БІЗДІҢ БАНКТЕР ПАЙЫЗБЕН АҚША БЕРУШІ БАНКОМАТ РӨЛІН ҒАНА АТҚАРЫП ОТЫР
2016 ж. 05 сәуір
4265
15
«Корпоративтік басқару: Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына жаңа көзқарастар» атты ұлттық форум барысында ҚР Ұлтық банкі төрағасы Данияр Ақышев бірқатар мәлімдеме жасады. Жаңа төраға жаңалық ашпаса да, қаржыға қатысты өз тұжырымдарын білдірді.
Біріншіден, бас банкирдің жылдық инфляция 8 пайыздан аспайды деген болжамын айта кетелік. Жалпы, алдын ала жасалған болжам осы күнге дейін бірде-бір банкирге де, министрлерге де бедел мен абырой әкелген емес. Өйткені, терекке атқан оқтары бұтаққа да тимей айдалаға лағып кетеді. «2016 жылғы Ұлтық банктің негізгі күш-жігері инфляцияны 6-8 пайыз дәлізде ұстауға бағытталады», – деді Д.Ақышев. Өндірісті дамытпасақ бұл болжамы да босқа кететіні бүгіннің өзінде белгілі. Әрине, мемлекеттік қаржының күшімен бұл межені ұстауға болады. Одан қандай пайда?
Екінші бір елең еткізгені: «Біздің пайымымызша, базалық ставканы төмендету үшін қажетті жағдай әлі де болса қалыптаса қойған жоқ. Әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасы әзірше тұрақсыз сипатқа ие. Қазақстанның жылдық инфляция деңгейі жоғары болып қалып тұр», – деді ол. Бұл енді қазіргі нақты жағдайды көрсетеді, оны Ақышев айтпаса да бәріміз де байқап отырмыз.
Бас банкир Қазақстанда капиталды қайта бөлу және экономиканы қаржыландыру көзі ретінде қор нарығы мен акционерлік капиталдың жұмыс істеуінің шынайы қажеттілігі бар ма деген үшінші негізгі сауалға да жауап беруге тырысты. «Қазақстанда тарихи тұрғыда қорландырудың банкілік моделі басымдықпен қалыптасқан. Онда негізгі тетік ретінде банк несиесі алға шығады» - деді ол. Бас банкир көтерген бұл мәселеге байланысты сұрақ көп, шынымен де үлкен дау тудырады. Біріншіден, банк атаулы жеке тұлғалар мен жалпы экономика саласына ақша таратушы кассир немесе қазіргі тілмен айтқанда банкомат қана болып қалмау керек, қаржылық саясатты дұрыс жүргізуге міндетті. Министрлер мен банкирлер экономиканы егжей-тегжейлі білетін білікті маман болғаны ләзім. Екіншіден, берген ақшаның пайыздық қайтарымын ғана ойламай, белгілі бір салаға бағытталған қаржының соңғы нәтижесі бола ма, болмай ма соған баса назар аударып, жобаны ұсынған министрден алдымен осыны талап ету қажет. Жоба шикі болса, одан ел экономикасына ешқандай пайда болмаса несіне қаржыландыруымыз керек? Бұл халық қаржысын далаға шашу деген сөз. Жаңа зауыттың шығарған өнімі сапасыз, ешкімге қажет болмаса одан қандай пайда болмақ? Әрине, мұндай бағдарламаны ұсынғандар мен оны жанталаса қорғағандар сол арқылы өз қалтасын қалыңдататыны түсінікті. Оларды ашылған кәсіпорынның өндірісінің өрлеуі емес, өзіне түсетін пайда көбірек қызықтырады. Қыруар қаржыға кәсіпорын салып бердік, одан әрі пұл болмаса күл болсын деген ниет басым. Бізде қаншама кәсіпорындардың салтанатты түрде ашылып, жарты жыл өтпей қайта жабылып жатуы дәп осыдан болып отыр. Сонда біз оны шет елге қыр көрсетіп, сән үшін, әлем алдында бір мақтанып қалу үшін аштық па? Әлде артық ақшамызды қайда жұмсарымызды білмей жатырмыз ба? Бұл – қылмыс, халқына жасалып отырған қастандық. Бірақ, неге екенін ешкім жазаланбақ түгіл оған жауап та бермейді бізде. Мысалы, біреудің мың теңгесін ұрлап алыңызшы, түрменің түбінен бір-ақ шығасыз. Ал миллиардтаған қазына қаржысын рәсуә еткендер ештеңе болмағандай жоғары қызметінде отыра береді. Нәтиже бермейтін жобаны ұсынғандарды түгелдей жауапқа тартып, шыққан шығында толығымен қайтқартқызсақ келесі жолы мұндай қателіктер қайталанбас еді.
