды мұсылман болғанымыз жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адамдар болып жатқан жамандықты көре тұра одан тыйылмаса, онда Алла тағала тарапынан жіберілетін қасірет баршаңызға тиесілі әрі баршасы жазаланатын болады» деген. Мәселен, бүгінде қазақ отбасында өз балаларының тәрбиесіне, киім киісі мен жүріс-тұрысына енжар қарайтын ата-аналар бар. Мектепке дайындық барысында оқу құралдарын сатып алып береді. Бірақ, бір қиыны, оның сыртқы мұқабасындағы суретке не болмаса жазуына қарамайды. Онымен қоса, түсінігіне көңіл бөлмей, әр тілде ұятты сөздерді жарнамалаған әрқилы дәптерлерді баласының қолына ұстата салады. Ал қазіргі қазақ мұсылман жастарының киім киісі ше? Бұл дегеніміз – шайтанның ісі. Оған қоса ата-ана баласының қандай жұлдызды кумирлар қызықтыратынын қадағаламайды. Көбінесе баласының бөлмесі спортшылар, футбол ойынының жұлдызы және тағы басқа толып жатқан портретті бейнелермен безендірілген. Ал қыз балаларының бөлмесі әрқилы мультсериалдар мен топтама кино жанрларының әртістеріне толы. Осындай жарқ-жұрқ еткен жұлдыздар баланың жүйкесіне небір әсерін беріп, білдірмей бұзады, күнә істерге итермелейді. Өз қалауындағы жалған әртіс жұлдыздарына еліктегені соншалықты, уақтылы тамақтануды доғарады, яғни дене пішімі және тағы басқа ерекшеліктерді қадағалау күйінде қыз бала әлекке салынады. Осылайша ата-ана өзінің баласының бөлмесінен бастап, келешек өміріне көңіл бөлмейді. Сондықтан, шама жеткенше мұның бәрін ауыстыру қажет. Неге және қалай? Бұл жағдайда жақсы адамдардың портреттері немесе бала жанын Отанына деген сүйіспеншілігін арттыратын Елтаңба мен тудың суретін қойса болады. Әсіресе ата-бабаларының сурет қаттамасы болғаны дұрыс. Негізінде, бөлмелерге ата-баба шежіресінен жеті атасына дейінгі әке-шешелерінің суреттері тұрса, өте жақсы. Балаға олар туралы жиі әңгімелеп, тіпті бейіттеріне алып барып отырған дұрысырақ. Ал бүгінде оның орнында әкелер отбасы дастарханында футбол командасы, саясат, әртүрлі президенттер мен олардың қалта қаржыларын әңгімелеп отырғанын көреміз. Қазірде арақ-шарап, мөлдіреген сыра, денсаулық шартына жәрдем беретін /ұятты/ заттар мен тағы басқа жөн-жосықсыз баланың санасын улайтын дүниелерді жарнамалау үйреншікті болды. Ата-бабаларымыз теледидарды «шайтан жәшік» деп тегіннен айтпаса керек. Балаларымыз радио, құлаққап, плейер арқылы харамды тыңдауда. Онымен қоса, ұялы телефондарында әртүрлі бейнедегі суреттер, орнатулар, анимация, валентинка, бұзық әуендер және тағы басқа мұсылманға тыйым етілген дүниелермен жүректерін қоршауда. Бұл үлкен күнә, енжарлық дегеніміз осы. Егер де, әсіресе мұсылман адамдар Алланың тыйымына көніп, ақылға келмесе, онда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз сақтан­дырғандай, түбінде жер сілкі­нісі, табиғи катаклизм, адамдар­дың бет-жүзінің қисаюы, нақтыланған не нақтыланбаған әр түрлі аурулар күтетін болады. Ол бүгінде белгісін беруде. Сондықтан, егер де жер бетіндегі әр адам үшін аналарымыздай қайғыратын болсақ, онда өміріміздің соңында Алла тағаланың мейірімімен жәннаттың рахатына бөленетініміз хақ. Жаратқан Алланың мейірімі әрқашан бізбен болсын, жүректе­рімізді енжарлық жайламасын деймін!.. Нұрлан АСАНОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы