ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
2017 ж. 15 қыркүйек
2913
0
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өңірдегі инвестициялық жағдайды жақсарту мен инвесторларды тарту бойынша аймақтық кеңестің отырысы өтті. Мақсат: облысқа инвестиция тарту және бүгінгі жағдайды талқылау. Шараға аймақтық кеңестің мүшелері, жұмыс істеп тұрған кәсіпорын басшылары және әлеуетті инвесторлар мен өңірдің ірі кәсіпкерлері қатысты. Өңірге инвестиция жұмылдыру бойынша жыл басынан бері шетелдік инвесторлармен 40-тан аса іскерлік кездесу ұйымдастырылыпты. Әрі жыл басынан бері облысқа 229,9 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартуға қол жеткізіпті.
«Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көрсеткіші 131,5 пайызға артты. Бұл республикадағы үлестің 5,7 пайызын құрап отыр. Биыл Біріккен Араб Әмірлігімен медициналық бұйымдар мен препараттар шығару зауытын салу, Ресеймен бірге Евро-5 талабына сай жанармай шығаратын мұнай өңдеу зауытын салу келісімдері түзілді. Оңтүстік өңірі мұнымен қоса Қытаймен бірге биэтанол, фосфор тыңайтқыштары мен қуаты 200 МВт күн электр станциясын салмақ», – деді Жансейіт Түймебаев.
Осы тұста өңірде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткеніміз жөн.
Сонымен қатар, өңір басшысы барлық азаматтарды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, инвестиция тартуға кедергі жасайтын лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарайтындығын да тілге тиек етті. Бүгінде облыста аймақтық даму институттарының тиімді жүйесі жасалған, олардың негізгі тапсырмасы өңірге инвестиция тарту және инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қолайлы жағдай туғызу. Институттар кәсіпкерлерге кеңес беріп қана қоймай, қаржылық және инфрақұрылымдық көмек көрсетеді. Өңірде 11 индустриалды аймақ пен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Соңғысының тиімді ерекше режимі мен толық тартылған инфрақұрылымы бар. 2017 жылы осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында құны 3,4 миллиард теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылмақ. Ал индустриалды аймақтарда 8,6 миллиард теңгенің 13 жобасы іске қосылады деп күтілуде. Қазіргі таңда индустриаландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асқан әр 5 жоба Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бағдарлама аясында 8 жыл ішінде облыс аумағында жалпы құны 208,3 миллиард теңгенің 162 жобасы іске қосылды. Оның ішінде инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгені құрайтын 88 жоба жүзеге асырылуда.
qazaquni.kz