МАҚТААРАЛ ӨЗ БАЛЫМЕН МАҚТАНА АЛАДЫ
2017 ж. 12 маусым
2808
0
Мақтарал ауданы «Мақталы-1» ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығының иесі Тіллә Қалдарбекова «Ырыс» шағын несиелік ұйымынан 4,5 миллион теңге несие алып, бал араны бағуға арналған 2 арба сатып алған.
«Азамат» шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп отырған Марат Мұратовтың айтуынша, аралардың бір ұяшығынан жылына 40 литр бал алады екен. Мұндағы 3 арбадағы 300 ұяшықтан жылына 15 тоннаға жуық бал алып жатыр.
Ара шаруашылығының өз қиындықтары бар, оның қыр-сырын білмегендер шығынға батуы әбден мүмкін. «Аралар суыққа төзбейді. Мақтарал ауданының ауа-райы басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда жылы әрі мұндағы жауын-шашынның аз болуы – бал араны бағуға өте қолайлы. Сондай-ақ, кермек, жантақ, жыңғыл, мақтаның гүлі сияқты т.б. аралар нәр алатын өсімдіктер мұнда өте көп» – дейді Марат Мұратов.
Бал араның өніміне деген сұраныс өте жоғары. Балды Мақтаралдың мектептері мен балабақшалары-ақ толықтай сатып алады екен. Өнімнің литрі – 1000 теңге. Тіпті, 4-5 есе қымбат бағаға Қытайдан жүз тонна экологиялық таза балға тапсырыс келген. Қожалық сол сұранысты өтеу үшін жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, «Техас балы» қауымдастығы да «Азамат» шаруа қожалығының балын жиі сатып алады.
«Бір ұяда бір аналық ара, бірнеше жүз аталық Ара және 100 мыңға дейін жұмысшы ара болады. Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіреді. Ол аралардың ішіндегі ең ірісі, жыл маусымына қарай денесінің ұзындығы 20-25 мм, ал салмағы 150-300 мг-ге жетеді. Тәулігіне 2-3 мың, маусымына 200 мыңға жуық ұрықтандырылған жұмыртқа салады. Ұрықтанған жұмыртқадан ұрғашы, жұмысшы және аналық аралар, ал ұрықтандырылмаған жұмыртқадан тек еркек аралар шығады» – дейді бал шаруашылығының білгірі Марат Мұратов.
Пайдасы мол бұл іспен тұрақты айналысуға бел буған мақтааралдықтар өздері өндірген табиғи тәтті балдарымен мақтана алады.
qazaquni.kz