«ХИМФАРМ» ЗАУЫТЫНДА ЖАҢА ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
2017 ж. 15 қыркүйек
3178
0
Еліміздегі дәрі шығару ісінде алда келе жатқан өндіріс орнының бірі –«Химфарм» екені баршаға мәлім. Бүгінгі таңда цехта қатты пероральды дәрі шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жылына 200 миллион таб-летка шығаруға мүмкіндігі бар жаңа цехтың жобасы Polpharma (польфарма) тобы мамандарының қолдауымен жүзеге асырылуда.
«SANTO» зауытының 135 жылдығы аясында іске қосылған цехтың ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Сапарбек Тұяқбаев, Польша мемлекетінің Экономикалық даму вице-министрі Тадеуш Костинский, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюробекова, сонымен бірге «SANTO» компаниясының бас акционерлері мен компания серіктестері және БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев зауыт басшылары мен қызметкерлерін бүгінгі қос қуанышпен құттықтап, адағы істеріне сәттілік тіледі.
«Бүгін біз «Химфарм» АҚ-ның қатты дәрі шығаратын жаңа цехының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. 1882 жылы құрылған «Химфарм» АҚ республикамыздағы ескі фармацевтикалық кәсіпорындардың бірі. Бүгін міне аталған кәсіпорынға 135 жыл толып отыр. 2011 жылдың тамыз айынан кәсіпорынның серіктесі еуропалық «Polpharmagroup» компаниясы болып келеді. Кәсіпорынның өркендеп дамуына тілектестігімді білдіре отырып, ел экономикасының дамуына қосар үлестеріңіз көп болсын деймін. Зауыт жұмысшыларының істеріне сәттілік тілеймін», – деді облыс басшысы.
«Польфарм» компаниясы фармацевтикалық өнімдердің жаңа түрлерін жаңғырту және өндіру мақсатында «Химфарм» АҚ-на 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазіргі уақытта компания дәрі-дәрмектер өндірушілердің арасында жетекші орын алады және отандық дәрі-дәрмектер нарығының 40 пайызын, ал еліміздегі жалпы дәрі-дәрмектер нарығының 4 пайызын қамтып отыр.
Жаңа цех фармацевтикалық өнімдердің GMP талаптарына сай салыныпты. Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталғандықтан, алдағы уақытта да нәтижелі жұмыс жүргізбек. Цехта 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі «Polpharma» тобының үздік өндіріс орындарында оқып, өз білімдерін жетілдіріп келген. Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бөлігі болып табылатын аталмыш өндірістің құны 13,5 млн. АҚШ долларын құрайды.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «SANTO» компаниясының өнімдерін сатып алу кепілдігі берілді.
Компанияның бас директоры Ижи Урбанец: «Бүгін біз қатты пероральды дәрілердің жаңа өндірісін іске қостық. Бұл 2011 жылдан бері ашылған, халықаралық GMP сапа стандартына сай келетін үшінші цех. Біздің дәрі-дәрмек Қазақстан мен көрші елдердегі амбулаториялар мен стационар емдеу мекемелерінде тиімді қолданылуда. «SANTO»-ның тұрақты және үдемелі дамуының тағы бір жобасын сәтті аяқтағанымызды мақтан тұтамыз», – деді.
«Химфарм» зауытының өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Компания өз өнімдерінің 90%-ын ішкі нарыққа жеткізсе, 10%-ын Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия және Түрікменстан елдеріне экспорттайды. 2016 жылы Польша Республикасы мен ОҚО арасындағы тауар айналым 13,3 млн. долларды құраса, жыл басынан бергі тауар айналым 8,5 млн. долларға жетіп отыр.
qazaquni.kz