ТҰТ АҒАШЫН ӨСІРУ – ЖІБЕК МАТА ӨНДІРІСіНЕ ЖОЛ АШАДЫ
2017 ж. 29 мамыр
7968
0
Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндіру ісі қолға алынды. Тұт егіп, жібек құртынан мата шығару ісіне машықтанған кәсіпкер Сұлтанбек Бәкіров жергілікті тұрғындарды аталған кәсіпті игеруге үйретіп жүр. Биылдың өзінде ол 600 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
«Тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашуға болады. Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1 млн.тенгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік мол. Егер оған қоса жібек құртын өсіріп, өнім өндіретін болсаңыз, тағы 1 млн тенге пайда көруге болады. Тек ерінбей еңбек ету керек. Егер бұл өлкеде осы кәсіпті жаппай қолға алатын болсақ өнімдерімізді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары»,- дейді Сұлтанбек Бәкіров.
Кәсіпкер аудан басшылығымен келісім нәтижесінде 55 гектар жер алып соның 20 гектарына 140 мың түп тұт көшетін егіп, жібек өндірумен айналысып келеді. Әр гектардан 50 тоннаға дейін жапырақ өндіріледі. Жапырағын жылына төрт рет жинақтауға болатын тұттың бұл сортын қандасымыз шетел ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау нәтижесінде ойлап тапқан. Жапырағы мол жаңа өнімге «Нұрлы жер» деген атау беріпті. Өсімдіктерді будандастыру нәтижесінде мол өнім беретін бұл тұт ағашы көктемгі суыққа өте төзімді. Жапырақ жеуден басқаны білмейтін мыңдаған жібек құрты бастапқыда кішкентай 40 грамдық қораптарға салынып өсіріледі. Ұсақ жібек құрттарының бастапқы салмағы 30-40 грамнан аспайды. Түлеген сайын, қабықтарын тастап, 70 есеге дейін үлкейеді. Әзірге кәсіпкер жапырақтың бір келісін 20-22 тенгеден қабылдап жатқанын да жасырмады. Сол жапырақтармен қоректенген жібек құрты өңделмеген жібек шығарады. Оны жіпке айналдырып, тоқыма жұмыстарын жүзеге асырып отырған кәсіпкер өз өнімдерін еш қиындықсыз саудаға шығаруда. Бұл кәсіппен айналысушылар саны жыл өткен сайын артып отыр. Қазақстанда жасалған жібектен тігілген киімдер қазіргі заманның киімдерімен де үйлесім тапқан. Қанық түсті, әдемі өрнектелген маталарды көбінде ұлттық киімдерге жиі пайдаланады.
qazaquni.kz