"Ақ жол": Шетелдік ірі мұнай-газ компаниялары ұлттық мүддемізге сай қызмет етуі керек
2021 ж. 22 желтоқсан
7719
0
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «Ақ жол» фракциясы атынан Премьер-министрдің орынбасары Р. Склярға депутаттық сауал жолдап, елімізде қызмет етіп жатқан ірі мұнай-газ компанияларының қызметі мәселесін көтерді.
«Қазақ үні» ақпарат агенттігі депутаттық сауалдың толық нұсқасын ұсынады.
***
Осыдан бір жыл бұрын, 2020 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Теңізшевройл» ЖШС (NCOC, КПО және ТШО) компаниялары арасында келісімге қол қойылып, мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығын және жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қорын құру жөнінде хабарланған болатын.
Әрине, бұндай хабарды көптеген қазақстандық кәсіпкерлер зор ынтамен қарсы алған болатын. Өйткені олар, бұл бастамада, жаңа өндірістерді ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісіне локализация жасау мақсаты тұр деп есептейді.
Алайда бір жылдан астам уақыт өте келе, Орталық пен Қордың құрылуына қарамастан, ауыз толтырып айтатындай қол жеткізген жетістіктерін көре алмай отырмыз.
Биылғы жылдың 27 науырызында «Ақ жол» фракциясы мұнай-газ саласы бойынша жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік беретін осы бастамалардың неге бірнеше айға созылғаны себептерін түсіндіруді және жобалардың іске асырылуын жеделдету жөнінде депутаттық сауал жолдады.
Ол сауалға министрлік тарапынан тиісті жауап алдық, бірақ сол жауапта көрсетілген нақты іс-шаралар қашан іске асатыны көпшілікке әлі күнге дейін анық емес.
Осы жылдың қыркүйек айында машина жасаушылардың форумы аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы осы мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту орталығының қашаннан бастап жұмысқа кірісетіндігі жөніндегі сұрағына, орталық өкілдері «тек келесі жылдың көктемінде миссиямызды анықтаймыз» деп жауап берген.
Келесі жылдың көктеміне дейін созуға қандай себеп? Және осы біз, құр сөзден, нақты іске қашан көшеміз?
Керісінше, олар бір жылды босқа кетірмей, отандық өндірушілерді тартып, қандай көмек, қандай қолдау керектігін біліп, қызу жұмыс атқарып жатуы тиіс.
Мұндай стратегиялық маңызы бар мәселенің шешілуін созу ұлттық мүддемізге қайшы деп санаймыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап отырып, қазіргі кезде 90-шы жылдары тек жер қойнауын пайдаланушылардың мүдделеріне бағытталған шарттарға, бүгінгі күні басқаша көзқарас керек сияқты. Тіпті, үш аса ірі мұнай өндіруші шетелдік компаниялары тікелей инвестициялар қорына қыруар қаражат бөліп отырғанда, құрылған орталықтың мынандай жайбарақат жүрісі таң қалдырады.
Жуырда, Парламент «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды қабылдап, Мемлекет басшысына қол қоюға жіберді. Осы заңға «Ақ жол» фракциясы, бірқатар кедергілерге қарамастан, шетелдік ірі жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен өзара іс-қимылында офсеттік саясатты іске асыру, кәсіпорындарға жаңа өнімге техникалық құжаттаманы сатып алуға жәрдемдесу бағытында түзетулер ұсынып, қолдауға ие болды. Бұл, қазіргі уақытта бәсекелестігімізді сақтау үшін өте қажет іс.
Біздің мақсатымыз шетелдік компаниялардан тек өндірілген мұнай-газдан салық алу емес, сонымен қатар елімізге жаңа технологиялар әкелу, инновациялық экономика құру, диверсификация жүргізу, тиісті мамандар даярлау.
Қаншама біздің жастар шетелден жоғары білім алып келіп, елімізден жұмыс таппай, нәтижесінде, қайтадан шетелге кетуге мәжбүр.
Мұнай-газ саласында құрылған машина жасауды дамыту орталығының мақсаты – ірі жер қойнауын пайдаланушы операторларды Республиканың машина жасау саласымен байланыстыра отырып, осы салада жергілікті кәсіпкерлердің біліктілігі мен әлқуатын дамыту.
Сондықтан, осындай орталықтың қызметі еліміздің стратегиялық дамуына маңызы зор болғандықтан, Орталықтың жұмысын үдету керек деп есептейміз.
«Ақ жол» фракциясы бұрын көтерген депутаттық сауалына нақты жауап ала алмағандықтан, келесі сұрақтарды қайталап қояды:
- мұнай-газ машина жасауды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың нақты жобаларға көшу мерзімдері мен бағыттары, оны қаржыландыру үшін шетелдік инвесторлар жоспарланған қаражат көлемі туралы;
- жергілікті қамтуды дамыту үшін тікелей инвестиция қорының қаражаты қандай бағыттарға, қалай жұмсалатындығы туралы;
- потенциалды компанияны таңдау және жергілікті қамту саясатын дамыту жұмыстарын қалай жүзеге асырылатыны жайлы ақпарат жолдауыңызды сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Е. Барлыбаев
Б. Дүйсенбинов
А. Әбілдаев
Д. Еспаева
А. Жұмабаева
Қ. Иса
А. Линник
Е. Өмірғали
М. Раманкұлов
Ғ. Хамзин