СОПЫЛАРДАН ЭКСТРЕМИСТ ЖАСАУ КІМГЕ КЕРЕК БОЛДЫ?

ТЕРГЕУ ОРГАНЫНЫҢ «ФАНТАЗИЯСЫ»

Естеріңізде болса, өткен аптада «Сопылар діни алауыздық тудырған ба?» атты мақала жарық көрген болатын. Онда тергеу органдары мен соттың Қылмыстық кодекстің 164-бабын бұрмалағаны және басқа да заңсыздықтары жөнінде таратылып жазылды. Қантөгіс пен лаңкестіктен басқа ештеңе әкелмеген ваххабиттердің намысын қорғаған тергеу органы сопылардан «қанішер» экстремист жасау үшін барын салғандай. Бұл жағынан да олардың «фантазиясы» бай болып шықты. Жедел тергеу тобы Алматыдағы Шаңырақ-1 шағынауданындағы бір үйден Исматулла Әбді­ғаппарға «тиесілі» оқ-дәрі тауып алыпты. Осылайша, сопылар Қылмыстық кодекстің 251-бабы, қару жарақ, оқ дәрі, жарылғыш заттарды заңсыз сақтау туралы айыппен де істі болды.

«Жедел» жұмыс

Исматулла Әбдіғаппармен байланысты оқ-дәріні сатып алу және сақтау оқиғасы бойынша жедел іздестіру қызметінің нәтижелері заңсыз «заңдастырылған». Қаржы полициясы 2010 жылғы 27-желтоқсандағы қаулымен жедел-іздестіру қызметінің материалдарын тергеу тобына береді. Оның ішінде сыртқы бақылаудың ақпарлары және фототүсірілімдер бар. Бірақ ұсынылған материалдың ішінде жедел іздестіру шарасын өткізу туралы құзырлы лауазымды тұлғаның шешімі жоқ. Сондықтан жедел бақылау шарасы Қазақстан Республикасының «Жедел іздестіру қызметі туралы» Заңының (15.09.1994 ж. №154-ХIII) 10-бабында қарастырылған негіздемеге сүйенбей жасалды деген қорытындыға келуге болады. Солай бола тұра, келесі 28-желтоқсан күні тергеуші Мұрат Қабыл жедел іздестіру қызметінің материалдарын айғақ ретінде танып, іске қосып тіркейді және сол жөнінде қаулы шығарады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 130-бабының 1, 4 бөлігінде көрсетілгендей, жедел іздестіру қызметінің нәтижелеріне Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес баға берілуі тиіс, әрі оларды айғақ ретінде қолдану осы Кодекстің 121 және 123-баптарында көзделген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Аталған баптар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 223-бабының 1, 2 бөлігінің талаптарын сақтай отырып, құжаттарға қарау (хаттама толтыру арқылы) жүргізуге міндеттейді және содан кейін ғана олар заттай айғақ ретінде танылады. Бұл заң талаптары орындалмаған, яғни жедел-іздестіру материалдарына тиісті қарау арқылы тексеру жүргізілмеген. Қаралғаны туралы хаттама істе жоқ, дәлірек айтқанда, мүлде жасалмаған.

Құпия қорғалмады

Бұдан басқа, ҚР ҚІЖК 53-бабының, 15.03.1999 жылғы ҚР «Мемлекеттік құпия туралы» заңының және басқа да заңға қосымша актілердің талаптарын бұза отырып, жедел бөлімше мен тергеу органы мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау шарасын жасамаған. Атап айтқанда, ЖІҚ материалдары құпиясыздандырылмастан қылмыстық іске қосып тіркелген. 15.03.1999 жылғы ҚР «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңының 23 бабының нормаларына, ҚР Үкіметінің 15.05.01 жылғы №638 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпияларын қорғау жөнінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия туралы» Үлгі Ереженің нормаларына сәйкес, мемлекеттік органдарда құзырлы коллегиялық орган (ТЖК – тұрақты жұмыс істейтін комиссия) жұмыс жасайды. Іске тіркеместен бұрын ЖІҚ материалы аталған комиссиямен құпиясыздандырылып алуы тиіс еді.

Тінтушілердің тірлігі ақылға сыйымсыз

Жедел іздестіру қызметі материалдарында бақылау нысаны – Исматулла Әбдіғаппардың фотосуреті Төле би мен Маречка көшесінің қиылысында түсірілген деген түсініктеме жазылған. Бұл жазбаға қарап, жедел қызметкерлер Алматы қаласы бойынша бағытты бағдарлай білмейді деуге болады. Өйткені, бұл көшелер бір-бірімен қиылыспайды, параллель орналасқан. Егер жедел қызметкерлер қаланың орталығынан шатасып жатса, онда Исматулла Әбдіғаппар қаланың бір шеткі түкпіріндегі үйде болған деген ақпаратқа қалай сенуге болады? Айта кетейік, жедел бақылау өткен жылдың 17-21 тамызы аралығында жүргізілген. Осы бақылауға сенер болсақ, жедел қызметкерлер сол уақытта Исматулла Әбдіғаппардың Шаңырақ шағынауданындағы үйге (Шаңырақ шағынауданы, Оқжетпес көшесі, №25 «А» үй) күдікті сөмкені алып кіргені туралы шұғыл ақпарат алады. Ендеше неге бұл ақпаратты жедел қызметтің өкілдері ай (24 күн) бойы іште сақтап жүрген? Бір таңқаларлығы, 2010 жылдың 21-тамызында, яғни бір тәуліктің ішінде құқық қорғау органдары «Сенім. Білім. Өмір» бірлестігінің аймақтардағы барлық филиалына тінту жүргізген. Олардың білек сыбанып кіріскені соншалық, бірлестікке қатысы жоқ үйлерді де тексеріп үлгереді. Бірақ бұл тінтулер алдын-ала еш ескертілмей, опыр-топыр жүргізілген. Ал күдікті сөмке туралы шұғыл ақпаратты біле тұра, оның анық-қанығына жетуге тырыспағаны қалай? Арнайы күдікті мәлімет болмаса да бір күннің ішінде бүкіл республиканы тінтіп шықты емес пе? Бұл – ақылға сыйымсыз. Біздіңше, «қастық ойлағандар» (жедел қызметкерлермен байланысы болуы да мүмкін) 24 күн бойы Исматулла Әбдіғаппардың жағдайын одан сайын мүшкіл етуді әрі-бері ойластырып, оқ-дәріні қасақана тастап жіберуді ұйғарған. Яғни жедел іздестіру қызметінің күмәнді мәліметтерін пайдалана отырып, іске байланыстырғысы келген. Сөйтіп, 24 күннен кейін – 13-қыркүйекте жедел-тергеу тобы Нарымбай Сыздықбаевтың тұрған үйі-мыс деген желеумен Шаңырақ-1 шағынауданы Оқжетпес көшесіндегі №25 «А» үйге тінту жүргізеді. Ал, шын мәнінде, Н.Сыздықбаев бұл үйде ешқашан тұрмаған.

