Елдегі шағын және орта бизнестің ахуалы қандай? - сарапшы

Шағын және орта кәсіпорындар (ШОК) экономикалық өсу үшін өте маңызды болып табылады. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, мұндай кәсіпорындар дамушы елдерде жұмыспен қамтудың жалпы көлемінің 45%-ын және ЖІӨ-нің 33%-ын құрайды. ШОК әлемдегі кәсіпорындардың 90%-ынан астамын құрағандықтан, олардың арасындағы қарқынды бәсекелестік ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық жұмыстардың (ҒЗТҚЖ) шығыстарының өсуіне әкеледі, осылайша жұмыссыздықты төмендетіп, экономикалық өсуге жәрдемдеседі.

ШОК жоғары деңгейде мемлекеттік кәсіпорындары бар өтпелі экономикаларда үлкен маңызға ие болғандықтан, дамушы елдердің бірі – Қазақстанның өзінің ұлттық экономикасындағы ШОК үлесін арттыруға дайын екендігі таңқаларлық жәйт емес. Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті әр түрлі агенттіктер мен механизмдер арқылы қолдайды, солардың бірі – кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, кәсіпкерлерді қолдау саласындағы іс-шараларды реттейтін ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті (КДД). Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталған басқа институттар арасында жаңа технологиялар трансферін ұйымдастыру және инновациялық қызметті қолдау арқылы кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған түрлі мекемелер бар.

Бұған мысал ретінде Инженерлік және технологиялық трансфер орталығы, кәсіпкерлікті дамытуға аналитикалық қолдау көрсету үшін құрылған «KAZNEX» экспортты дамыту және алға бастыру жөніндегі корпорация» АҚ, қаржылық және консалтингтік қызмет көрсету операторы ретінде құрылған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры сияқты квазимемлекеттік компанияларды атап өтуге болады. Іс жүзінде бұл қор қарыз алушының екінші деңгейдегі банктен несие алу үшін кепілдігі болмаған жағдайда кепілгер ретінде әрекет етеді. Сонымен қатар, қор кәсіпкердің пайыздық төлемдерінің 50%-ын өтейді және тиісті кеңес беру қызметтерін ұсынады. Бұған қоса, Қазақстан ШОК қызметін қолдау мақсатында технологиялық парктерді, бизнес-инкубаторларды және арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) дамытуда.

Қазақстандағы технопарктердің айрықша ерекшелігі олардың қызметінің секторларға бағытталуы болып табылады. Технопарктер негізінен университеттер мен институттар шеңберінде құрылып, осы университеттер тарапынан жасалған жаңа технологияларды коммерцияландыруды көздейді. Бизнес-инкубаторларға келсек, олар жаңа компаниялар үшін қажетті кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Сондай-ақ, бизнесинкубаторлар алғашқы үш жылда жаңа компанияларға арнайы кеңістік пен жабдықты ұсынады. Үш жылдан кейін компания инкубатордан кетіп, оның орнына басқа бір стартап-компания келеді. ШОК дамытудың негізгі механизмдерінің бірі ретінде АЭА Қазақстанда ерекше құқықтық режимге ие, ал оның қатысушыларының белгілі бір экономикалық артықшылықтары бар.

Елде он АЭА бар: «Астана – жаңа қала», «Ақтау теңіз порты», «Инновациялық технологиялар паркі», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі», «Бурабай», «Сарыарқа», «Павлодар», «Қорғас – Шығыс қақпасы» және «Тараз химиялық паркі». Бұл АЭА өз қатысушыларына салықтық жеңілдіктер береді, мысалы, бес жыл бойы корпоративтік табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы, қосылған құн салығы, әлеуметтік салық сияқты кейбір салық түрлерінен босатады. Сонымен қатар, экономикалық аймақтар АЭА аумағында тауарларды импорттау және экспорттау кезінде кедендік баж салығынан босату сияқты кедендік жеңілдіктер береді. Барлық осы мекемелердің қызметі қазақстандық шағын және орта кәсіпкерлікке оң әсерін тигізді. ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 2005 жылы 10,5%-дан 2016 жылы 26,8%-ға дейін өсті, бұл соңғы 10 жылда ШОК субъектілерінің ЖІӨ-дегі ең көп үлесі болып табылады.

