Есентаев кінәсін мойындады
2016 ж. 14 маусым
11758
1
Продюсер Баян Есентаеваны өлтіруге оқталды деп айыпталған Бақытбек Есентаев өз кінәсін мойындады - деп жазады tengrinews.kz.
«Есентаев кінәсін мойындап отыр, оның кінәсі дәлелденді, ол өз әйеліне пышақ жарақатын салды. (...) Бүгін сот санкциясы болды, іс тергеліп жатыр, тергеу мүддесіне байланысты істің мән-жайын аша алмаймын. Сараптамалар тағайындалды, жәбірленушінің қанша рет пышақталғанын тергеу барысында анықтаймыз", - дейді Талғар аудандық ІІБ басшысы Асқар Шахин.
Сонымен қатар, ол Талғар Орталық ауруханасында Баян Есентаеваны суретке кімнің түсіргенін анықтау бойынша шағымның түскенін және оның қабылданғанын айтты.
«Біз бөлмеге кімнің кіруге рұқсаты болғанын сұраттық. Полицейлер жансақтау бөліміне кірмеген, олардың рұқсаты болмаған, сондықтан олар емес, оларға мұның қажеті де жоқ. Біз мұны кімнің істегенін анықтап, хабарлаймыз», - деді Шахин.
Еске салайық, 10 маусымда Баян Есентаева Талғар ауруханасына бассүйек ми жарақаты, пышақ жарақаты және мұрынның сынуы диагнозымен түскен болатын. Алдын ада мәлімет бойынша, оны күйеуі Бақытбек Есентаев ұрып-соққан. Бұл оқиға Құлжа тас жолында болған. Талғар аудандық ІІБ оны үш тәулікке қамады, ал жәбірленушіге үш сағат бойы ота жасалды. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Талғар ауданында ұсталған Бақытбек Есентаевқа "Кісі өлтіруге оқталу" бойынша айып тағылды. Ол екі айға қамауға алынды.
Дерек көзі: tengrinews.kz