Болат Қорғанбек: «ИМАН АЙНАСЫ» МА, ИМАНСЫЗДЫҚ АЙНАСЫ МА?

4
4499

 

«Айна қойдым алдыма, көрейін деп өзімді…»

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Қазақ қисық айна тұрмақ, ырымға жаман деп сынық айнаға да қаратпайды. Айнаның сау болғаны, қатесіз көрсеткені кімге болса да керек. «…Адам аласы ішінде» дегендей ішкі дүниеміздің де кем кетігін түзеп, күзеп отыратын иман айнасы керек екені түсінікті. Егер шын мәнісінде сондай бір құрал болатын болса, онда ол иманның не нәрсе екенін білмегеннен бір-бірін қырып-жойып, жауласып жердің жүзін қызыл қанға бөктіріп жатқан адам баласына ауадай қажетті, өте бағалы зат болар еді… Бәлкім, сондай құнды дүние жасаймыз деген жоспары, ниеті болған шығар, «Қазақстан» телеарнасы бір бағдарламасын «Иман айнасы» деп атапты. Әрине, бағдарламаның атына заты сай болғаны жақсы ғой, алайда, иман тақырыбын артық қыламын деп тыртық қылғанына не дерсің.

2012 жылдың 23-ақпаны күні Ұлттық арнаның эфирінен «Иман айнасы» бағдарламасы «Теріс пиғылды жат ағымдар» деген тақырыппен шықты. Хабарды жүргізген – Ж.Омархан, қатысушылар: ҚР Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов пен «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Бақадыр. Соңғысы өзін дінтанушы етіп көрсетті. Жалпы, кейінгі кездері ғылыми пайымнан гөрі, өз көзқарасы мен жеке пікірін тықпыштауға әуес дінтанушылар төңірегінде айқай-құйқай әңгіме көп екені белгілі. Ал мына, Абдулланың «дінтанушылығы» өз алдына бір ертегі…

 

Бақадыр қайдан шыққан «баһадүр»?

Жалпы хабарды көрген адам байқаған болар, онда Бақадыр көп жәйттің басын бір шалып, ұзақтау сөйледі. Мысалы былай: (сөзбе-сөз): «Мысалы, мен кеше Алматыда семинарда болған кезде басқа мынау теріс пиғылдағылар бұл саяси екендерінің, өздерінің ұйымдарының саяси екендерінің бетпердесін ашып қойды. Анау жаңағы қоғамдық қоғамдық ұйымдардың бастары жаңағы санын, өлшемін көрсетіп қойды ғой, шектеу қойды. Себебі сол шектеуге жетпегендер бірігеміз деп жатыр. Мына партиялар бірігіп жатыр ғой, сол сияқты». Не түсіндіңіз? Осыған ұқсас пікірлерді лекіткен Бақадыр жай сөйлеп отырмаған екен. «Теңіздің дәмін тамшысынан біл» дегендей біз бір бөлігін ғана айтып отырмыз. Бірақ, сөзі осылай «жазықсыз» шимай-шатпай болса ештеңе емес қой, Әбекең сапырып отырып, бірнеше улы мәселені білдіртпей қосып жіберді, оны байқаған жүргізуші-журналист жоқ, не депутат болмады… Жалпы, осы хабардан кейін қоғамымызда дәурені жүріп тұрған «дінтанушы» Абдулла Бақадырлардың «терең» ілімдерін «тәпсірлеп», түсіндіріп беретін «абдуллатанушылар» қажет-ау деген ойға келесің.

Біз бұл мақаламызды бірден «дінтанушы» тұлғасынан бастап, ерекше тоқталып отырғанымыздың себебі бар. Осындай шала «дінтанушылардың» кесірінен қоғам шынды ажырата алмай дал болып отырған жоқ па?! «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері.

Құрметті оқырман, біз Бақадырды көре алмаушылықтан, немесе қызғанып, қандайда бір бақай есеппен, хабарды пайдаланып күйе жағайық деп отырғанымыз жоқ. Абдуллада жеке басымыздың алты аласы, бес бересі жоқ. Тек, кей көрермен расында да танымай, байқамай қалған болар… Әйтпесе, бұл Абдулланың бұған дейін де қылған «ерліктері» жетерлік.

Абдулла Бақадырдың ең бірінші «көзсіз ерлігі» – ол кез-келген алқалы басқосуларда Қожа Ахмет Ясауиге (р.ғ.) бабамыздың рухани мұраларын «қияли дүние» деп жар салып, өзінен өзі қазақтың дәстүріне жауығып жүргендігі. Пайғамбарымыз с.ғ.с.-ның хадистерін, тіпті Құранның аяттарын «жоққа шығарушы» ретінде де танылған. Сондай сұмдығы үшін баспасөзде сынға да ұшыраған. 2006 жылдың 24 ақпанында Республикалық «Евразия-кz» газетінде «Салт-дәстүрге шабуыл үдеп барады…» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мақала авторы Шымкент қаласында «Дін және дәстүр» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстел туралы жазады. Онда қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тәрк етіп, жоққа шығарушылардың алдыңғы шебінде болған бас «қаһарман» сол кездегі ОҚО бас имамының баспасөз хатшысы, «дін бір бөлек те, дәстүр бір бөлек» деп бетбақтырмаған Абдулла Бақадыр туралы айтылады. Сол заманда да А.Бақадыр «батыр», «баһадүр» қыза-қыза келіп, «туғанда ешкім мұсылман болып туылмайды» деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне де қарсы сөз айтқандығы жазылған еді.

А.Бақадыр жай жатпайды, кездесулерге жиі барады. Сондай басқосулардың бірі бертінде Шымкенттегі Академиялық инновациялық университетте өтті. Әбекең студенттермен кездесу кезінде «Сендер Ясауидің қияли дүниелеріне сеніп қалып жүрмеңдер» деп, студенттерді «сақтандырғанын» өз көзіммен көріп, сандырағын өз құлағыммен естідім. Сол жерде сандырағына орай сұрақтар қойғанымда, А.Бақадыр тікелей жауаптан қашып, бұған мүлде қатысы жоқ, түсініксіз бірдемелерді айтып, лағып кетті, ұстай алмай қалдық. Мен «жауапқа» қанағаттанбағанымды айттым. Ол «Сізге соңынан, оңашада түсіндірермін» деп өзінше қулыққа көшіп, түлкі бұлаңға салып кетті. Және де «Сіз діни білімді қайдан алдыңыз?» деген сұрақ студенттер тарапынан үш қайтара қойылса да «дінтанушы» А.Бақадыр саңырау адамша сазарып, жауап бермей отырып алды… «Ұрының арты қуыс» па?

 

Абдулла қалай Әбекең болды?

ХХІ ғасыр – құдіретті ғасыр. Көз алдыңда бәрін өзгертеді. Өзгерістерге адамдар да көндіккендей, талдап, талғап жатпайды, «е, жөн, айта берсін» дейді де отыра береді. Студенттер сұрақ қойып, Бақадыр дінтанушылық ілімді қайдан үйренгенін біле алмағасын, өзімізше бірнеше болжам жасап көрдік.

Жалпы, А.Бақадыр Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келген аяттарды қағазға түсіріп жүріп, шайтанның азғыруымен «нағыз пайғамбар менмін» деп діннен шыққан бейбақтай қылық көрсетіп кетеді. Ол біраз уақыт облыстың бас имамының баспасөз хатшысы болып, имамның сөйлейтін сөздерін, баяндамаларын даярлап беріп жүргендіктен өзін «нағыз дінтанушы менмін» деп есептеген болуы керек. Бұл бір болжам. Екіншіден, «мешіттің, діннің төңірегінде жүрмін ғой, мен дінтанушы болмағанда кім болады, басқалар менен артық біледі дейсің бе деген «пәк» ойдан тууы да мүмкін. Журналистер одағының мүшесі ретінде де «дін» тақырыбында оны-мұны, шатты-бұтты жазып жүргендіктен өзінің қалай «дінтанушы» болып кеткендігін «аңғармай» қалды ма екен деп те ойлаймыз. Біреудің тонын киіп алғасын шешу қиын ғой. Я болмаса, ҰҚК тарапынан экстремистік пиғылдары әшкере болып, жұмысын тоқтатқанға дейін «Дінтанушы» дипломын оңды-солды таратқан «діни» оқу орнының үкілеп ұшырған түлегі ме екен? Әйтеуір, құмалақты қалай лақтырсақ та Бақадырекеңнің дінтанушылық тұлғасында бір шикіліктің бары көріне берді. Тіпті қойны-қоншында қос-қостан «дінтанушы» дипломы жүрсе де А.Бақадырдың «дінтанушылығынан» елді Құдай сақтасын!

