Баян Есентаева есін жиды
2016 ж. 14 маусым
11584
1
Талғар аудандық ауруханасында жатқан танымал продюсер Баян Есентаева тілге келді. Өткен жұма күні Алматы-Құлжа тас жолының бойында соққыға жығылып, пышақ жарақатын алған продюсерге шұғыл ота жасалған болатын.
Ал, Баянды соққыға жықты деп, күдікке алынған продюсердің күйеуі Бақытбек Есентаевтың үстінен, алдымен "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру", кейін "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
10 маусым күні Баян Есентаеваны әуежайдан күтіп алған күйеуі Бақытбек Есентаевтың 20 жыл отасқан жарына жұдырық жұмсап, суық қару сілтеп, соққыға жыққан жері осы. Алматы-Құлжа тас жолындағы "Атамекен" жанар-жағармай бекетіне қарсы бетте болған қылмыстық істің жай-жапсары - полицияға анық. Отбасылық жанжалдың түп себебін білу - тілшілерге міндетті емес. Тек дүйім жұрт сүйікті қыздарының - танымал продюсердің денсаулығына ерекше алаңдаушылық білдірді. Пышақ жарақатын алған продюсерге сол күні-ақ шұғыл ота жасалды.
"Ота жасалды. Бірақ жағдайы ауыр. Қай жеріне ота жасалды? - Там были травма у нее. Басының жарақаты бар. Түрлі бетінде жарақаттар бар. Содан кейін ранение живота", - дейді Талғар аудандық ауруханасының реаниматолог дәрігері Болат Түңлікбаев.
Лапоротомия. Продюсерге жасалған отаны осылай түсіндірді дәрігер. Яғни медицина тілінде жарақат алған жерге, ішкі органдардың бүтіндігін тексеру үшін, ішке жасалатын операция. Анық болғаны - продюсер пышақ жарақатын, жабық бас-ми жарақатын алған, мұрны сынған. Хирург, көз дәрігері, невропатолог, нейрохирург, бас-жақсүйек хирург дәрігерлерден құралған консилиум жасалған
"Есін кішкене біледі. Бірақ жағдайы мүлдем ауыр", - дейді дәрігер.
Дүйім жұрттың Баян қыздың денсаулығына алаңдайтындай-ақ жөні бар. Өйткені, Баян Есентаева - қатардағы көптің бірі емес, еліміздегі ең танымал продюсер. Шоу бизнесте қаншама жұлдыздың бағын жағып, сахнаға қосқан білікті маман, іскер әйел. Тіпті, қазақстандық қыз-келіншектердің басым бөлігі "әдеміліктің символы" деп таниды танымал продюсерді. Баянның актриса ретінде алғаш сомдаған рөлдерінің бірі - Гүлнәздай болғысы келген, оны сұлулықтың нышанындай көріп, пір тұтқан бойжеткен көп болған бір кездері...
Әлі күнге сол сұлулық сыр бермеді. Баян өзіндей әдемі болғысы келетін сіңлілерінің сұлулық сайысында тұсауын кесіп, бірнеше жыл қатарынан "Қазақ аруы" жобасын іске асырды. Бірбеткей, ақиқатты адамның бетіне айтатын өрлігі бар өткір продюсердің осы мінезі де Баянның іскерлігін одан әрі қайрай түсті. Кино әлеміне де барынша үлес қосқан танымал Есентаева көптеген қайырымдылық істерге де мұрындық болды. Және бұл игі істерінің жарнамасын жалаулатқан жоқ.
Ал, продюсерді соққыға жығып, пышақ жарақатын салды деген күдікпен қамауға алынған Бақытбек Есентаевтың үстінен қозғалған іс, "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабынан "адам өлтіруге оқталды" деп ауыстырылды. Бүгін бұл іске қатысты, алғашқы сот отырысы да өтті.
Баянның бүгінгі жағдайы қалыпты. Бірақ әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер, продюсер тілге келді дейді. Бірақ ол ешкіммен тілдескісі, ешкімді көргісі келмейтінін айтады.
Дерек көзі: Нұр.кз