Түркия грантының иегерлері анықталды
2018 ж. 03 қыркүйек
3336
0
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия квотасын жеңіп алған талапкерлерге тегін білім беру сертификаты табыс етілді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Түркия Республикасы тарапынан 500 грант орындары бөлінді. Бұл - ҰБТ мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, алайда Қазақстан грантына іліге алмаған талапкерлерге білім алуға берілген үлкен мүмкіндік.
Білімді жастарға Түркия грантын үлестірген оқу орны дарынды талапкерлерге басымдық беріп отыр. Әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған білім сертификаттары Халықаралық және республикалық пәндік олимпиаданың 34 жеңімпазына, Әлем, Азия, республика деңгейінде жүлдегер атанған 10 спортшы жас жеткіншекке, сондай-ақ, 10 тұл жетімге берілді. Олардың қатарында Еламан Балтабаев, Әбдіғани Бибарыс, Әубәкір Мәди, Диана Раимова, Молдаш Кемелбек секілді болашағынан зор үміт күттірген спортшылар мен «Ақберен», «Ата-жұрт», «Ясауи», «Дінтану» халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен мүшайраларының жеңімпаздары бар. Ал, қалған білім гранттары ҰБТ мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, алайда мемлекеттік грантқа іліге алмаған білімді жастарға үлестірілді.
Сондай-ақ, университет түлектері Нұртаза Көкенов, Ербол Шаланов және Еркін Жақыпов сынды азаматтардың атынан үш жартылай жетім студентке 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Айта кетерлік тағы бір жайт, Ахмет Ясауи университеті өңір халқының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, биылдан бастап білім алу төлемақысын төмендетіп отыр.
Асхат Сәдібеков
Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ақпарат орталығының басшысы
qazaquni.kz