Президенттік қолдау: Шағын кәсіпке жеңіл несие беретін бағдарлама іске қосылады
2020 ж. 23 сәуір
1323
0
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі еліміздегі шағын және орта кәсіп иелерін жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнес иелеріне мемлекет қандай қолдау шараларын көрсететінін мәлім еткен еді.
Сондай-ақ департамент директоры «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына да қазіргі жағдайға байланысты көптеген саланың қосылатындығын атап өтті.
«Біз осы бағдарлама шеңберінде қолданылатын салалар тізбесін кеңейттік. Мысалы күріш өсірушілер, наубайлар, кондитерлік өнім өндірушілер, жеңіл металл конструкцияларын жасау секілді салалар осы бағдарлама шеңберіне енгізілді», - деді Шыңғыс Ахметов.
Департамент директоры Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бағдарлама бойынша жобаларды қаржыландыру үшін жалпы несиелеу көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын жеткізді. Бұрын бұл бағдарлама шеңберінде бөлінген қаражаттың көлемі – 600 млрд теңге болатын.
«1 трлн теңгенің ішінде 700 млрд теңге агроөнеркәсіп кешені саласындағы өңдеу мен өндіруге, 300 млрд теңге өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына бағытталады. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 100 млрд теңге көктемгі егіс жұмыстарына жіберіледі.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиенің 5 млрд теңгеге дейін – кепілдендік мөлшері 30 пайызды құрайды. Егер қаржыландыру сұранысы 3 млрд теңгеден аспайтын болса мемлекет тарапынан берілетін кепілдік 50 пайызды құрайды», - деді ол.
Шыңғыс Ахметов өз сөзінде «Бизнестің жол картасы - 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша оператор – «Даму» қоры болып қала беретінін жеткізді.
«Аталған шаралармен қатар ҚР Ұлттық банкі төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасын іске асыруға кірісті. Осы мақсатқа 600 млрд теңге бөлінеді. Несие мерзімі – 1 жылға дейін 8 пайыздық мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыруға беріледі», - деді департамент директоры.