Тікелей қойған сұрағына жауап бермей, жалтарып, лағып кететін «дінтанушыны» қажет еткен адамдар болса, іздеп әуре болмай-ақ, бірден Абдулла Бақадырға хабарлассын. Іздегенмен Әбекеңнен артығын таппай, босқа сандалады. Ал «Қазақстан» телеарнасындағыларға тура сондай «дінтанушы» қажет болғандығы және «тілегені алдынан іздемей-ақ табылғандығы» «Иман айнасы» бағдарламасынан көрініп тұр. «Апама жездем сай», бағдарлама үстінде А.Бақадырға тележүргізушісі Жанжігіт Омархан: «Ал енді, аға, мына көшеде қазір көптеген діни ағымдардың мүшелері жүреді. Бірақ десе де, мына хизб-ут тахрир, уаххабшылар қатарына шақырды деген адамдарды кезіктіре қоймайсың. Басқа християндық ағымдар өзіңді де тоқтатып алып, «Құдайға сенесің бе?», – деп сұрап жатады. Бұл не себептен?» және «Жаңа заңға алып-қосарыңыз бар ма?» деген сұрақтар қойды. Бұл сұрақтардың сиқы мен сықпыты өз алдына бөлек әңгіме. Біз бүгін осы мақаламызда «дінтанушы» А.Бақадырдың «ілімін» игеріп алсақ та жетер…

Сонымен сұрақтар қойылды, ал Әбекең сол баяғы әдетінше сұрақтарды жайына қалдырып, айдалаға тағы қашып кетті. Қай ағымның қай жақтан келгендігі туралы жұрттың бәріне белгілі, айта-айта арқасы жауыр болған ескі жырларды «жырлап» отырып алды.

 

«Суырыпсалма әртіс»

Әбекеңнің «терең» ілімді дінтанушы ғана емес, суырыпсалма әртіс екенін біреу білсе, біреу білмес. Біз соны білетіндерденбіз. Қарапайым оқырман байқамаған болар, біз Әбекең «ілімін» енді осы қырынан «тәпсірлеп» көрейік.

Ол кісі табан астында кез-келген көзқарастағы адамдардың кейпіне еніп кете береді. Сол хабарда Әбекең бір-біріне қарама-қайшы, бітіспес пікірлерді сырт айналмай жатып, бірінен соң бірін ағытты-ай келіп. «Бұл дін деген Құдайдан түскен, бұл бүкіл адамзатқа түскен, ұлтты бөлмейді. Сондықтан біз партияға да, ештеңеге бөлінбеуіміз керек» деген тұста Әбекеңді өзге діннің бәрін тәрк етіп, тек қана исламға шақырған дағуатшының кейпінде көресің. Бұл радикалды топтар айтатын уағыздың түрі. Оны Әбекеңнің қайдан естіп алғанын, әрине өз іші біледі. Өйткені бұл – сан алуан діни конфессиялар қатар өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамымыздың ахуалымен үйлеспейтін әңгіме. Ал «Негізгі мақсатымыз елдің бірлігі ме, халықтың, ұлттардың арасындағы татулық па, діндердің арасындағы бір-біріне деген төзімділік, бір-біріне деген сыйластық па, негізі, бізде мүдде осы болуы керек, осы мүддеге жұмыс жасауымыз керек» деген тұста Әбекең ішіндегі манадан кезегін күтіп жатқан бір пікір тасадан атып шығады да, алдыңғысын бас салып талап, көз алдымызда «дінтанушы» тұлғасын мүлде қоюлатып, күрделендіріп жібереді. Діннің бәріне тең құқық беретін, зайырлы қоғам жақтаушысының кейпіне осылай енеді. Ол осы бағытта табан астында мың құбылып, тағы біраз рөлдерді «шебер» ойнап шығады. Ал енді Мүбәрәк Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), Алла тағаланың сөзін теріске шығарған тұста А.Бақадырдың кімнің кейпіне енгенін әркімнің іші білер…

