«Ақ жол»: Темір жол тұйықтары монополистерге емес, кәсіпорындардың өздеріне тиесілі болуы керек
2022 ж. 30 наурыз
17420
0
Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев ҚР Премьер-Министріне, ҚР Бас Прокурорына, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасына фракция атынан депутаттық сауал жолдап, монополистердің рейдерлік жолмен меншіктеп алған темір жол тұйықтарын кәсіпорындардың өздеріне қайтару қажеттілігін көтерді.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі депсауалдық толық мәтінін ұсынады.
***
Биылғы жылдың 24 наурызында Үкімет жанынан мемлекет экономикасын демонополизациялау жөніндегі комиссия құрылды. Премьер-Министрдің ресми сайтында хабарланғандай, телекоммуникациялар, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтері және басқа да салалардағы негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне беру Комиссия жұмысының негізгі бағыттары болып табылады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы бұл шешімді құптап, оны әлдеқашан пісіп-жетілген және кешіктірілген деп санайды.
Экономиканы заңсыз монополиялау фактілері туралы депутаттық сауалдар бұрын да біздің фракциядан бірнеше рет жолданған болатын, алайда осы уақытқа дейін бұл сауалдар антимонополиялық, құқық қорғау және сот органдары тарапынан немқұрайлылыққа және олигополиялардың қарсылығына тап болып отырды.
Мәселен, 2017 жылдан бері біз темір жол кірме жолдарындағы заңсыздықтар туралы бірнеше рет депутаттық сауал жолдадық. Бірақ жалаң жауаптар ғана қайтарылып келді.
Президенттің 2021 жылдың 26 қаңтарында бұл мәселе бойынша берген тікелей тапсырмасын мемлекеттік органдар орындамай қойып жатқанда не айтуға болады.
Президенттің биылғы жылдың 11 қаңтарында (Қаңтар қасіретінен кейін) Парламент Мәжілісінде аталмыш мәселені қайта көтеруінің арқасында ғана әлдебір қозғалыстар байқала бастады.
Мысалы, «Ақ жол» фракциясының 26 қаңтардағы кезекті сауалына Бас прокурордың отандық шенеуніктерге қатысты тергеулер мен қылмыстық істер ашылғаны туралы жауабы келіп түсті.
Одан бөлек, Антимонополиялық ведомство хабарлағандай, монополистер тарифі 90-95%-ға төмендетілген.
Бұл, әрине, қуантатын жағдай, бірақ, мұндай қадамдар мәселені шешпейді. Себебі, монополистерге дау басылғанда тарифтерді қайтадан 95%-ға не одан артық көлемде көтеріп тастауға ештеңе кедергі келтірмейді. Бұған дейінгі тәжірибеден көргеніміздей, шенеуніктер қаласа саңырау болып, мұндай манипуляцияларды жылдап байқамай отыра бере алады.
Сондықтан, 26-қаңтардағы сауалда біз тарифтерді жай төмендетіп ғана қоймай, қазіргі монополистердің кірме темір жолдарын иеленіп алуының заңдылығын тексеріп, оларды сол темір жолдарды пайдаланатын кәсіпорындардың өздеріне қайта қайтарып беруді талап еткен болатынбыз.
Біз нақты монополистердің темір жолдарға иелік етуінің күмәнді тұстарына нақты мысалдар келтірген едік. Антимонополия агенттігінің жауабында бұл ақпарат расталды – мәселен, біздің сауалда көрсетілген «ЦТС» АҚ 2015 жылы 1,7 млрд теңгеге 318 темір жол желісін сатып алғаны көрсетілген, ал қазіргі уақытта бұл мекеме әлдебір себептермен және ешбір саудасыз 705 жолды меншіктеп алған.
Оған қоса «заңбұзушылықтар анықталмаған» деген жауап беріледі.
«Ақ жол» фракциясы мұндай жауаппен келіспейді. Сауалдарымызда біз бұл темір жолдардың едәуір бөлігі әділетсіз сот шешімдері, ҚТЖ қарсылығы, кейде заң иелерін ескертпестен бөтен мүлікті қайта тіркеу арқылы рейдерлік жолмен тартып алынғанын дәлелдеген едік.
«Ақ жол» поштасына «ЦТС» АҚ мен өзге де монополистер меншік иелерінен темір жол тұйықтарын алып қойып, оларды сол аумақ арқылы вагондарының өтуі үшін миллиондаған қаржы төлеуге мәжбүрлегені туралы көптеген өтініштер келіп түсті. Соңғы айда ғана түрлі өңірлерден «Астык коймалары» ЖШС, «Союз-сервис» ЖШС, «Экон Энерджи» ЖШС, «Павлодарская нива» ЖШС және т.б. кәсіпорындардан өтініштер жолданды. Мұндай өтініштер жетіп артылады. Біз бұл өтініштердің барлығын мемлекеттік органдарға жолдаған болатынбыз, бірақ, шенеуніктер қазірдің өзінде де оларға еш назар аудармауда.
Осы орайда жоғарыда аталған демонополизациялау бойынша Комиссияның мақсатына қатысты сұрақтар туындайды – негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару қажет.
Мұндай көзқарас олигополиялар жемқорлық механизмдерін пайданала отырып темір жолдарды мемлекеттен ғана емес, жеке кәсіпорындардан да заңсыз тартып алған ұзақжылғы рейдерлік тәжірибені ескермейді.
Бұл мәселені шешіп, әділеттілікті қалпына келтірмей – Комиссия шешімдері толыққанды деп саналмайды, кәсіпкерлер мен өндірушілер өз жолдары үшін моноплистерге ақы төлеп, шығын мөлшерін тауар бағаларына қосып инфляцияны ұлғайта береді.
Осы орайда «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы экономиканы демонополизациялау жөніндегі Комиссия жұмысы аясында мемлекеттен нысандарды заңсыз жекешелендіруді тоқтатып ғана қоймай, темір жол желілерін меншік иелерінен рейдерлік жолмен тартып алулармен байланысты сот және өзге де шешімдердің күшін жоюды талап етеді.
Ол үшін Комиссия кәсіпорындардан темір жол желілерін рейдерлік жолмен тартып алу жөніндегі өтініштерді қабылдап, ал, Бас прокуратура ескіру мерзімін қоспағанда, мемлекеттік органдар жұмысындағы жүйелі олқылықтарды назарға ала отырып негізсіз шешімдерді жою үшін Жоғарғы сотқа, Әділет министрлігіне және ҚТЖ-ға тиісті наразылық жолдау мәселесін қарастыру қажет.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары