"Оңайдан" оңбай таяқ жеген жүргізуші 5 миллион талап етті
2016 ж. 16 ақпан
2516
1
Алматыда электрондық жүйе арқылы төлем жасауды талап етемін деп оңбай таяқ жеген жүргізуші көлік холдингін сотқа бермек. Қалдыбек Байтанауовтың бір көзі толық көрмей қалған деп хабарлайды КТК арнасы.
Екіншісі де оңбай жараланыпты. Өмір бойына мүгедек болып қалған жүргізуші оқиға орын алған жерде «оңайлық» тексерушілер болғанда, бұлай соққыға жығылмас едім деп отыр. Енді өтемақы ретінде көлік холдингінен 5 миллион теңге талап етпек.
Қалдыбек Байтанауов «Оңай» арқылы төлем жасауды талап етемін деп, өмір бойына мүгедек болып қалды. Жолаушылардан таяқ жеген оның сол жақ көзі толық көрмей қалған. Екінші жанары да жарытып көрмейді. Бұған қоса, мұрнының сүйегі сынған. Ем-домының ақшасын әзірге автобус паркі төлеуде. Бірақ жүргізуші болған жәйтке көлік холдингін де кінәлап отыр.
"Заявление жазамын. Сол жолы мен тексергенде «Оңай» компаниясының тексерушілері болса, онда олар сол карточкасы жоқ адамдарды штраф салып, шығарып тастауы керек еді. Именно болмай, мен алып отырмын ғой. Маған финансовый помощь берсін", - дейді автобус жүргізушісі Қалдыбек Байтанауов.
Көру қабілетінен айырылған азаматтың отбасы да қиын жағдайда. Себебі, үйге табыс әкелуші жалғыз отағасы екен. Енді үй іші көлік жүргізуге мүлдем қабілетсіз болып қалған азаматтың алдағы күйіне алаңдаулы.
"Алдағы жағдай бізді қатты ойландырып, қинап отыр. Өйткені осы «Оңайға» да бір жағынан қуанған едік. Енді кішкене жақсы зарплата төлесе, кредитімізді төлеп, мына үйімізді де кредитке алған едік. Сонымен кішкене шығып кетеміз ғой деп ойладық. Енді ол өзі былай болды", - дейді жәбірленушінің әйелі Нұргүл Байтанауова.
Ал «Оңай» жүйесінің басшылығы бұдан ат-тонын ала қашып отыр. Өйткені жәбір көрген жүргізуші жеке автопарк қызметкері. Сондықтан қандай да бір өтемақы төлеудің де реті жоқ дейді олар.
"Біз тек өз қызметкерлерімізге жауаптымыз. Егер олар жәбірленсе, қолдан келген көмектің бәрін жасар едік. Ал бұл жағдайда таяқ жеген біздің жұмысшы емес. Сондықтан, біз көмек көрсетуге міндетті емеспіз", - деді «Алматы көлік холдингі» ЖШС баспасөз хатшысы Эльмира Киргеева.
Жарымжан болып қалған жүргізушіге енді сотқа жүгінуден басқа амал жоқ.
Қалдыбек Байтанауов сәрсенбі күні ауруханадан шығарылады. Бірақ дәрігерлердің бақылауында болып, әлі талай ем қабылдайды. Сондықтан алдағы уақытта да қомақты қаржы қажет болатыны сөзсіз. Өтемақы ретінде жәбірленуші 5 миллион теңге талап етпек. Айта кетейік, автобус жүргізушісін оңбай соққыға жыққан қаскөйлер әлі ұсталған жоқ.