Білместікпен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарсы келіп, жазықты болған иманды кісі болса, тәубеге келіп, бүкіл исі мұсылманнан кешірім сұрар еді. Бәлкім, екінші қайыра дін мәселесін ашық-шашық талқылауға жоламаған болар еді. Ал Абдулла Бақадыр болса, Құдайдан да, Пайғамбардан да, халықтан да ұялмастан бұрын жасап жүрген Әбу Лақабтың әрекетін «Иман айнасында» тағы да жалғастырды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әрбір адам дүниеге мұсылман болып туылады» деген мүбәрәк сөзін теріс тәпсірлеп, «ешкім мұсылман болып туылмайды, ол қате аудару» деп соқты. Осы пікірі үшін 2006 жылы сынға ұшырап, мақалаға «кейіпкер» болғанын жоғарыда айтып өттік. Бұл жолы тағы да Пайғамбарымыз айтқан шындықты жоққа шығарып, қасарысты. Ал хз. Әбии Һурайратадан (р.т.ғ.) жеткен Пайғамбар хадисінде (араб тілінен алынған транскрипциясы): «Маа ман маулуудин, илаа иуладу ‘алаа фитратил ислаам. Фаабуааһу иуһаууадааниһи ау иунассарааниһи ау иумаджжасааниһи» делінген. Қазақшаласақ: «Ешбір адам басқаша туылмайды, тек қана негізгі иманмен туылады. Содан кейін әке-шешесі яһуди қылады немесе насрани (христиан), немесе мәжуси (отқа табынушы) қылады» делінген. Бұл – хадистің мағыналық аудармасы. Егер, хадистегі «дінтанушы» А.Бақадыр тарапынан «дау» туғызып отырған тіркесті сөзбе-сөз аударсақ, «Әрбір адам дүниеге негізгі, табиғи исламмен туылады» болып шығады. Ал енді «табиғи исламмен» туылған адам мұсылман болмағанда кім болады? Сондықтан да мұндағы тіркестің мағынасы түсініктірек болуы үшін оның «мұсылман болып туылады» немесе «негізгі иманмен туылады» деп аударылғаны әбден дұрыс.

Енді заманымыздың «заңғар» «дінтанушысы» А.Бақадырдың «тәпсіріне» қараңыз: «Адам дүниеге Алланы мойындауға бейім болып туылады, фитрат – таза күйінде келеді, табиғи таза. Кейін ата-анасы тәрбиелеу арқылы христиан болады, насара болады, әйтпесе мұсылман болады» дейді. Әбекеңнің «тәпсіріндегі» асты сызылған сөздер мен сөз тіркестері Пайғамбар с.ғ.с. хадисінде мүлде жоқ! Мәселен, «мойындау» (арабшасы – и‘ғтираафун), «таза» (арабшасы – назыийфун, билаа ‘айбин), т.б. Хадистің жоғарыда берілген транскрипциясына қарап, әріп танитын кез келген адам мұндай сөздердің хадисте жоқ екендігіне көз жеткізе алады. Олай болса А.Бақадыр бұл сөздерді қайдан алып отыр?! Кім үйретті?

Араб тіліндегі «Фитрат» сөзі «негізгі, табиғи» деген мағынаны береді. Ал Әбекең мұны «таза» деп «тәпсірлепті». «Яһуди қылады» деген сөзді «христиан болады» деп «аударған». «Христиан болады, насара болады» деп отырған «дінтанушы» бұл сөздердің бір сөз, бір мағына екендігін біліп те отырған жоқ. Ең сорақысы «мәжуси (отқа табынушы) қылады» деген сөзді «мұсылман болады» деп «тәпсірлеп» сауатсыздықтың көкесін көрсетті!

