Ресейліктер Қазақстанда полиэтилен өндіретін зауыт салады
2021 ж. 08 қазан
4698
1
2021 жылғы 7 қазанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин "СИБУР Холдинг" ЖАҚ басқарма төрағасы Дмитрий Коновпен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тараптар Қазақстанның мұнай-газ химиясы өнеркәсібінде ірі инвестициялық жобаларды – полипропилен және полиэтилен өндірісін бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Атырау қаласындағы интеграцияланған газ-химия кешенінің базасында 2022 жылдың басында қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін бірлескен кәсіпорын ашу жоспарлануда. Алдағы уақытта қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының бірлескен жобасы іске асырылатын болады.
Аталған жобалар бойынша ынтымақтастықтың базалық шарттары бойынша келісімге KAZENERGY XIV Еуразиялық форумы шеңберінде СИБУР, "Самұрық-Қазына" АҚ және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ арасында қол қойылды.
А.Мамин мен Д.Конов сондай-ақ Қарашығанақ кен орнында бірлескен мұнай-газ химиясы жобаларын іске асыру, СИБУР кәсіпорындарында қазақстандық мамандарды даярлау перспективасын және өзара іс-қимылдың басқа да мәселелерін талқылады.
СИБУР – штатында 18 мыңнан астам адам жұмыс істейтін, Шығыс Еуропадағы ең ірі мұнай-газ химиясы холдингі. Жылына 2,5 млн тонна базалық полимер шығаратын ЗапСибНефтехим мұнай-химия кешені құрылысының жобасын жүзеге асырды. Sinopec-пен бірге қуаты жылына 2,7 млн тонна полиэтилен мен полипропиленді құрайтын Амур газ химиясы кешенінің құрылысын жүргізуде.
Кездесуге энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және т. б. қатысты.