ТҮЛКІБАСТА «АQUA SEREBRO» ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
2017 ж. 26 тамыз
2300
0
ОҚО-на қарасты Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында жаңа технологиямен қамтамасыз етілген «АQUA SEREBRO» табиғи бұлақ суы зауыты іске қосылды.
Жұмысына жалпы құны 250 млн. көлемінде қаржы жұмсалған зауыт бүгінде жаңадан 26 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыттың қуаттылығы сағатына 1000 дана 5 литрлік және 5000 дана 1 литрлік құтыдағы ауыз суды шығаруға жетеді. «А-СПЕКТР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып отырған жаңа цехтағы барлық технологиялық процесс сапа стандарттарына сәйкес атқарылады. Өндірістік қабатта химиялық, бактериологиялық зертханалардың орналасуы өнім сапасын жан-жақты тексеруге мүмкіндік туғызуда. Цехтың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков, ауыл тұрғыны М.Ибрагимовтер сөз алып, цехтың жұмысына сәттілік тіледі. Жаңа зауыт салтанатты түрде ашылған соң қонақтар цехтарды аралап көріп, зауыт жұмысымен жете танысты.
Жалпы бұл зауыт Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы туған жерді дамыту бағдарламасының аясында іске асып отыр. Туған ауылын одан әрі дамыту мақсатында ауыл тумасы, зейнеткер Ж.Сұлтановтың осы шаруаны қолға алуының арқасында біршама ауыл жұртшылығы жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер келешекте өнім көлемін ұлғайтып, тұтыну нарығы аясын кеңейтуді жоспарлауда. Тіршілік нәрі өңірдегі барлық ауыл-аймаққа ұсынылып, саудаға шығарылуда.
Аудан әкімдігі болашақта табиғатқа зиян келмейтін осындай өндіріс орындарын салып, аймақ халқын таза табиғи өнімдермен қамтамасыз етуді жоспарлауда.
qazaquni.kz