Моншаның машақаты

Ал енді оқ-дәрілердің қалай табылғанына тоқталайық. Адвокат Нарынғали Жұмабаевтың айтуынша, тергеу тобы үйді тінтіп жүрген сияқты көрініс жасайды. – Түсіріп жүрген операторға тергеуші шатырға шығып түсіруге нұсқау береді. Сол кезде шатырда көптеген сөмке жатты және шеткі жағында алашұбар үлкен қытай сөмкелері де болған еді. Бірақ оператор шатырдағы қолы жететін сөмкелерді камераға түсіріп, ар жағында жатқан қытай сөмкелеріне тиіспейді. Ол неге қытай сөмкесін түсірмеді? Себебі, жарылғыш заттар үйдің шатырына қойылмағанын біледі. Білмеген болса, ол сөмкелерді де түсірер еді. Олар үшін бәрі күдікті болып көрінуі керек қой. Содан ол төменге түседі де, бәрі бірден моншаға қарай бағыт алады. Бұл жолы оператор моншаның төбесін түсірмейді. Жедел қызмет өкілі саты арқылы моншаның төбесіне шығады да ондағы қапты жерге түсіреді, – дейді Нарынғали Жұмабаев. Осылайша, бірден тексеруді моншаның шатырынан бастап, сол жерден оқ-дәрі табылған-мыс және тәркіленген. Бұған қоса, тінту моншаның шатыр бөлігін тексерумен шектелген. Ал неге моншаның басқа бөлмелері тінтілмеген? Шынында да, тінту жүргізген азаматтар қайдан және нені табатынын алдын-ала білген. – Неге моншаның үстін оператор түсірмеді? Себебі, моншаның төбесі ашық, көше беттен ары-бері жүрген кез-келген адам үшін моншаның шатырына зат тастап жіберуге қолайлы. Тіпті, бұл қылмыскер болғанның өзінде де ондай заттарды ашық жерге қоймайтыны белгілі. Бір қызығы, оқ-дәрілерді қолғап кимей, жалаңаш қолымен ұстап, сосын шүберекті төсегеннен кейін қолына қолғап киеді де гранатты шүберектің үстіне тізіп қояды. Әдетте кез-келген жарылғыш зат табылған жағдайда қауіпті, қауіпсізін білу үшін жедел түрде арнайы саперлар шақырылып, тексеру жүргізілетін. Құқық қорғау органдарының тәжірибесінде ол қатаң ескеріледі. Осындай тексеруден кейін шүберекті ашу керек еді. Ал олар төге салысымен ешқайсысы қорқу дегенді білмей, гранаттарды ұстап, шүберекке тізіп қойды. Әйтеуір айып тағу үшін осындай оқиғалар алдын-ала жоспарланған, – дейді Нарынғали Жұмабаев. Осы тінту кезінде оқ-дәріден өзге қапқа оралған оқ-дәрілер, матаның қиындылары тәркіленген. Бірақ тергеу оқ-дәріні сараптамалық тексеруден өткізумен шектелген, ал матаның қиындыларын иіс іздерін сәйкестендіру үшін одорологиялық зерттеуге бермеген. Яғни, айыпталып отырған азаматтардың иіс ізі тәркіленген матадағы иіспен сәйкестігін анықталмады. Тінту барысында тәркіленген оқ-дәрілер сол күні-ақ криминалистердің қатысуымен тексерілген, олар қол таңбасын (үш фрагмент) тапқан және түсіріп алған-ды. Тергеу кезінде аталған қол таңбалар дактоскопиялық тексеруге жіберілмеген. Бұдан кейін бұл таңбалар сәйкестендіруге жарай ма, жарамай ма, белгісіз. Егер жараса, онда Исматулла Әбдіғаппардың және «Папилон» криминалдық есебі бойынша басқа тұлғалардың дактокартасымен салыстырылуы тиіс. Бірақ қорғау тарапы аталған қолтаңбалар сараптама жасауға жарамайды деп санайды, өйткені қол таңбасын алу, қорапқа салу (тәркіленген оқ-дәрінің беті толығымен конверттің қабырғасына тиіп тұр), тасымалдау жағдайы тері сызығының майлытер таңбасын сақтауға мүмкіндік бермейді. Біздіңше, бұл туралы тергеуші органның өздері де білген, бұл қорғау тарапына пайдалы болғандықтан сараптаудың нәтижесін іске тіркемеген болуы мүмкін. Дактилоскопиялық зерттеу алынған қол таңбалардың Исматулла Әбдіғаппардың қол таңбасымен сәйкес келетінін дәлелдесе, тергеу қуана-қуана ол қорытындыны іске тіркер еді. Бұған қарап, ол қол таңбалар жарамсыз немесе Исматулла мақсымның дактокартасымен (қолтаңбасымен) сәйкес келмейді деуге толық негіз бар. Мұны басқаша түсіндіру мүмкін емес. Осындай күмәндар болғаннан кейін сотта оқ-дәріден алынған-мыс деген қол таңбаларына зерттеу жүргізу орынсыз, өйткені олардың жалған дактоүлдірге (қолтаңбаға) ауыстырылуы бек мүмкін. Аталған үйді тексеру хаттамасына конверттің сыртқы беті, конверттің ауызындағы мөрдің баспа-таңбасы бейнеленген фотокесте тіркелген. Іс материалдармен «Imag» бағдарламасының көмегімен танысу кезінде конвертке жапсырылған үш мөрдің баспа-таңбасы (суретті үлкейту арқылы) тексерілді. Нәтижесінде баспа-таңбада тек екі Ибрагимова мен Құндақбаеваның анық емес қолтаңбасы көрінді. Яғни, тәркілеу фактісі куәгерлер Актуреев пен Нурлыбековтің қолымен расталмаған. Сонда №4 конвертте (тәркіленген оқ-дәрілер) не оралған және олар қайдан алынған? №4 конвертте тінту кезінде алынған заттардың бар екендігін мүдделі емес куәгерлер растай алмайды, өйткені олардың қолтаңбасы жоқ. Сонымен қатар, тінтуге қатысқан іске мүдделі емес бір куәгердің – Е.С.Нұрлыбековтің сот ісін жүргізу тілін білмейтіні белгілі болды. Жауап алу кезінде ол жауапты орыс тілінде берді. Сәйкесінше, ол мемлекеттік тілде жазылған тінту хаттамасының мазмұнын, сонымен қатар, тергеу әрекеті кезінде тергеушінің мемлекеттік тілде түсіндірілген тергеу әрекеті үрдісін де түсінбеуі мүмкін. Үй иесі А.А.Құндақбаевадан, А.Б.Ибрагимовадан жауап алу кезінде табылған оқ-дәрілердің шыққан жері туралы сұрақ анықталмаған. Мейлі олар бұл мәселеге қатысы болмаса да, анықталмаған қылмыстарда мұндай сұрақтың қойылуы заңды. Бұдан шығатын қорытынды – полиция оқ-дәрінің сақталуы туралы кімге айып тағылатынын алдын-ала білген және криминалды фактінің ашылуына ешқандай мүдделі болмаған. Тіпті, тергеу уақытында үй иелерінен бұл үйге И.Әбдіғаппардың шынында келген-келмегені сұрап, нақтыланбаған.

