Баталов Алматы облысындағы барлық интернаттарда жөндеу жүргізілетінін айтты
2020 ж. 27 ақпан
1728
0
Кеше облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында ел алдындағы есеп беру жиынын өткізді. Жиында облыс әкімі 2019 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен биылғы жылдың міндеттері туралы баяндама жасады.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баяндамадан соң тұрғындардың сауалдарына кезек берілді. Облыс әкіміне залдан барлығы 29 адам 50-ден астам сұрақ қойды. Сұрақтарда жолдарды жөндеу, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, ішкі туризмді дамыту, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері, тұрғын үйді құжаттарын рәсімдеу мен жекешелендіру, әкімнің жеке қабылдауына жазылу, арық жүйелерін жөндеу, жабайы саудамен күрес т.б. мәселелер қамтылды.
Мәселен, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айгерім Берекешова Панфилов ауданында құны 76 млн. теңге болатын, қуаты 100 МВт күн электр стансасының құрылысына байланысты жобаның Өңірлік үйлестіру кеңесінде үш айдан бері жатқанын айтып, сол жұмысты қузап беруді сұрады. Сол сияқты американдық инвесторлар «Қорғас» ХШЫО аумағына жобаларын ұсыну үшін облыс әкімімен кездескісі келетінін де айтты. Облыс әкімі өз кезегінде кәсіпкерлік және ИИД басқармасына күн электр стансасына қатысты мәселені жылдам қарап, шешуді тапсырды. Сонымен бірге шетелдік инвесторларды қабылдау уақытын анықтап айтып, міндетті түрде қабылдайтынын жеткізді.
Сол сияқты жиында Жамбыл ауданы Бірлік ауылына жол, су, газ, интернет қосу қажеттігі туралы мәселе қозғалды. Амандық Баталов Жамбыл ауданының әкімі Б. Әлиевке: «Сол ауылға арнайы барып, тұрғындармен жиын өткізіп, қандай қажеттіліктері бар екенін анықта. Сосын оларды шешуге қанша қаржы керек, қарастырайық. Кез келген аудан әкімі өз ауылдарының жағдайын бес саусақтай білуі керек», - деді.
Түркістан облысы Арыс қаласынан арнайы келген Роза Абдраманова қайғылы апаттан қирап қалған үйлерін Алматы облысының құрылысшылары қайта салып беруінің арқасында жаңадан үйлі болып, өмірді қайта бастап жатқандарына шын жүректен ризашылығын білдірді. Сол сияқты азық-түлікпен, киім-кешекпен, жалпы жан-жақты көмек көрсеткен қазақстандықтардың ішінде жетісулықтардың да бар екенін атап өтті. «Бүкіл Қазақстан халқы кез келген қиындықта бір-біріне қолдау көрсетіп, мейірімділік таныта білетінін көрсетті. Оңтүстіктегі елдің, Арыс тұрғындарының атынан осы кездесуге арнайы қатысып, көптің рахметін жеткізсем деп келдім», - деді Р. Абдраманова. Облыс әкімі арыстық азаматқа жетісулықтардың атынан алғыс айтып, пейілін білдірді.
«Жігер» мүгедектер қоғамының басшысы, «Рахмет үшін – За спасибо» дүкен-жобасының жетекшісі Ажар Қыдыралина текстильді өңдеп, қайта кәдеге жарататын жобасына қаржылай қолдау сұрады. Сол сияқты Панфилов ауданының тұрғыны Батырхан Алмаз асыл тұқымды ешкі өсіріп отырғанын, оны 1 жарым жылдан бері аудандағы туберкулез ауруханасына тегін беріп келе жатқанын тілге тиек етіп, осы шаруашылықты одан әрі кеңейту үшін сауын аппараттары, тоңазытқыш сияқты құрал-жабдықтар қажеттігін айтты. Яғни оны сатып алу үшін қаржылай қолдау қажет. Облыс әкімі текстиль өңдеу жобасының мәселесін микрокредит беру арқылы шешуді, ал ешкі шаруашылығына «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген несиелер арқылы қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге Талдықорғанда үкіметтік емес ұйымдарға арналған орталық салу керектігін айтты.
Алма, алмұрт өсіретін бағы бар «Сотникова» жеке шаруашылығының жетекшісі, ескелділік Евгения Сотникова бактериялық күйік ауруына қарсы қандай да бір шара қолданылмаса, бау-бақшаларын сақтаудың қиынға түсетінін айтып көмек сұрады. Жауаптан белгілі болғанындай, биылға дейін бұл ауруға қарсы шараларға субсидия бөлінбей келген. Биыл бұған арнайы қаржы қарастырылып отыр. Карантин қызметі зерделеу жасап, 700 гектар жерді анықтап, оған қарсы шараларға 367 млн. теңге бөлініп отыр.
Блогер-журналист Жанна Ахметова жағдайы сынға алынған облыстағы мектеп-интернаттар туралы сұрақ қойды. Амандық Баталов облыста жұмыс тобы барлық интернаттарды комиссиялы түрде қарап шыққанын, соның қорытындысы бойынша оларға жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтты. «Ақсу ауданында болғанымда Сиқымов атындағы мектеп-интернатына бардым. Оған біз 2015 жылы арнайы қаржы бөлгенбіз, қазір ол интернаттың жатақханасында оқушыларға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Облыстағы барлық мектеп-интернаттар осы үлгіде болуы тиіс», - деді А. Баталов.
Сол сияқты осы есепті жиынға бірнеше аудан онлайн режимде бейнебайланыс арқылы қосылды. Тікелей желіде Қаратал, Кербұлақ, Талғар аудандарының тұрғындары сұрақ қойды. Қараталдықтар Көпбірлік ауылының жолын жөндеу мәселесін көтерсе, Сарыөзек тұрғындарын кенттегі ауыз су мәселесі мазалайды. Талғарлықтар «Саз-Талғар 7» су қоймасына жөндеу жүргізу қажеттігін айтты. Аталған мәселелердің барлығы да жергілікті атқарушы органдардың назарында. Мәселен, Көпбірлік пен Бәйшегір ауылы арасындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 471,1 млн. теңге қаражат бөлініп, жолдың жөндеу жұмыстары осы жылдың қараша айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал Сарыөзек ауылының ауыз суына қатысты жобаның IV кезеңінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілуде. Оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге сұралып отыр. Облыс әкімі республикадан қаржы бөлінгенін күтіп отырмай, ортақ қаржыландыру негізінде облыстық бюджеттен қаражат бөліп, құрылыс жұмыстарын бастай беруді тапсырды. Сонымен бірге Талғардағы «Саз-Талғар 7» су қоймасын жөндеудің ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Екінші жарты жылдықта құрылыс жұмыстары басталуы тиіс.
Жалпы есепті жиын 4 сағатқа созылды. Осы күні жетісулықтардан облыс әкімінің ресми сайты мен әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимде облыс әкіміне тағы оннан астам сұрақ келіп түскенін де атап өту керек.
Есепті жиын барысында Б. Римова атындағы драма театрының екінші қабатында барлық облыстық басқармалардың басшылары мен мамандары түрлі сұрақпен келген азаматтарға қабылдау өткізіп, сұрақтарына жауап беріп, кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.