Әскери теңізшілер жеңіс тұғырынан көрінді
2015 ж. 20 тамыз
3276
0
Қазақстан әскери-теңіз күштерінің кемелері «Каспий теңізі – 2015» халықаралық теңіз биатлоны сайысынан жүлделі орынмен оралды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Қытай және Әзірбайжан мемлекеттерінің кемелер экипажы қатысты. Каспий маңы елдері әскери-теңіз күштері арасында өткен алғашқы жарыста ел намысын «Сарыарқа» және «Орал» зымыран-артиллериялық кемелер экипажы қорғады. Жеңімпаздарды күтіп алу салтанаты Ақтау халықаралық теңіз сауда портында ұйымдастырылды. Әскерилердің қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ғұмаров, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Қорғаныс күштерінің ардагерлері, Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметшілері мен ата-аналар жиналды.
Халықаралық деңгейде өткен жарыстан жеңімпаз атанып, елге оралған ҚР Қарулы Күштерінің әскери теңіз жауынгерлері Сіздерді облыс басшысы Алик Айдарбаевтың атынан жеңістеріңізбен құттықтаймын. Барлық мүмкіндіктеріңізді көрсетіп, қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, бізге жеңіс сыйлаған Сіздермен әрдайым мақтанамыз. Еліміз Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған сарабдал саясатының арқасында, 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру арқылы дамыған 30 елдің қатарынан көрінетін болады. Бұл тұрғыда Сіздердің де қосып отырған үлестеріңіз зор. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға жақсылық тілеймін»,-деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.
Халқымызда «Ел қорғау – абыройлы іс» деген аталы сөз бар. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете білсек, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етері сөзсіз.
– ҚР Қарулы Күштері теңіз флотының сарбаздары бүгін бізге жеңіс сыйлап, мерейімізді өсірді. Үлкен қуанышпен шын жүректен құттықтаймын. Қайда барса да, қандай жарысқа қатысса да, елге жеңіспен оралуларына тілекшімін. Осындай шараларды кең ауқымда насихаттау арқылы біз жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, Отанының қорғаны болуға тәрбиелейтін боламыз, - дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Ғұмаров.
«Каспий теңізі-2015» халықаралық сайысы Махачкала қаласының маңындағы теңіз полигонында өткен. Жарыста Қазақстан теңіз әскерилері Қытай, Әзірбайжан және Ресей әскерилерімен дәлдеп атудан сайысқа түсіп, ел намысын абыроймен қорғай білді. Жалпы теңіз биатлоны екі кезеңнен тұрды. Алдымен теңіз жаяу әскері бөлімшелерінің әскери қызметшілеріне берілген бағдарды барынша жылдам өту, теңізде және жағалауда нысаналарды сәтті жоюдан бақтарын сынаған. Екінші кезеңге суүсті корабльдерінің экипаждары қатысып, берілген бағдар бойынша шағын өлшемді теңіз және әуе нысаналарын, жүзбелі миналарды жою бойынша жауынгерлік жаттығуларды орындаған. Кемелерді 30-40 метрге зәкірге қою, арқандап байлау және суға кеткен кемедегі адамдарды құтқару бойынша да қабілеттерін көрсеткен. Бұл тапсырмалардан отандық кеме экипаждары сүрінбей өтіп, елге жүлделі екінші орынды иеленіп қайтты.
– Қазақстаннан теңіз биатлонына заманауи үлгідегі зымыранды-артиллерия мен навигациялық, штурмандық қару-жарақпен қамтылған «Сарыарқа» кемесі де қатысқан болатын. Байқауға біз ұзақ дайындалдық. Біз үшін бұл – тың дүние болатын. Іс жүзінде мүмкіндіктерімізді сынап, қосымша практикалық тәжірибе де жинақтадық. Біз барлық тапсырманы ауызбіршілікте жоғары деңгейде орындап шықтық. Экипаждағы 31 адам өздерінің мүмкіндіктерін жақсы көрсетті. Дәл осы байқау екі жылдан кейін өткізіледі, сол уақытта бірінші орынды иеленеміз деген сенімдемін, - дейді «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі Рустам Жүнісов.
Байқау қорытындысында үздіктер арнайы медальдармен және байқау Кубогымен марапатталды. Тарқатып айтар болсақ, «Үздік төреші» аталымын капитан Құсайын Умаров, «Үздік штурман» аталымын аға лейтенант Михаил Калнобрицкий, «Үздік комендор» аталымын кіші сержант Руслан Бекбусинов, «Үздік сигналшы» аталымын бас старшина Али Абиев иеленді. Сондай-ақ, Каспий өңірі мемлекеттерінің әскери ынтымақтастығын нығайтқаны және әскери қызметтің абырой-беделін арттырғаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен Сәкен Бекжанов, Айдос Дамаев, Рустам Жүнісов, Қайрат Шаршанкулов, Медет Сұлтанов марапатталды.
– Жолдасым үйде 24 күн болған жоқ. Ұзақ сапарға алғаш рет шығарып салып отырғандықтан, қызымыз екеуміз қатты сағындық. Елге жеңіспен оралатынына сендік. Өйткені отағасы, 4-ші жауынгерлік бөлімінің командирі Әділет Бағдабаев – өз жұмысын жақсы білетін маман. Бүгін жолдасымды жеңіспен күтіп алып, қатты қуанып отырмын. Өмірімді әскери адамға сеніп тапсырғаным үшін еш өкінбеймін, - дейді Назира Кедербаева.
Жарыстың қорытындысында 1-орынды Ресей мемлекеті иеленсе, 2-орынға Қазақстан мемлекеті лайық деп танылды. Ал, 3-орынға Әзірбайжан мемлекеті тұрақтады.
Ақпарат көзі: Мangmedia.kz.