ЕО мен Қазақстан арасындағы экономикалық интеграция

2020 жылдың 1 наурызында Еуропалық Одақ (ЕО) пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім (КСЫК) күшіне енді. Осылайша, КСЫК ЕО мен Қазақстан арасындағы қатынастардың нігізін қалаушы құжатқа айналды. Аталмыш құжаттың күшіне енуі нәтижесінде Қазақстан ЕО-мен серіктестіктің жоғары деңгейіне жеткен Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз мемлекет болды. Қазақстан ЕО-ның аймақтағы ең ірі сауда серіктесі және ЕО Қазақстанның негізгі сауда-инвестициялық серіктесі екендігін ескере отырып, КСЫК-ның жүзеге асырылуы, сөзсіз, ЕО-Қазақстан қарым-қатынасындағы маңызды кезең болып табылатынына көз жеткізуге болады.

КСЫК күшіне енгенге дейін, ЕО-Қазақстан қарым-қатынастары 1995 жылы қаңтарда қол қойылып, 1999 жылы шілде айында күшіне енген Серіктестік және ынтымақтастық туралы келісіммен (СЫК) реттелген еді. Тоғыз тараудан және 100 баптан тұрған жан-жақты құжат ретінде СЫК саяси диалог пен демократияны нығайтудың, сондайақ, сауда мен инвестицияны ілгерілету арқылы Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуіне қолдау көрсетудің институционалдық базасын құруға бағытталған еді. Бастапқы келісім жыл сайын автоматты түрде жаңару шартымен 10 жылға жасалған болатын. ЕО-Қазақстан қатынастары жан-жақты дамып, СЫК сәтті жүзеге асырылғандықтан, тараптар туындаған саяси және экономикалық өзгерістерге сәйкес келу үшін қатынастарды жаңарту қажеттілігін түсінді. Нәтижесінде 2011 жылғы 27 маусымда Брюссель қаласында жаңа келісім бойынша келіссөздер басталып, екі тараптың өзара іс-қимылының ең жоғары тетігі ретінде ҚазақстанЕО ынтымақтастық кеңесі құрылды. Ортақ күш-жігермен 2015 жылы 21 желтоқсанда Астана қаласында КСЫК-ға қол қойылды. 2016 жылдың мамыр айынан бастап КСЫКның үштен екі бөлігі уақытша қолданылатын болды.

ЕО-ға мүше барлық мемлекеттер мен Еуропалық Парламент КСЫК-ны бекіткеннен кейін 1999 жылғы келісім күшін жоюып, 2020 жылдың 1 наурызынан бастап КСЫК ЕО мен Қазақстан арасындағы қатынастардың іргесін қалайтын жалғыз құжатқа айналды. Саясаттың 29 негізгі бағыты бойынша құқықтық базаны қамтамасыз ететін жаңа келісім кіріспеден, тоғыз бөлімнен, 287 баптан және бірқатар қосымшадан тұрады. КСЫК негізгі мақсаты – ЕО мен Қазақстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету және нығайту, сондай-ақ, ғылым-білім, инновациялар және жасыл технологиялар, көлік және логистика, энергетика және қоршаған ортаны қорғау сияқты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын кеңейту. Келісім ЕО-ның негізгі құндылықтары ретінде демократиялық қағидаларды, заң үстемдігін, тиімді басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге ықпал ететін саяси диалогты кеңейтуге басымдық береді.

Экономикалық артықшылықтарға көбірек көңіл бөлген СЫК-мен салыстырғанда, жаңа келісім саяси серіктестік құруға және Қазақстандағы реформаларға іс жүзінде үлес қосуға бағытталған. КСЫК сонымен бірге Орталық Азияда тұрақтылықты сақтау мен қақтығыстардың алдын алу үшін маңызды болып табылатын тығыз аймақтық ынтымақтастықтың жағдайларын жақсартуға бағытталған. Осыған байланысты, тараптар сыртқы саясат пен қауіпсіздік салаларында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Экономикалық салада 2016 жылдың мамыр айынан бастап тараптар КСЫК «Сауда және кәсіпкерлік» бөлімін жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, КСЫК аясында Сауда бойынша ынтымақтастық комитеті және кеден, энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі кіші комитеттер жұмыс істейді. Сонымен қатар, саудадағы техникалық кедергілерді реттеу бойынша ынтымақтастықты нығайту және ашықтықты қамтамасыз ету туралы тарау алдағы ынтымақтастыққа септігін тигізбек. Санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық мәселелер бойынша, сондай-ақ, зияткерлік меншік саласындағы техникалық регламенттерді, стандарттар мен рәсімдерді жеңілдету және үйлестіру екіжақты сауданы кеңейтіп, Қазақстанның ЕО-ға мүше мемлекеттерге экспортын ілгерілетеді деп күтілуде. Бұған қоса, кедендік ынтымақтастық туралы тарауда кеден заңнамасын жетілдіру және кедендік рәсімдерді жеңілдету тетіктері қарастырылған. Келісімдегі тағы бір маңызды жаңалық – мемлекеттік сатып алу туралы тарау. Бұл тарау коммерциялық сату және қайта сату мақсатында емес, тек мемлекеттік мақсаттардағы сатып алуларды реттейді.

Алдыңғы келісімде мемлекеттік сатып алу туралы арнайы ереже болмағандықтан, бұл ынтымақтастықты неғұрлым кешенді түрде қолдайтын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шетелдік жеткізушілерге ұлттық режимнің ұсынылуы туралы ереже Дүниежүзілік сауда ұйымының балама ережесіне сәйкес келгендіктен, бұл ереже «ДСҰ плюс» деп аталады. Бұл бөлім Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігіне ғана емес, сонымен қатар Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ алдындағы міндеттемелеріне сәйкес әзірленді. ЕО мен Қазақстан арасындағы сауда ынтымақтастығы тұрақты дамып келе жатқанын атап өткен жөн. КСЫК ережелерінің орындалуы тиімді және тең құқылы сауда ынтымақтастығына әкеледі. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 31,3 млрд. долларға тең болды, бұл Қазақстанның жалпы тауар айналымының үштен бір бөлігін құрайды. 2005-2019 жылдары ЕО елдерінен тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 151 млрд. долларға жетті, бұл Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың жартысына жуығын құрайды. Еуропалық компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылатын жалпы құны 9 млрд. доллар болатын 20-ға жуық ірі инвестициялық жоба бар. Сонымен қатар, Қазақстанда Еуропаның қатысуымен 4 мыңнан астам компания және 2 мың бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Адамдар арасындағы байланыстар тағы бір маңызды жетістік болып табылады. Қазақстан мен ЕО азаматтары үшін виза рәсімдерін жеңілдету туралы келісім, сондай-ақ, реадмиссия туралы келісім бойынша келіссөздер өткізу мүмкіндігін қарастыру шарасы іске асырылған жағдайда жергілікті деңгейде ынтымақтастықты қолдауға септігін тигізбек. Сонымен қатар, табысы орташадан жоғары деңгейдегі ел бола отырып, Қазақстан әлеуетті дамыту жобаларына басымдық беретін бағдарламалар аясында ЕО-дан қаржылық және техникалық көмек алуға құқылы.

Азаматтық зерттеулер мен ғылыми-технологиялық дамудың барлық бағыттарындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ, Қазақстанның ғылыми-зерттеу субъектілерінің әлеуетін арттыру бойынша ынтымақтастықты кеңейту перспективалары академиялық қауымдастықты ынталандырады. ЕО тарапынан қаржыландырылатын ең танымал Эразмус+ бағдарламасы аясында қазақстандық студенттер мен оқытушыларға Еуропада білім алу үшін шамамен 2 мың грант бөлінгенін, ал еуропалық студенттерге Қазақстанда білім алу үшін 800 грант бөлінгенін айта кету керек. Келісім аясында, ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық кеңейтіліп, әртараптандырылады деп күтілуде. Нақтырақ айтсақ, көмірсутекті энергия, жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі және энергия үнемдеу туралы уақытша қолданылған ережелер озық тәжірибелерге сәйкес бәсекеге қабілетті, ашық және кемсітусіз энергетикалық нарықтарды реттеуші реформалар арқылы дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді деп күтілуде. Осы жерде айта кету керек, Қазақстаннан жеткізілімдер ЕО-ның мұнайға деген сұранысының шамамен 6%-ын және ЕО-ның уранға деген сұранысының 21%-ын құрайды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен энергетика саласындағы тұрақты дамуға жәрдемдесу климатты қорғаудың жаһандық шараларына маңызды әсер етеді. Жалпы алғанда, КСЫК алдағы онжылдықтардағы ынтымақтастық шарттарын анықтайтын негізгі құқықтық базаны ұсынады. Бұл тұрғыдан алғанда, ЕО мен ТМД елдері арасында алғашқы болып Қазақстанның КСЫК-ға қол қоюы тараптардың өзара әрекеттестік пен мүдделілік деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл аймақтағы басқа мемлекеттер үшін нұсқаулық бола алады, өйткені Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан тиісті келісімдерін жаңарту жолында екені белгілі.

Бұған қоса, ЕО-ның Орталық Азия аймағына деген қызығушылығының артуы КСЫК тетігі арқылы ынтымақтастықты жүзеге асыруды көздейтін 2019 жылы қабылданған ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясындағы ынтымақтастық бастамаларынан айқын көрінеді.

Альбина Мұратбекова, Қазақ үні