​Британдық мұнай компаниясы Қазақстанға қарсы талап арыз беріп жатыр

​Британдық мұнай компаниясы Қазақстанға қарсы талап арыз беріп жатыр

Мұнай-газ әлемінде үлкен дау туындауы мүмкін – ұлыбританиялық Victoria Oil & Gas (VOG) мұнай-газ компаниясы Энергетикалық хартияға сәйкес Қазақстанға қарсы талап-арыз беріп отыр.

Бұл туралы Global Arbitration Review – халықаралық арбитраж саласындағы жаңалықтарға арналған ресурсқа сілтеме жасап "Ақ Жайық" басылымы хабарлады.

Ресурстың ақпаратына сәйкес, VOG Атырау облысындағы Кемеркөл кен орнында мұнай барлау және өндіру жөніндегі келісімшартты бұзғаны үшін келтірілген залалды жүздеген миллион долларға бағалап отыр.

Қолжетімді деректерге сәйкес, VOG 2005 жылғы ақпанда «Saga Creek Gold Ltd»-дан  $8,5 млн-ға Кемеркөл кен орнындағы 100 пайыз үлесін сатып алды. Компания 2007 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнда 6 барлау ұңғымасын бұрғылауды жоспарлады. Алайда, 2008 жылы келісімшарт бұзылды: компания сайтында 2009 жылғы қаржылық есептілікте Атырау облысының экономикалық соты лицензияны қайтарып алғаннан кейін «Кемеркөл» активінің теңгерімдік құнына $35,5 млн мөлшерінде резерв жасалғаны көрсетілген.

«Біз Қазақстанның құқықтық жүйесінің шектеулері аясында өз мүддемізді қорғауды жалғастырып келеміз, оң нәтиже болады деп үміттенеміз, бірақ Виктория активтерінің жалпы портфеліндегі Кемеркөлдің ұзақ мерзімді экономикалық көрсеткіші барынша азайтылды», - делінген сайтта.

Kazservice ақпаратына сәйкес, қазір Кемеркөл кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы қазақстандық кәсіпкерлердің қол астындағы «АП НАФТА ОПЕРЕЙТИНГ» ЖШС-не тиесілі.

Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.