«Болашақтықтардың» болашағы Ай-ти мамандықтарын меңгеруінде

Бұндай ойға келуімізге осы күнге дейін «болашақтықтардан» ұлттық кадрлардың шықпауы себеп болды. Шетелге барып түйсігі қазақ тілінде оянып, қазақтың иісі аңқып тұрған маман бола алмайтыны белгілі болған соң, технологияның құлағында ойнап еліміздің ақсап тұрған саласын дамытар болса ол да қуантарлық жағдай. Үстіміздегі жылдың 14-16 қыркүйекте Астананың Тәуелсіздік сарайында өткен Dіgіtal Communіcatіon Kazakhstan-2011 көрме-конференциясында «болашақтықтардың» әртүрлі шетелдік ай-ти компанияларында беделді қызметтер атқарып жатқанын көріп марқайып қалдық. «Болашақ» түлектері еліміздегі ең ірі шетелдік және ұлттық компания өкілдерімен қоян-қолтық араласып, көңілдеріне қонымды қызмет табуға мүмкіндік алыпты. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында, Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық ақпараттық-коммуникациялық көрме-конференция аясында, тәуелсіз еліміздің мол қаражатына, әлемнің үздік оқу орындарынан білім алған, «Болашақ» халықаралық стипендиатының әкімдеушісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ шетелге оқуға үміткерлерге бос орындар жәрмеңкесі өтті. Бүгінгі болашақтықтар елдің индустриалды-инновациялық дамуына қажетті зияткерлік алаң екендігі айтпаса да түсінікті. Dіgіtal Communіcatіon Kazakhstan-2011 көрмесінде байқағанымыз, мемлекетіміздегі ақпараттық технологиялар саласында қызмет атқарып отырған жетекші компаниялар мен қызмет көрсету мекемелерінің басшылық өкілдері де осы «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Ендеше, осы күнге дейін білім саласына жұмсалып келген қаржымыз желге ұшпағандығының, ерен еңбегіміздің құмға сіңбегендігінің бір айғағы осы. Экономикасы дамыған, ақпараттық технологиялар алдыңғы қатардағы шет мемлекеттерден, дәл осы Ай-ти мамандығы бойынша білім алған жастардың бүгінгі қоғам үшін қажеттігі зор. Өйткені, олар өзге елдің жақсы жетістіктерін өз еліміздің мүддесі үшін, ұлттық жаңа ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы үшін қолданатындықтары сөзсіз. Жалпы алып қарағанда, Ай-ти мамандары қай елде болмасын өте сұранысқа ие. Ал, бүгінде әрбір болашақтық «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» - деген аталы сөзді алдыға тартып, отанымызға оралғанды жөн көрсе игі еді. Шындығында, олардың отанға оралуына басты себеп, елге деген ерекше сүйіспеншілік болса, оған қоса бүгінгі таңдағы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының, президенттік стипендияны тағайындау кезінде қойып отырған талаптарының күшейтілуі де себеп болған сияқты. Ең бастысы, бұрынғыдай қолына грантын алып кете беретін студент қазірде жоқ. Олардың барлығы жіті қадағалауға алынады. Сондай-ақ, оқуын бітіріп келіп, мемлекеттің қаржысын елге еңбек етіп өтегенше, баспанасы кепілде болады. Мұның барлығы дерлік, болашақтықтар үшін жақсы бастама болған сияқты. Өйткені, осы күндері еліміздің озық технологиялар, жалпы қай салада болмасын «Болашақ» бағдарламасының түлектері терең білімдері мен жаңа технология саласындағы біліктілігімен алға шығып отыр. «Мен «Болашақ» бағдарламасы арқасында Малайзияның Мультимедиа университетін ІТ мамандығы бойынша биыл бітірдім, - дейді көрмеге келген Бейбіт Әбдікенов, - Бұл үлкен шара ай-ти мамандарына саланың қазіргі жаңалықтарына қанығып, даму көкжиегіне үңілуге мүмкіндік береді. Қазақстанда мемлекет тарапынан үлкен шаралар атқарылуда. Көптеген ай-ти компаниялар өз қызметтерін осы мемлекеттік қолдау арқасында дамытуда. Мен алда осы салада жұмыс істеп, қазақстандық озық ай-ти компанияның құрылуына үлесімді қосқым келеді» дейді президенттік стипендияның түлегі. Көрме-конференция аясында өткен баспасөз мәлімдемесінде «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Саясат Нұрбек көптеген сұрақтарға жауап берді. Сауалдар негізінен түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде болды. - ««Болашақ» түлектерінің 85 пайызы Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істеп жатыр. Тек, 15-пайызы ғана өзге өңірлерде. Дәл осы бір мәселені шешу үшін де жан-жақтылы бағдарлама жасалыну үстінде. Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері арасында еліне білімінің жемісін бере бастаған мамандар аз емес. Мысалы; Майя Сарсетова-Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың балалар кардиохирургі, Әнуар Кенжетаев- Павлодар облысының әкім аппараты жетекшісінің орынбасары, Мағжан Әуезов- «Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры, т.с.с.» Расында, біз білетін жас ғалымдар мен білікті дәрігерлер, ақпараттық технологияның қыр-сырын толық білетін таптырмас мамандар, сондай-ақ, мемлекеттің жоғын жоқтап жүрген саяси ой пікір иелері арасында «Болашақ» түлектері жетерлік. Нақты айтсақ, басым көпшілігі де солар болып келеді. Қуантарлық жағдай. Өйткені, бұл өрендер үшін еліміз аз қаражат жұмсап отырған жоқ. Тек 2010 жылдың өзінде 17 млрд. теңге жұмсалған екен. Бастысы, болашағымыз деп сенім артып, барымызды берген жастардың үкілі үмітімізді ақтағандығы. Гүлшекер Хуанбай, Астана қ.