Әрбір мұсылман адамға, ер болсын, әйел болсын, ғылым іздеу – фарыз. Ал енді өзін «фитрат» болып туылып, кейін «дінтанушыға» айналып кеткен адамға бұл – фарыздың фарызы. «Дінтанушы» А.Бақадырдың осыдан 6 жыл бұрын хадисте айтылған шындықты жоққа шығарғаны үшін баспасөз бетінде сынға ұшырағанын біз жоғарыда айттық. Мұндай жағдайда дінтанушыны айтпағанда, өзін қатардағы мұсылманмын деп есептейтін әрбір адам ізденіп, бұл хадистің ақиқатына көз жеткізуге міндетті болатын. Алты жыл өтті, әлі сол Абдулла, әлі сол сауатсыз тәпсір. Тіпті кешегі дінге тыйым салған атеистік қоғамның тұсында-ақ аталарымыз діннің әліппесін үйретерде: «Қашаннан бері мұсылмансың?», – деген сұраққа «Әлмисақтан бері мұсылманмын» деп жауап бергізетін. Бұл Құраннан, нақтырақ айтқанда, «Ағрааф» сүресінен алынған ақиқат. Сонда Адам (ғ.с.) Атаға жан кіргізілетін әлмисақ кезінде мұсылман болсақ, туылған кезде неге мұсылман болмайды екенбіз? Бірақ бұл шындықты А.Бақадыр мойындай алмайды. Ол Құдайдың, Пайғамбардың, әулие аталарымыздың ақиқатын «жоққа» шығарып, өзінің сандырағын шындық деп қасарысып, өзін қасарысушылардың қатарына қосып отыр. Мұндай «қасиетті» уаххабит, салафиттерден көреміз.

Ол өзінің уланғанымен қоймай, мыңдаған көрерменді адастырып жібергенін қайтесің. «Жалған тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» деп Шәкәрім қажы айтқан сөздің мысалы осы.

Осындай «дінтанушыға» «адасқандарға тура жолды көрсет» деп мемлекеттің қыруар қаржысын беріп отырсақ, облыстық «Шымкент-Қазақстан» телеарнасынан арнайы діни хабар (А. Бақадыр «Нұр-Мұра» деген діни-танымдық бағдарлама жүргізушісі, әрі авторы) жүргіздіріп қойсақ, ол аз болса, «иманның қандай болатындығын көрсет қазағыңа, халқыңа» деп «Иман айнасына» шығарып, «ақыл» айтқызсақ, қазақ адаспағанда кім адасады?..

Абдулла Бақадыр – бүгінде «Нұр-Мұра» деп аталатын бірлестіктің төрағасы. Дүдәмал «дінтанушының» дүдәмал бірлестігі туралы сөз аз емес. Адасқан діни ағымдардан зардап шеккен жандарға рухани қолдау көрсетемін деп, жылма-жыл мемлекеттің миллиондаған қаржысын алып отырғандығы, телеарнадан діни бағдарлама жүргізуі көңіл бұлтын қоюландыра түседі. Айта берсең, А.Бақадырдың «баһадүрлігі» туралы баян таңды таңға ұрса да таусылмайды. Келесі сөзді Бақадырдың шабытын шалықтатқан, тамырын басып, ойындағысын бейнематериалдар арқылы дәл бере білген жорналшыларға арнайық.

 

Ол кім? Бұл не?

Міне, осындай «дінтанушыны», қасиетті Құрандағы Құдайдың Сөзін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін шімірікпестен «терістейтін» «батырды», исі түркінің Пірі, Әзірет Сұлтан атанған Қожа Ахмет Ясауи р.ғ. бабамызға, оның рухани мұрасына тұмсығын шүйіріп, шекесінен қарайтын адамды «Қазақстан» ұлттық арнасының төріне шығарып, төрелік айтқызып отырғандардың көздегені не?

Жария зікір – бірнеше аят, хадистермен бекіген, Ясауи р.ғ.-дің көптеген хикметтерінде және басқа да әулие аталарымыздың сыр сөздерінде жан-жақты сипатталған, Құдайға жаққан ғибадат түрі. Бұл тақырыпта ғылыми еңбектерді айтпағанда, БАҚ беттерінде сарапталған бірнеше ғылыми мақалалар жарық көрді. Ал мұны «терістеу», «жоққа» шығару аят, хадисті мойындамайтын көзсіз «батырдың», «баһадүрдің» ғана қолынан «келеді».

