Білім саласындағы бассыздықтар

Біз неге тіл мәселесінде жалтақтай береміз?

билим

Қазақ тіліне қатысты туып отырған даудың себебіне үңілсең еріксіз ашуың келеді. Өйткені бұның барлығы өзіміздегі биліктің саяси солқылдақтығынан туып отырған жасанды жәйттар. Мәселен, өткендегі Теміртаудағы мектепке байланысты өрбіген оқиғаны алайық. Қаладағы 32 мектептің 4-і ғана таза қазақ тілінде білім беретін болып шықты. Бұны біздің шенді-шекпенділердің білім саясатындағы жіберіп отырған үлкен қателігі, тіпті саяси соқырлығы деу керек. Себебі, олар қазақ тілін өркендету үшін жасалып жатқан шаралардың барлығын жоққа шығарып, қазына қаржысына мектептерде Ресейдің болашақ азаматтарын оқытып әлек болып жатыр. Осылай демеске амал жоқ. Әлде бұлардың бірыңғай орысша білім алып шыққанына мемлекет мүдделі ме? Мемлекетіміздің ішкі саясаты, өзіміздің ұлттық мүдде қайда қалады сонда? Бұдан қорытынды шығарсақ, Қазақстанның болашағына қазақ тілі керек емес. Орыс тілі өзге мемлекеттің тілі. Мемлекеттің оқушыларды осы тілде оқытып текке шығынданып жатқанына қарағанд,а қазақ тілінің болашағына қатысты айтылып жатқан көп баяндаманың көпірме сөз екеніне көзің жетеді. Әйтпесе, бәрі керісінше болып, 32 мектептің төртеуі ғана орысша, қалғаны тек қазақша оқытуы тиіс еді.. Біз Башқұртстан мен Татарстан сияқты Ресейдің құрамында емеспіз. Құлдықтың қамытын қайтып кигіміз де жоқ. Олардың конституциясында орыс тілі ресми тіл деп көрсетілсе, біздегі атқамінерлердің оны ресми мәртебесінен айырудан неге жүрексініп отырғаны белгісіз. Ресми тіл статусын алатындай орыс тілінің еліміздегі басқа тілдерден ешқандай артықшылығы жоқ. Орыс тілі де еліміздегі өзге ұлт тілдері сияқты диаспораның тілі. Кірме, келімсектердің тілі. Ал оларды басымызға шығарып, диаспораның тілін мемлекеттік деңгейге көтеріп тастаған жалпақшешейлігіміз ақылға сыймайтын әрекет. Қазақстанның көп бастамасына көршілердің күлетіні осыдан. Тіпті экономи­калық жетістігімізді жиі салыстыра қарайтын өзбектердің өзі «орыс болғың келсе, алдымен, қазақ бол» деп бізді мазақ қылады. Әйтеуір тілге қатысты саясаттың дүбәра тұстары өте көп. Жоғарғы оқу орындары жөнінде де осылай деуге болады. Университеттердегі оқу әдісі де әлі қазақ және орыс топтарын екіге бөліп оқытқан Кеңес кезінен келе жатқан ескі жүйемен жұмыс істейді. Егер үкіметтің қазақ тіліне қатысты айтқан уәделері шын болса, қазірден бастап болашақ кадрларды неге тек қазақ тілінде тәрбиелеуді қолға алмасқа? Оларды орыс тілінде оқытып шығарудың және оған мемлекеттің есебінен көп ақша бөліп шығынданудың мақсаты мен мәнісін түсіне алмадық... Еуропа елдерінің логикасына салсаң, олар мұндайды мемлекеттің қаржысын текке шашу, ақылға сыймайтын абсурд деп бағалар еді. Өкінішке қарай, бізде осындай ақылға сыймайтын, тіпті мемлекеттің тұтастығына қауіпті ысырапшылдықты қалыпты нәрсе деп қабылдайтын санасыздық қалыптасқан. Білім саласындағы бассыздық осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай өз тілін білмейтін, ұлтының уызына жарымаған шала қазақтардың тағы бір толқыны шығатынына күмәніңіз болмасын. Өйткені, отарсыздану процесін қазірден бастап қолға алмасақ, кейін оның зардабын тағы тартатынымызға шүбә жоқ. Мемлекеттік тіл, ең алдымен, қалада қалыптасады. Өйткені, ол заман ағымына қарай бейімделіп, технология мен ғылым жаңалықтарына ілесе отырып дамуы тиіс. Әйтпесе көштен қалып қояды. Ал техника тіліне айнала алмаған тіл бұқараның қатынас құралы болудан қалады. Біз қазір осы үдеден шыға алмай отырмыз. Қолымызда барлық мүмкіндік бола тұра, тілдің дамуына қасақана кедергі жасаудамыз. Ал мемлекеттің төл тілінде түсінісе алмайтын ел Ұлт болып ұйысу мүмкіндігінен айырылады. Біздің діттегеніміз осы ма сонда? Еліміздегі осындай болашағы бұлыңғыр бастамаларды ойша қорытып қарасаң, біз келешекте Қазақ мемлекетін емес, дүбәралар мемлекетін құруға жанталасып жатқанымыздай әсер аласың. Шетелден келетіндердің Қазақстаннан Ресейдің әлдебір губерниясына келіп-кеткендей әсермен қайтатыны да осыдан. Ең өкініштісі, осындай түсініксіз түйткілдерге ел тұтқасын ұстағандардың өзі түрткі болуда. Себебі, бұндай былықтарды реттеп отыратын нақты ұлттық идеология мен бағдар жоқ. Оны қалыптастыруға талпыныс тағы байқалмайды. Бұл істің алға жылжуына Қазақстандағы саясаттың негізгі тізгінін орыстілділердің ұстап отырғаны да кедергі келтіруде. Ал олар жуық арада қазақ тілін тиісті тұғырына қондырып, оны мемлекеттік идеологияның өзегіне айналдыруға құлықсыз.

Жолымбет Мәкішев