Алайда, шағын және орта кәсіпкерлікке жеке-жеке қарайтын болсақ, 2005 жылдан бері шағын кәсіпкерліктің үлесі айтарлықтай ұлғайғанын, ал орта кәсіпорындардың өсу қарқыны төмен болғанын көруге болады. Шын мәнінде, ЖІӨ-де шағын кәсіпорындардың үлесі 2005 жылы 8,4%-дан 2016 жылы 22,1%-ға дейін өсті, ал орта кәсіпорындардың үлесі осы кезеңде 2,1%-дан 4,7%-ға дейін артты. Дегенмен, орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі 2010 жылы ең жоғары деңгейге, яғни 13,6%-ға жетті. Бұл көрсеткіш Қазақстанның соңғы кезеңде орта кәсіпкерліктен гөрі шағын кәсіпорындарды дамытуға мүдделілік таныта бастағанын көрсетеді. Шындығында, қазіргі таңда «Даму» қоры мен бизнес-инкубаторлар негізінен орта кәсіпкерлік субъектілеріне емес, шағын кәсіпорындарға ерекше назар аударуда. Іс жүзінде, 2016 жылы Астананың ЖІӨ-нің 57,4%-ы ШОК тарапынан өндірілді, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

Астанадан кейін Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласы келеді. Олардың ЖІӨ-деріндегі ШОК үлесі тиісінше 41,9% және 33,7% шамасында. Тек қана шағын кәсіпорындардың ЖІӨ-дегі үлесін өңірлер бойынша қарастырғанда, дәл сол ретті байқауға болады. Астана бірінші орында (49,8%), Батыс Қазақстан облысы мен Алматы тиісінше екінші (37,3%) және үшінші (27,6%) орында. Орташа кәсіпорындардың аймақтық ЖІӨ-дегі үлесін қарастырсақ, Астана тағы да бірінші орынға ие болады (7,6%). Орта кәсіпорындардың ЖІӨ-дегі үлесі 6,2% болып табылатын Солтүстік Қазақстан облысы екінші орында, ал ЖІӨ-де орта кәсіпорындардың үлесі 6,1%-ды құрайтын Алматы қаласы болса үшінші орында келеді. 2016 жылы Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 19,61 трлн. теңге (57,31 млрд. доллар) көлемінде тауарлар мен қызметтер өндіргенін атап өту маңызды.

Атап айтқанда, шағын кәсіпорындар 13,57 трлн. теңге (39,65 млрд. доллар) көлемінде тауарлар мен қызметтерді өндірсе, орта кәсіпкерлік субъектілері 3,48 трлн. теңге (10,17 млрд. доллар) өндірді. Бұдан басқа, жеке кәсіпкерлер мен егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер тиісінше 1,51 трлн. теңге (4,41 млрд. доллар) және 1,04 трлн. теңге (3,03 млрд. доллар) көлемінде тауарлар мен қызметтер өндірді. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтін адамдардың, жеке кәсіпкерлердің және фермерлердің саны 2005 жылдан 2016 жылға қарай 71,3%-ға артып, 3,16 млн. адамға жетті. Оның ішінде 1,29 млн. адам жеке кәсіпкер (40,67%), 1,25 млн. адам (39,4%) шағын кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейді, ал қалған 19,9% орта кәсіпорындарда және ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы фермаларында жұмыспен қамтылды. Жоғарыда келтірілген ақпарат Қазақстанның шағын және орта кәсіпорындарының жағдайы жақсы екенін және бірте-бірте өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Дегенмен, қазіргі таңда ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 25%-ды құрағандықтан, Қазақстан дамушы елдердің ЖІӨ-деріндегі орташа ШОК үлесіне жету үшін ШОК дамуын күшейтуі керек. Аталмыш көрсеткіш дамушы елдерде 33%- дан асады. Осылайша, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктер өсу әлеуетін әлі толығымен пайдаланбаған. Сондықтан, мемлекет ШОК қолдауға байланысты қызметін жалғастырған жөн.

Данияр Нұрбаев, Қазақ үні