Президент: Қазақстан Сауд Арабиясының инвесторларына түсті металдың 60 кен орнын ұсына алады
2022 ж. 25 шілде
35841
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына ресми сапары аясында ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады.
– Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.
– Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.