Маңғыстау облысының қалалары мен ауылдары дами түспек
2015 ж. 27 қазан
3287
1
Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерін дамытуға 1 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталмақ. Бұл туралы өңір әкімі Алик Айдарбаев бесінші сайланған облыстық мәслихаттың 28-ші сессиясында мәлім етті, оның барысында депутаттар 2015-2017 жылдарға арналған Маңғыстау облысының бюджетіне өзгерістер енгізу және нақтылау жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.
Бірқатар басымдықты шығындарға бюджет қаражатын қайта бөлу жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін 1 млрд.-тан астам теңгеге ұлғайтудың есебінен мүмкін болды.
Ақтау қаласының әкімдігі қалалық мәслихаттың қолдауымен 600 млн. теңгеден астам қаржыны негізгі көшелер мен қиылыстарды абаттандыруға, шағынаудандар арасындағы жолдарды жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға, соның ішінде мерекелі күндері сәндік көркемдеу жұмыстарына, сондай-ақ жаңа шағын аудандардағы жолдар мен инженерлік желілерді салу жұмыстарын жалғастыруға жұмсауды ұйғарды. Сондай-ақ қоқыс жинайтын контейнерлер, 23 бірлік арнайы техника - қоқыс таситын және қар тазалайтын машиналар сатып алынады.
Қаражаттардың бір бөлігі ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
«Жергілікті атқару органдары үшін ауылдарды қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету әрқашан да басымдықты мәселе болып келеді. Осы қаражаттар есебінен Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылын электрлендіру жұмыстары жалғастырылады. Ауылдың серпінді дамуын халық саны өсуінен байқауға болады. Жыл басынан бері ауыл тұрғындарының саны 1500 адамнан 2700-ге дейін өсті, бұған ішкі көші-қон мен табиғи өсімнің жоғарылауы себеп болды. Мысалға, өткен жылы мектептегі оқушылар саны 511 адам болса, биылғы 1 қыркүйектен мұнда 924 бала оқиды», - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Сонымен қатар облыс бюджетін нақтылау Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылын газдандыру жұмысын жалғастыруға 225 млн. теңгедей ақша бөлуге мүмкіндік берді. Жыл басынан бері Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарында электр желісін тартуға, газдандыруға, сумен жабдықтауға 2 млрд. теңгеден астам бюджеттік инвестициялар бөлінді.
Сессияда атап көрсетілгендей, кіріске түскен барлық қаржы қайта бөлуден кейін жаңа инвестициялық жобаларға емес, бұрын басталған жұмыстарды жалғастыруға жұмсалмақ. Ал жаңа бастамаларға қатысты айтар болсақ, ең қажетті жобалар ғана (мектеп құрылысы, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары) қаржыландырылатын болады.