Орта білім беру ісі қайта жаңғырмақ
2018 ж. 04 маусым
2023
0
Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов заң жобасы Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының 76-шы қадамы аясында орта білімді дамытуға негізделгенін айта келе: «Жоба бойынша жалпы шығын 75 млн. АҚШ долларын құрайды. Таза қарыз сомасы – 67 млн.доллар және де республикалық бюджеттен 8 млн. доллар қоса қаржыландыру қарастырылған. Қарызды өтеу мерзімі – 17 жыл, оның ішінде 5,5 жыл жеңілдік мерзімі», – деді. Осы орайда жобаны жүзеге асыру барысында алғашқы бес жарым жылға төлем жасаудан босату қарастырылған. Жалпы ұсынылған жобаның мақсаты – орта білім жүйесінің сапасын жақсарту және білім берудегі қолжетімдік пен теңдікті арттыру болып табылады. Жалпы атқарылатын жұмыстар шеңберінде оқушыларды бағалау жүйесін білім берудің жаңартылған мазмұнына сәйкес келтіру қамтылған. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу аясында оқу жетістіктеріне сырттай баға беру, ҰБТ тапсырмаларын да өзгерту керек. Тапсырмаларды ақпаратты есте сақтау қабілетін бағалауға емес, баланың функционалдық сауаттылығын анықтауға, алған білімін қолдана білуін тексеруге бағыттап құру кажет болып тұр. Сондықтан, мультимедиа элементтері бар 230 мыңнан астам жаңа тест тапсырмалары жасалатын болады. Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген Педагогикалық білім беруді дамыту бойынша тапсырманы орындау мақсатында педагогикалық кадрларды шыңдайтын университеттер үшін 47 білім беру бағдарламасы енгізілетін болады. «Тағы бір маңызды компонент – ол білім беру жүйесіндегі теңсіздікті төмендетуге арналған. Осы орайда ауыл мектептерін мультимедиялық жабдықтау, атап айтқанда компьютер, проектор және экраннан жиналған комплекттер ескерілген. 5 400 мектеп осы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Білім беруді цифрландыру кезінде бұл өте маңызды. Бүгінгі күні мектептердің 29 пайызы интерактивті жабдықтармен қамтылған», – деді Аймағамбетов. Белгілі болғандай, келісімнің тағы бір маңызды бағыттарының бірі – Инклюзивті білім беруді қолдау. Жобада айрықша білім қажеттіліктері бар балаларды кәсіби-мамандыққа даярлау бойынша арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған. Одан басқа мектептер жанынан 9 инклюзивті ресурстық орталық ашу, көзі нашар көретін және дамуы кем балаларға арналған 7500 Брайль оқулығын сатып алу, инклюзивтік білім берудегі 1000 дефектолог маманды арнайы курстарда оқыту қарастырылған. «Жалпы, бұл жоба кем дегенде 3 млн. оқушыларға өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз», – деп түйді вице-министр.
Әмина Еркімбайқызы
qazaquni.kz