"Ақ жол" кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етті

"Ақ жол" кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етті. Тиісті депутаттық сауалды бүгін Мәжіліс отырысында фракция депутаты Кеңес Абсатиров жолдады.

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Ғ.Д. Нұрдәулетовке

Қазақстан Республикасының

Қаржы министрі

Е.К.Жамаубаевқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!

Құрметті Ерұлан Кенжебекұлы!

«Ақ жол» демократиялық партиясының атына кәсіпкерлерден бизнес нысандарын қолданыстағы заң нормаларына және мемлекет басшысы жариялаған мораторийге қарамастан қылмыстық қудалау шараларына жаппай тартудың жаңа зиянды тәсілдерін қолдану туралы хабарлары келіп түсуде.

ҚР Салық кодексіне сәйкес (18, 19, 138-баптар) салықтық тексеруді тек салық органдары ғана жүзеге асырады.

Алайда, Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу департаменті (бұдан әрі-ЭД) осы талаптарды айналып өтіп, мемлекеттік сатып алу нысандарындағы нақты немесе жалған залалдарды анықтау мақсатында

«маманы» (көбіне ЭД-нің немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі департаментінің қызметкерлері атынан) тартылады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) осындай «мамандардың» анықтамалары тіркелгеннен кейін кәсіпкерге және оның контрагенттеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу тағайындалады. Қосымша құн салығы және корпоративтік табыс салығы бойынша тексерулер жүргізу туралы қаулы шығарылады. Іске салық органдарының қызметкерлері кірісіп, шағын және орта бизнес үшін салық бойынша бұзылған сома қоса есептеледі.

Яғни, істі қозғауға салықтық тексеру органы емес, керісінше, салықтық тексеру тағайындаған бөгде адамның анықтамасы немесе қорытындысы негіз болып табылады.

Бұл заң қағидаларын тікелей бұзушылық болып табылады. Өйткені ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 79, 80-баптарына сәйкес «сарапшыларды» немесе мамандарды тарту қылмыстық іс жүргізу барысында ғана мүмкін, бірақ істі қозғау үшін емес.

Сонымен бірге салық заңнамасында бюджеттік салық міндеттемелерін айқындаудың салық органдарына қатысты емес мамандар тарапынан жасалған «анықтамалар», «қорытындылар» сияқты формалар жоқ.

Дегенмен жедел уәкілдің баянаты негізінде осындай анықтамалар СДТБТ-де тіркеледі. Осылайша ҚР қылмыстық-процессуалдық кодексінің 1 бөлімінің 179-бабы 1-тармағының тармақшалары бұзылады. Бұл қолданыстағы заң бұзушылық мәліметтері болмағанда қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тексеру, ревизия, аудит және т.б. актілерімен расталып, олардың міндетті болуында қылмыстық іс бұзушылық туралы баянатты тіркеуге жол бермейді.

Қайталап айтамын, бізде уәкілетті органды тексеру керісінше, іс қозғалғаннан кейін ғана жүргізіледі, бұл Салық кодексін де, қылмыстық-процессуалдық кодекстің де тікелей бұзады.

Мұндай тәсілдер жаппай орын алуда, одан Шымкент қаласының, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды және басқа да облыстардың кәсіпкерлері зардап шегуде.

Пандемия салдарынан 9 ай бойы бизнестің тоқтауы жағдайында экономикалық тергеу департаментінің мұндай теріс әрекеттері тікелей мағынада бизнеске қиындық туғызуда.

Бұл ретте, осы Департамент қозғаған істер бойынша салық органдары кәсіпкерден Салық кодексінің 264, 403-баптарында көзделмеген құжаттарды (тауар-көлік жүк құжаттары, жол парақтары, жұмыс уақытын есепке алу табельдері, ауысымдық баянаттар және т.б.) талап етіп, жүздеген миллион теңге қоса есептеліп, кәсіпкерлерді күдіктілерге айналдырып, олардың көп жылдар бойғы еңбегі мен іскерлік беделіне нұқсан келтіруде.

Экономикалық департаменттің мұндай теріс әрекеттерін Қаржы министрлігінің апелляциялық инстанциясына немесе сотқа шағымдану нәтиже бермей тұр.

Осының бәрі мемлекеттің экономиканы қалпына келтіру және ШОБ-ты қолдау жөнінде жұмсалған күш-жігерге зиян кетіруде.

Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП депутаттарының фракциясы:

1. Бас прокуратурадан кәсіпкерлерге қатысты бөгде мамандардың (оның ішінде ЭТД, СЖҚА) қорытындыларына негізделген қылмыстық істерді қозғаудың заңдылығына тексеру жүргізуді және мұндай істерді тоқтатуды сұрайды.

2. Қаржы министрлігінен:

- бизнесті тексеруге бөгде «мамандарды» қатыстыру қандай негізде жүзеге асырылатыны туралы ақпарат беруді;

- салықтық міндеттемелерді анықтау бойынша бөгде «мамандардың» қорытындылары негізінде кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау шараларына тыйым салуды;

-қылмыстық істің қатысушылары болып табылмайтын кәсіпкер-контрагенттерге қатысты ҚҚС және КТС бойынша тақырыптық тексерулерді тағайындау тәжірибесін тоқтатуды;

- мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) жөніндегі сот актілері болмаған кезде салық органдары тарапынан қосымша есептеу тәжірибесін тоқтатуды сұраймыз.

Құрметпен, «Ак жол» депутаттарының фракциясы