Келесі «көрініс»

2010 жылдың 14-қыркүйегінде сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. 24.09.2010 жылғы №9297 қорытындыға сәйкес, зерттеу нысаны тергеуші мен куәгерлердің қолымен расталған мөрдің баспа-таңбасымен бекітілген конвертпен түскен. Бірақ 13-қыркүйектегі тексеру хаттамасына сәйкес, қорап қолтаңбамен бекітілген, соның ішінде қатысушы криминалистің де қолтаңбасы бар. Бір-біріне қарама-қайшы мәліметтерге қарап, қай құжат (хаттама немесе сарапшылардың қорытындысы) жалған деген сұрақ туындайды. Сараптаманың 22.09.2010 жылғы №9323 қорытындысында сигналды минаның сарап­тамалық зерттеуі 14.09.2010 жылғы жарылғыштехника сараптамасын тағайындау туралы қаулының негізінде жасалған деп жазылған. Бірақ іс материалдарында аталған қаулы мүлдем жоқ. Бұған қоса, тағы бір қарама-қайшы факт бар. Сигналды мина туралы сұрақ сарапшылардың алдында 14.09.2010 жылғы баллистикалық сараптаманы тағайындау туралы қаулының аясында қойылған, бірақ бұл зерттеу нысаны баллистиктерге емес, жарылыстехниктерге қатысты. Баллистикалық және жарылыстехникалық сараптама сот криминалистикасының өз алдына бөлек салалары, сондықтан олар бір-бірін қамтуы немесе ауыстыруы мүмкін емес. ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2006 жылғы №4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 16 пунктісіне сәйкес, арнайы қаулысыз жүргізілген 22.09.2010 жылғы №9323 сараптамасының қорытындысы дәлелдеме ретінде танылмайды. Олай болса, бұл айыпты не үшін тақты? Сопылардан экстремист жасау кімге керек болды?.. P.S. Тергеу органының заңсыздықтарына үңілсең, «ойына келгенін істепті-ау» деген ойға қаласың. Бұл бассыздыққа, айналып келгенде, оны орындаған лауазымды тұлғалар жауап беретіні сөзсіз. «Секір» дегеннің емес, секіргеннің аяғы сынады деген рас. Ешқандай құжатта ізі қалмаған тапсырыс беруші жауапкершіліктен құтылып, заңсыздықты іске асырған орындаушылар тұтылады. Қазақстан тарихында ең өрескел «тапсырысты іс» деген атаққа лайық сопыларды қаралау науқанындағы тергеу мен сот жалпақ жұртқа жария еткен айыптарының былығы осындай. Ерінбей-жалықпай әр айыптың астарындағы заңсыздықтарды тиісті мамандардың көмегімен сүзгіден өткізгендегі мақсат – құқықтық қоғам үшін қатерлі үлгі боларлық мұндай ап-ашық жала жабу тәжірибесін түпкілікті әшкерелеп, заңды жалпағынан басушылардың кім екенін әлеуметке жеткізу екенін ойлы оқырман аңғарған болар. 21-ғасырдың демократиялық, құқықтық заманында өмір сүріп жатқанымызды еске түсіріп қойған дұрыс қой...

Думан ӘЛИ, сарапшы Алматы