«Иман айнасы» бағдарламасының сол күнгі хабары «Теріс пиғылды діни ағымдар» деп аталуы да, бағдарламаның тұздығы ретінде ұсынылған бейнематериалдар да зікірші-сопыларды қаралап, қоғамға қорқынышты «құбыжық» етіп көрсетуге бағытталғандығы көрінді. Шынымен-ақ «теріс пиғылды діни ағымдар» туралы айтқысы келген болса, олардың ауызына әуелі салафиттік-уаххабиттік топтар ілігер еді. Өйткені ұлт болашағына нақты қауіп-қатер төндіріп тұрған солар. Олардың дәстүрлі дініміз бен салт-дәстүрімізді тәрк етіп таптап, молаларға дейін қиратып жатқан бүліктерін айтпағанның өзінде, өткен бір жылдың ішінде 50-ге жуық адамның өмірін жалмаған қанқұйлы әрекеттерін неге ұмытамыз? «Иман айнасы» неге соны айтпайды? Мұнымен қалай күресеміз, бұған қарсы тұрар ілім бар ма деген маңызды сұрақты неге айналып өтеді? Журналист сауатсыз ба, әлде, арнайы жасалған қастандық па?

Тек салафит-уаххабиттерді сипай қамшылап, елімізге төніп тұрған басты қауіп зікірші-сопылардан деген ойды көрермен көпшіліктің санасына зорлап тықпалады. Мысалы, уаххабизм ағымынан зардап шеккен келіншекті сөйлетіп, артынша «міне осылар» дегендей, Алланы еске алып, жария зікір салып жатқан жамағат туралы бейнекөріністі берді. Неге? Уаххабтарды «ваххабиттер «иттер» дегені үшін айыпталып отырған дәстүршіл адамдарды керісінше, өздерін «уаххаби» етіп көрсету арнайы ойластырылған болуы әбден мүмкін.

Бағдарламада басқа да адасқан ағымдар туралы айтылған сыңай танытылғанмен дәл сол тұста жария зікір ғибадаты туралы бейнекөріністер көрсетіліп тұрады. Осындай «қулық» бірнеше рет қайталанды. Осыдан-ақ олардың көрерменге елдегі барлық бәлекеттің артында осы зікірші-сопылар тұр деп бәлені жапқысы келгіндігі анық көрінді.

 

«Асауға тұсау»

немесе депутатқа салынған «құрық» туралы бірер сөз

Өткен шақырылымда ең өзекті мәселені парламент қабырғасынан көтеріп, көзге түскен Асхат Бекенов, биылғы сайлауда да мәжілісмендер тізіміне енді. Асхат Бекенов Қазақстандағы уаххабилік қауіп туралы ең алғаш ашып көрсеткен, депутаттық сауал тастаған жалғыз, тұңғыш депутат. Ол бұл тақырыпты мемлекеттік деңгейде талқылау керектігімізді айтты. Алайда, «қалыпты ислам», «радикалды ислам» деген сияқты қитұрқы қағидалар қоғамдағы бекеновтердің ойын мың санға шашыратып жібергенін білеміз.

А.Бекенов – шын мәнінде өте күрескер депутат. Ол салафизм, уаххабизм қаупін анық сезінген, біліп қана қоймай елді сақтандырып жүр. Ендеше бағдарлама жүргізушісі Ж.Омархан неге депутатқа нақты өзі көтеріп жүрген мәселе турасында сұрақ қоймады? Уаххабилерге қарсы жұмыс жасаған Исматулла ақсақалды, уаххабилерден сақтандыруға жұмыстанып жүрген депуттаттың аузымен «сексеуілді сексеуілмен» ұрғандай етіп, өзінше «соққы» беру әріден ойластырылған жымысқы «жүріс» пе?

Сопыларды қаралауға арналған «бағдарламаның» салмағын арттырып, зікіршілерге депутаттарды да қарсы етіп көрсету де мақсаттарының бір парасы болуы мүмкін. Әйтпесе, осыдан екі-үш ай бұрын «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында сопылар туралы А.Бекенов: «тек баспасөз беттерінен ғана оқып, танығаным болмаса, өз басым бұл ағымды зерттеп, зерделеп көрмеген екенмін» деп жауап берген болатын. Оның «Иман айнасында» сопыларға, «Сенім.Білім.Өмір» бірлестігіне қатысты тартынып сөйлеуі мәселені нақты білмеуінен екенін көруге болады. Сонда да ол қауіпті уаххабизмнен көретінін айтты. Бірақ «Иман айнасы» А.Бекеновты зікірші-сопылардан қауіптенуші және соларды қаралаушы етіп көрсетуге тырысып бақты. Хабарды дайындаушылар «А.Бекенов айтып айтып жүрген қауіп, міне, осы» деген ой тастап, жұртты шатастыру, уахабилердің айыбын жеңілдетіп, кінәні зікірші-сопыларға арту әрекеті демеске шараң жоқ. Бұл «екі оқпен бір қоянды ату» немесе «асауға жасалған тұсау» деп ойлаймыз.

