ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ...
2018 ж. 21 маусым
7346
1
Қалдырған ізің мәңгілік
Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған белгілі математик, білікті басшы, білгір ұйымдастырушы Әбдімәжит Өтеш Қоңырбайұлы тірі болса, маусымның 28-інде асқаралы 60-жасқа толар еді. Өкінішке орай, мәуелі бәйтерек мезгілсіз құлады... Өнегелі өмірін балалардың білімін жетілдіруге арнаған Әбдімәжит Өтеш былтыр 2017 жылы 17 қарашада Алматыдағы №178 мектеп-лицей директоры болып жүріп, алпысқа толуға бір жыл қалғанда қайтыс болды… Әбекең қай мектепке ауысса да, балаларымызды сол мектепке ауыстырып, артынан еріп жүретін қалың көпшіліктің біз де бірі едік. Оның жемісі – жетістігімен оқып жатқан және мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнын аяқтап, үлгілі еңбек етіп жатқан ұл-қыздарымыз! Өйткені, Өтеш Әбдімәжит қай мектепке ауысса, кез келген артта қалған мектеп болсын, әйгілі физика-математика мектептері болсын, дүр сілкініп, биік белеске көтеріліп шыға келетін еді… Еліміз бойынша ең үздік мектепке айналатын еді… Әбдімәжит Өтеш зор еңбек сіңіріп, Алматының алдыңғы қатарлы мектебіне айналдырған №178 мектеп-лицейді биыл бітіріп отырған түлектердің 58-і «Алтын белгіге» ие болып, еліміз ойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуі де осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек. Сондықтан да былтыр Республикалық «Қазақ үні» газеті мен еліміздегі үздік сайт байқауының жеңімпазы Qazaquni.kz ұлттық порталының жыл сайын өткізетін «ЖЫЛ АДАМЫ-2017» таңдауында елдің қалауымен «ЖЫЛ ҰСТАЗЫ» номинациясы берілді. Кей кезде балаларымыздың сабағына байланысты барып қалғанда, біраз әңгіменің тиегін ағытып алатын едік. Сондай сәттерде Әбекеңнің коғам тынысын сергек бақылап, әрбір іске әділ баға беріп отыратынын байқаған болатынбыз. Әбдімәжит Өтештің шын мәнінде халықтың сүйіктісіне айналғанын онымен қоштасуға жиналған қалың елдің қарасына қарап та анық байқадық. Әйгілі қаламгер немесе қайраткер, не өнер жұлдызы емес, бар өмірін балалрдың біліміне арнаған қарапайым ұстаз қайтыс болғанда «Алатау» сарайының алдындағы алаңға толып кеткен елді бірінші рет көрдік... Ақ Жайықтың бойынан асыға жеткен ағасы, әйгілі композитор, жазушы Ілия Жақанов, көрнекті математик, академик досы Асқар Жұмаділдаевтар күңірене сөйлеп, Әбекеңнің бар жақсы қырларын сөз етіп, қоштасқан болатын... Иә, халықтың қалауына бөленген шын мәніндегі ардақты азамат еді... Қадірлі қайраткер, абзал азамат, ұлағатты ұстаз Өтеш Әбдімәжиттің балалардың білімін арттыруға сіңірген орасан еңбегі ұмытылмай, серіктері мен шәкірттері арқылы жалғасын тауып келеді. Иә, өмір көші тоқтаусыз жалғаса береді. Әбдімәжит Қоңырбайұлының ісін жалғастырушы жаңа басшы, білікті маман, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, Республикалық «Үздік педагог», «Үздік ұстаз» байқауларының жеңімпазы Қайратбек Шадиев Хамзаханұлы басқарып отырған физика-математика пәндерін тереңдете оқытатын №178 мектеп-лицей биылғы оқу жылын да жемісті жетістіктермен аяқтады. Енді міне, 28 маусымда осы мектепте Әбдімәжит Қоңырбайұлының туғанына 60 жыл толуына байланысты еске алу кеші өтпекші. «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» деген қазақтың қағидасын ұстанып, имандылықтың игі шарасын жасап отырған мектеп басшылығына Алла разы болсын дейміз. Ұлағатты ұстаз, абзал азамат Әбдімәжит Өтештің жатқан жері жәннат, алды пейіш, арты кеніш болып, иманы салауат болсын! Артында қалған ізгілікті істері жалғасын таба бергей. Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газеті