Қазақстанда тағы бір банк лицензиясынан айырылды
2021 ж. 25 маусым
10692
0
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "CapitalBank Kazakhstan" АҚ банк және өзге де операцияларды жүргізуге және бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге берілген лицензиядан айырылғанын хабарлады.
Бұл шешімге банктің пруденциялық нормативтерді және басқа да міндетті нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзуы, қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамауы, банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы, Capital Bank Kazakhstan банкінің төлемге қабілетсіз банк санатына жатқызылуы себеп болған, - деп жазды sputnik.kz.
Лицензиядан айырылған күнгі ақпарат бойынша банк активтерінің мөлшері 38,5 миллиард теңге, кредит портфелі 33,9 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 30,4 миллиард теңге немесе банктің кредит портфелінің 89,8%-і – 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер.
Банктің өтімді активтерінің мөлшері 149 миллион теңгені құрайды, орындалмаған клиент төлемдерінің көлемі 15,0 миллиард теңгеден асады.
Агенттік банкке пруденциялық нормативтерді орындамауына байланысты 29 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, 67 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Былтыр банк акционері банктің қаржылық жағдайын жақсартуға қатысты жоспарын ұсынды. Осылайша сол жоспарды орындау барысында агенттіктің қатаң бақылауымен банк 2020 және 2021 жылдары банктің депозиторлар алдындағы 31 миллиард теңге сомасындағы міндеттемелерін төмендетті. Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан маңызды мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толығымен және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі өтелді.
Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99%-нің депозиттері "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-тың кепілдігімен толық көлемде өтеледі.
Барлық сұрақ бойынша Capital Bank Kazakhstan АҚ-тың уақытша әкімшілігіне +7 (727) 331 66 77 телефоны арқылы хабарласуға болады.