ҚАРАКӨЛ ТЕРІСІ ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ
2017 ж. 20 мамыр
5372
1
Бір кезде қаракөл терісін өндіруімен аты әлемге белгілі болған Оңтүстік Қазақстан облысы қаракөл қой тұқымын көбейту жұмыстарын қарқынды түрде қолға ала бастады. Өйткені шаруалар қаракөл қойынан келер табыстың мол екенін бұрыннан біледі.
Негізінен, қаракөл шаруашылығын шөл және шөлейтті аймақтарда дамыту қолайлы болып келеді. Сондықтан да Арыс ауданының Байырқұм ауылдық округіндегі «Байырқұм-Агро» шаруашылығы қаракөл өсіруді қолға алып, оның санын көбейтуді жоспарлап отыр. Жайылымдық жері 4900 гектар болатын шаруашылықта бүгінде 2000 бас қаракөл тұқымы өсірілсе, жыл соңына дейін 20 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде құнды болып есептелетін қаракөлдің терісін Италия еліне экспорттау үшін келісім шарт жасалған. Өсімтал болып келетін бұл қойдың терісі нарықта 100 АҚШ долларына бағаланып отыр. Ал, бұл қой тұқымы жайылым таңдамайды, ұзақ қашықтықта жайыла алады. Яғни, жай қойлар 3-4 шақырым жерге дейін бара алса, қаракөл тәулігіне 10-15 шақырымға дейінгі қашықтыққа еркін жайыла алады. Сондай-ақ, ішілген судың жоғары минералдануын және ауа температурасының күрт ауытқуына төзімді. Қазіргі кезде шаруашылықта 5 бірлік МТЗ-80 тракторы мен 3 автокөлігі және 8 адам еңбек етуде. Қаракөл қойын дамыту үшін шаруашылық мемлекеттен 35 млн. теңге субсидия алған. Сонымен қатар, Созақ ауданындағы «Құмкент» және «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативi де осы қаракөл қойын өсiрумен айналысып келеді. Олар өткен жылы қаракөл тоқтысын Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспортқа шығарып, тиiмдi бағада сатты. Шетелдiктердiң қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив тағы да бiрқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлауда.
qazaquni.kz