Форумда Ақышев 2016 жылдың 1 сәуірінен еліміздің Ұлттық банкі өзінің ресми сайтында ақша нарығында жүргізілген операциялар туралы мәліметтерді күн сайын жариялап отыратынын айтты. Дұрыс, қай салаға болмасын ашықтық қашан да керек. Сол сияқты Ұлттық банк теңге бағамының күрт ауытқуының алдын алу үшін валюта нарығына қатысу құқын өзінде қалдыратынын да ескертті. Ол наурыз айында айырбас бағамы 1 долларға 343-349 теңге шегінде ауытқып тұрғандығын атап өтті. Сонымен қатар Д.Ақышев Ұлттық банк еркін айырбас бағамы саясатын жүргізуді жалғастыратындығын баса айтты. Оның ойынша, мұндай саясат елдің алтын-валюта активінің сақталуын қамтамасыз етіп, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін тиімді қолдауға септігін тигізеді. ҚР Ұлттық банк деректеріне сәйкес 2016 жылдың ақпанының соңында банктің жалпы халықаралық резерві 27,8 млрд. долларды құрапты. Ал шетелдік валютадағы Ұлттық қор активтерін (63,5 млрд. доллар) қоса алғандағы еліміздің халықаралық резерві 91,3 млрд. долларға жетіпті.
Тағы бір жағымды жаңалық, долларсыздандыру саясатының арқасында қазір долларға қарағанда теңгеміздің қолданысы артыпты. Шынын айтсақ, осы бағытты көпшілік пен бірқатар мамандар баяғыдан айтып келген. Біздің шенеуніктер қазір баспасөзді оқып, телеарналарды көрмейтін болған. Халықтың пікірін «Қара тобыр не айтады дейсің!» дегендей құлақтарына да қыстырмайды. Бәрін өздері пішіп, өздері шешкенді дұрыс көреді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ең ауыр қарғыс бар қазақта. Біздің шенеуніктер сол қарғысқа ұшыраған ба деп қаласың кейде. Өздерінің ой-өрісі таяз болса өзгелердің ақылын тыңдау керек қой. Ал шын мәнінде көптің ішінде құнды пікір айтатын білікті адамдар жетерлік. Жоғары лауазымда отырғандарды он орап алатын небір майталман мамандар бар. Тек соларды тыңдайтын құлақ жоқ жоғары жақта. Долларды сырттан тауар алғанда ғана пайдаланып, елімізде тек қана теңгені қолдану керектігі жайында аз айтылған жоқ кезінде. Онда да қай елмен сауда жасасақ, сол елдің валютасымен есеп айырысу дұрыс. Сонда ғана әлемге үстемдік етіп, дүниежүзін жаулаған доллардың жолы кесіледі. Мемлекет басшысы долларсыздандыруға тапсырма бермегенде әлі де АҚШ валютасын жинап, баяғыда сүйегі қурап қалған Вашингтонның суретіне телміріп отырар ма едік. Біздің сала басшылары өз бетімен ештеңе істемейді, Елбасы айтқанда ғана елпеңдеп жүгіруді бастайды. Сырттан қараған адамға осының бәрі бір ғана Елбасына қажет сияқты, қалғандарын ештеңе қызықтырмайтын секілді. Олай болса қазынадан қыруар ақша төлеп, бір қора министрлер мен мыңдаған әкімдерді несіне ұстап отырмыз? Бір ғажабы, сол әкімдер мен министрлердің көбісінің саясатқа, экономикаға қатысты ғылыми атақтары бар екені де рас. Сонда олар қандай жаңалық ашыпты? Әлде ғылыми дәреже бізде сәнге айналған ба? Шетелден оқып-тоқып келген білікті жас мамандарымыз қайда жүр? Осыншама әкім-ғалымдар мен министр-ғалымдарымыз бола тұра тығырықтан шығар жол таппағанымыз ба? Әлде бар бәлені дүниежүзілік дағдарысқа жауып, жайбарақат жата береміз бе?..
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті