ҚАЗАҚ ЭНЕРГЕТИКАСЫНЫҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

        Әр елдің экономикасының дамуы және болашағы оның энергетикалық жағдайына, мұнай, газ, уран т. б. табиғи байлығының мүмкүншілігіне байланысты болады. Шикізат көлемі жеткілікті болса, сол ел басқаларға қарағанда ұтымды жағдайға ие. Егер де сол мүмкүншіліктерін тиімді пайдаланса нәтижесінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне оң әсер ететіні де сөзсіз.       Қазақстан Кеңестер одағының кезінде алпауыт империяның шикізат қоймасы болғаны белгілі, өкінішке орай, сол келешексіз және құрдымға апаратын бағыттан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Тек қана шикізат өндіру – ең оңай және жеңіл уақытша күн көрістің, алдамшы көзбояушылықтың тәсілі екенін бәріміз жақсы білеміз. Біз өзімізге өзіміз мәз болып, миллиондаған тонна, миллиардтаған баррель мұнайды немесе өзге де шикізатты өндіріп жатырмыз деп көкірегімізді ұрғанда алдымызға жан салмаймыз. Ал, ол қайда кетіп жатыр, одан қаншалықты пайда қөріп жатырмыз, нәтижесінде еліміз қандай деңгейге көтеріліп, қандай тың жаңалықтар келіп жатқанын жайында бірен-сараң кісілер білгенмен, көпшілік үшін құпия күйінде қалып келеді. Біз органикалық шикізаттың бүгін болмаса ертең, арғы күндері таусылатынын естен шығармауымыз керек. Болашақта әрі қарай қалай күн көреміз, сол тиынға кетіп жатқан шикізатты ертең жүз, мың есе қымбатқа қайтып сатып алмауымызға кім кепілдік бере алады? Осы бағытта біз бүгіндер қай жерге келдік, ертең және арғы күніміз не болмақ, соны ойлауымыз қажет.                                Аталмыш саланың маманы және азамат ретінде мен осы сұрақтарға жауап беруге әрекет жасап көрейін. Қазақстан Республикасы, әзірше, экономикасы даму үстіндегі, бағыттары белгіленген, өзін өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи шикізаттар жағынан бай, алпауыт мемлекеттердің бірі десек қателеспейміз. Біз жердің асты-үстіндегі жатқан барлық шикізатты өндіруді, көп болмаса да бірқатар өнім шағаруды үйрендік. Сол шикізаттық өнімдердің негізгі көлемі экспортқа шығарылады және ең арзан бағаменен. Ал шикізаттың бәрінен дайын өнім шықса бағасы әлдеқайда жоғары болатынын жақсы білесіздер. Өкінішке орай, тәуелсіздік алғалы, экономиканың бір-екі бағыттарында болмаса, біз ауыз толтырып айтатын үлкен өндірістерді іске қоса алмадық. Өндірістік бағыттағы сұранысқа ие түрлі өнім шығаратын тиімді экономиканы құра алмадық, бұл айтпасақ та түсінікті. Біздің бюджет сол шикізатты сатуға байланысты күйінде қалып отыр. Сол себепті  біздегі әлеуметтік-тұрмыстық ахуал, денсаулық, білім беру, мәдениет, қауіпсіздіқ тағы басқа салалар шикізаттың әлем деңгейіндегі мұнайдың бағасына тікелей тәуелді. Стратегиялық тұрғыдан маңызды, қысқа және ұзақ мерзімді үкіметтің жылдар бойы қабылданған бағдарламалары өкінінішке орай, ешқашан толық, өз деңгейінде орындалған емес. Ал, оған қыруар қаржы шығындалды. Дегенмен уақыты келген кезде еліміздегі экономиканың дамуына жауапты кісілер жаңа технологияның келмегеніне,инновацияның дамымағанына жауап береді ғой деп үміттенем. Ал енді ары қарай не істеу керек,қандай бағыт тиімді, алпауыт технологиялары дамыған елдерге қалай жетеміз? Олар соңғы бірнеше онжылдыққа бізден озып кеткенін білесіздер. Осыған орай еліміздегі экономиканы әртараптандыру мәселелерін әлем деңгейіне қайтсек жеткіземіз деген заңды сұрақ туады. Осы арада мен ерекше көрсетейін деген сала ол – жалпы энергетиканың негізгі тармағы электроэнергетиканы дамыту іс-шаралары, ертеңгі экономиканың драйвері, әртараптандырудың жаңа технологиялық дамудың баламасыз бағыты деп айтар едім. Бізде «жасыл экономиканың» концепциясы қабылданды, нақтылап айтқанда ол «жасыл энергетика». Оның ішіндегі бірінші қадам ол үлкен қарқынмен жүргізетін баламалы энергетиканың дамуы. Бүгінгі күні бірнеше жобалар Түркстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылды. Атап айтқанда, Түркстан облысы Қазығұрт ауданында Өгем өзенінің орта ағымында су электростанция каскадын (бірнеше) алдынала жобалау (ПредТЭО) жұмыстары басталды. Сол сияқты, осы облыста Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қаскасу өзендердің бойында бірнеше жобалар, Отырарда қуаты 50 Мвт КЭС(күн эл.станция) салынып жатыр.  2019 жылы тамыз айында Сайрамсу өзенінің жағасында ШГЭС «Кеңес-1» 2,5 Мвт (жобасы 3,75) іске қосылды, қасында ШГЭС «Кеңес-2» жобалау жүмыстары басталды. Бүгiнде баламалы энергетикаға байланысты керектi қысқа,орта, ұзак мерзiмге арналған барлык Заң, заңламалық актылар бар, бағдарламалар да жасалған. Қазақстан бойынша осы бағытта жасайтын мүмкiншiлiктер жеткiлiктi екенi белгiлi. Атап айтсақ, бiздiң елде электр қуатынын 70% көмiр пайдаланатын станцияларда өндiрiледi, ал бұл жағдай экологияға қалай әсер ететiнi бәріміз жақсы бiлемiз. Қазақстанда жоба бойынша 20000 Мвт электр қуатының 15000 Мвт тұтынылады. Әрине бұл қуат мөлшері кәзiрге жеткiлiктi. Егер ертеңiмiздi ойлайтын болсақ мiндеттi турде органикалық шикiзаттардың шексiз емес екенiн тусiнуiмiз керек. Осы жерде келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сұрақ туады. Сол үшін кәзiргi энергетикалық жүйенi баламалы қуат өндiруге бет бұрғызғанымыз абзал. Мысалы, желмен өндiретiн қуаттың Қазақстан бойынша әлеуеті 92 млрд.квтс/ж. Ал өзендерден өндiретiн электр куатының әлеуеті 62 млрд.квтс/ж., сондай-ақ күн сәулесiмен өндiрiлетiн қуаттың көлемi де сол шамада, әсiресе оңтүстiк өнiрде: Есесіне жел қуаты мүмкіндігі батыс-солтүстiк аймақтарда жеткiлiктi.         2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарық көрдi, кейiн заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңламалык актiлер қабылданды. Атап айтқанда Қазақстанның «жасыл энергетикаға» көшуі нақты индикаторлармен белгiленiп 2030 жылға 10%, ал 2050 жылға жалпы электр өнiмiнiн 50% ЖЭК(жаңартылган энергия көздерi)не жеткізуіміз керек. Кәзiргi уақытта ЖЭК көлемi жалпы өндiрiлетiн электр қуатынын 2,3 % құрайды. Энергетика Министрлiгi Заңға байланысты бiрқатар шараларды icке асырып жатқанын атап өткен жөн. Айталық өндірілген электр қуатын белгіленген тарифпен және аукционнан сатып алу, ҚЕАО (қаржы есеп айрысу орталығы) арқылы электр өнімін тарату жүйесі, инвестициялық жеңілдіктер, қаржылай міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін қосымша жинақ қорын құру, ЖЭО құрылымдарын орналастыру жөніндегі жоспар, инвестициялық шығындардың кепілдігін аукциондық тәсілменен азайту сияқты шараларды іске асырып жатыр. Негізі сараптама бойынша оңтүстік облыстарда біраз жобалар іске асырылып жатқанын атап айту керек, ал басқа өңірлерде қарқын баяу екенін байқаймыз. Келешекте жалпы стратегиялық мәні зор бұл бағытта барлық өңірлерде жақсы инновациялық жобалар іске асады деген үлкен сеніміміз бар.     Қазақстанның дамуына оның технологиялық әртараптандыруына күрделі және маңызды екінші қадам ол атом энергетикасының дамуы, өйткені өзімізде уран барын, оның қоры бойынша әлемде 2-ші орында екенімізді ескерсек,  ал оны өндіруден әлемде ешкімді алға жібермей келе жатқанымызды еске алсақ, экономикамыздың деңгейін жаңа инновациялық тиімді пайдалы жолға қоямыз деген мақсатты ұстансақ, бұл бағытта ең маңызды тіршілік ол атом станциясын салу болып табылады. Атом өнеркәсібінің дамуымен медицина саласында, ғылми-зерттеу бағыттарында жаңа мүмкіншіліктер пайда болып, экономикамыздың дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтуіміз керек. Кәзіргі заманауи технологиялардың деңгейі атом станциясын салуға, оның тиісті барлық халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолданып, істен шыққан қалдықтарды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отырса, ешқандай одан қорқыныш болмау керек. Керісінше ол бізге үлкен мүмкіншіліктер береді. Кезінде атом станциясын салу жөнінде біраз бір-біріне кереғар  пікірлер айтылғаны белгілі, ол түсінікті де. Бірақ атаом энергисының пайдалы, ұтымды жақтары жайында сауатты, тиісті мамандар түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Егер нақты ақпараттар берілсе, атомның қажеттілігі мен маңыздылығы айтылса халық қолдау көрсетеді ғой деп ойлаймын. Оның бергі жағында, басқасын айтпағанда көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып, құрылыстарын бастап жатыр. Сондай-ақ Белоруссия Островец атом станцияларының бірінші блогын іске қосып қойды.      Ал енді, үшінші ең күрделі мәселе бүл энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауларында энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру саласында еліміздің жалпы ішкі өнімінің энергия сиымдылығын 2020 жылға кем дегенде 25%-ға және 2050 жылға қарай кем дегенде 2 есе төмендету бойынша мақсат қойылған. Бүгінде Қазақстан ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) энергия сиымдылығының көрсеткіші орташа әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есеге, ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтасу және даму ұйымы) елдерімен салыстырғанда 4 есе жоғары, ал ТМД елдері арасында 5 орында келеміз. Бұл мәселенің маңыздылығын, тиімділігін, экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін мойындай отырып келешекте дамыған әлем деңгейіндегі елдердің қатарына қосыламыз десек кәзірден бастап қолға алып шүғыл әрекеттерге кірісуіміз қажет. 2012 жылы 13-қаңтарда «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» түбегейлі жаңа Заң қабылданды, оны іске асыру үшін қажетті норматвтік-құқықтық актілер бекітілді.Мемлекеттік энергетикалық тізілім түзілді, электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды, энергия тиімділгінің Картасы жасалды, энергетикалық аудит, энергия сервистік шарттар жүйесі еңгізілді. Бұдан да басқа керекті іс шаралар қолға алынып жатқанын атап өткеніміз жөн. Жоғарыдығы атап өткен бағыттар біздің экономикамыздың барлық салаларын қамтиды; бюджеттік мекемелер, түрғын-ұй коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өндірістері, құрылыс,транспорттың барлық түрлерін қамтиды. Қай саланы алмасаңыз да барлығы тиісті шикізаттпен өнімді тиімді пайдалануды көздейді, ол нарықтың заңы. Әрине, мемлекет деңгейіндегі экономиканы әртараптандыру,осы бағыттағы технологиялық, инновациялық үдемелі қадамдардың керектігі, өңірлік саясат жүргізу,кадр дайындау шаралары бүгінгі күні кезек күттірмейтін өз шешімін күтіп түрған күрделі мәселелер. Жоғарыдағы көрсетілген пікірлерімді қортындылай келе, менің ойымша, жалпы энергетика саласы келешекте, Қазақстан экономикасы, замануи жоғарғы технологиялық әлем алпауыттарымен терезесі тең болуы үшін өте маңызды шешуші орын алады деп айтар едім. Алға қойған мақсаттарға жету үшін біз бүгіннен бастап Еліміздің барлық өңірлерінде жаңартылатын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта атом станциясын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймын. Мақсұт ОРДАБАЕВ, инженер-электрик, ТМД-ның, Қ Р еңбегі сіңірген энергетигі