ОТЫРАР АУДАНЫНДА КҮН ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ САЛЫНАДЫ
2017 ж. 22 қыркүйек
2032
0
Оңтүстік Қазақстан облысында қытайлық кәсіпкерлер қуаттылығы 100 мвт болатын күн электр стансасын салмақ. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде «Джан Су Нью Энерджи Технолоджи» компаниясының өкілі Ге Дженсон мәлім етті.
Басқосуда тараптар облыстағы қуаттылығы 100 МВт болатын күн электр стансасын салу мәселесін талқылады. Жоспарға сәйкес, күн электр стансасы Отырар ауданының аумағында салынбақ. Бір жылдың 300 күні сәулелі болатын Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғи климаттық жағдайды ескеріп отырған кәсіпкерлер аталған жобаға 200 млн. АҚШ долларын жұмсауға ниетті.
«Біз алдағы қазан айында құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Станцияны іске қосып болғаннан соң, электромобильдерді құрастыру жұмыстарын бастайтын боламыз. Тоқпен жүретін мотоциклдердің құрал-жабдықтарын әзірге Қытайдан тасымалдап, осында құрастыру жоспарда бар. Егер жоспарымыз сәтті іске асып жатса, жеңіл көлік пен қоғамдық көліктерді де осында құрастыру ойымызда бар», – деді Ге Дженсон мырза.
Бір қуанарлығы, күн электр стансасы жобасын жүзеге асыруға жергілікті жас мамандар тартылмақ. Қытай кәсіпкерлерінің айтуынша, күн электр стансасының құрылысына қатысатын жас энергетиктер болашақта оны қосуда қиналмайтын болады. Инвесторлардың бұл ұсынысына қолдау білдірген өңір басшысы жергілікті билік тарапынан жер телімі бөлініп, қосымша жеңілдіктер қарастырылатынын жеткізді. «Жобаларыңыз көңілге қонымды. Өйткені, біздің өңірдің табиғаты күн сәулесінен электр жарығын өндіруге өте қолайлы. Сондықтан екі тарапқа да тиімді жобаны тездетіп іске асыру қажет. Қажетті жер телімін бөліп беріп, қажетті қолдауларды көрсетуге әзірміз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қытайлық кәсіпкерлер мұнан бөлек, электропанельдер шығару ісіне де мүдделі болып отыр. Бұл ретте олар еліміздің «Жасыл экономикалық» ұстанымына қолдау білдірмек.
qazaquni.kz