Хабарда сұрақ қойған балалар алдын ала дайындалғанын, неліктен сұрақ қоюшылар мен бейнематериалдар тек Маңғыстау облысынан ғана даярланғанын айтып, оқырманның алтын уақытын алмалық. Жалпы бағдарламаны жасаушылар сопылар туралы теріс пікір қалыптастырғысы келген. Және мұның «сопылар ісіне» қатысты өтіп жатқан сот процесіне әсері бар. Қоғамның және сот ісін сырттай бақылап отырғандардың пікірін өзгерту, бұрламалу деп білеміз. «Олар» осылайша ауданаралық соттың шығарған солақай шешімін Алматы қалалық сотында бекіттіруге ықпал етпек. Бұл Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы әрекет. Бірақ, Құдай атын жамылып, экраннан мыңдаған көрерменнің алдында жала жапқандар заңды сыйлар ма?

P.S. Хабарда «дінтанушы» А.Бақадыр «Құдайға шүкір, мақсум Сматулла 14 жылға сотталды» деп масаттанды. Шерхан Мұртаза бастаған азаматтар «дәстүрлі дініміздің білгірін соттамайық» деп араша түсіп жатқанда «шүкір» деп табалағанның сөзін «Ұлттық арна неге берді, әлде арандап қалды ма?» деп ойлайсың. Осыдан кейін «Иман айнасын» имансыздық айнасы демеске лаж бар ма?..

Болат ҚОРҒАНБЕК,

Дін жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы,

 филология ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы.

4 ПІКІРЛЕР

  1. шырылдап жанын кинап жургендер шын сопынын тырнагынын астындагы кирге турмайтын топастар сендер алдымен журектеринди тазалап алындар жазыксыз журтты жамандай бергенше

  2. «Жас қазақ үні» газеті Оңтүстік Қазақстан өңіріне көбірек тарайтын еді ғой. Мына бір жер астынан шыққан, екі құлағы тік шыққан жебір Бақадыр дегенді танитындар бар ма? Болса, оның «Нұр-мұра» бірлестігінің қанша ақша жегенін айтып, сабасына түсіріп қойыңыздаршы. Не сұмдық? Жауына да әділ келетін қазақта жоқ әлпет қой, мынау. Шын сарт болып кетпесе, «Құдайға шүкір, Исматулла мақсұм қамалды» дегенді қай бетімен айтып отыр! Әкең Бақадырдың (өзі қазақ па, бұл неме) құны кетіп пе еді сопыларда?

  3. Журналист атты мамандықтың мүлде тығырыққа тірелген кезінде өмір сүріп отырмыз. «Иман айнасы» сияқты хабарлардан кейін «Қазақстан» арнасының рейтінгі неге төмен деген сұрақтың өзі орынсыз болады. Қара пиардың өзін жөндеп жасай алмайтын бишараларға басқа не айтасың? Орыстар айтатыны:»Его Величество факт!» Журналистің басты сүйенетіні – бет қаратпайтын фактілер. Сол фактілер арқылы жамандайсың ба, мақтайсың ба өзің біл. Ал фактің болмаса, қаншалықты зікір салып отырған адамадардың (онда тұрған не бар? Конституцияда ұждан бостандығына кепілдік берілген!) кадрлармен ойнатсаң да, Шымкенттен госзаказ аясында тендор алып, жанын бағып жүрген алаяқты алдырсаң да, депутатты монтаждап берсең де бәрібір. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген осы. Баяғы ертегідегі жалақтың «Бәлді, бәлду, бәрі өтірік»- деп ернін жалап алғанынан басқа ешнәрсе емес! Осындай шалажансар қара пиардың өзі-ақ, сопыларға тағар ешбір миға қонымды айыптың жоқтығын дәлелдейді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз