БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМІН АРТТЫРҒАН СЕМИНАР САБАҒЫ
2018 ж. 13 сәуір
2941
0
Алматыдағы 176 мектеп-гимназиясында директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Мөлдір Есенәлиеваның ұйымдастыруымен "Математикалық Наурыз" тақырыбында семинар сабағы өткізілді. Жұпаркүл Дүсебекова жетекшілік ететін 1 "Е" сыныбының қатысуымен өткен сабақ барысында оқушылар үш тоқсан бойы алған білімдерін көрсете білді. Сабақ аясында олар қосу және азайту амалдары негізінде есептер шығарып, олардың мәнін салыстыруға, теңдеулер шешуге машықтанғанын аңғартты.
1 "Е" сыныбының жетекшісі Жұпаркүл Дүсебекова шәкірттерімен
Шараға мектеп-гимназияның бастауыш сынып бойынша оқу ісінің меңгерушісі Жайна Кенжетаева және білім ордасының ұлағатты ұстаздары Бейбіткүл Сергебаева, Нұргүл Мұхамеджанова, Гүлнар Сүйіндікова бастаған бір топ ұстаздар қатысты. Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесіне орайластырылған бұл шара ұлттық нақышымызға сай өтуімен ерекшеленді. Шаттық шеңберінде тұрып, үш тілде көпшілікпен амандасқан оқушылар қоржыннан асық алу арқылы топ-топқа бөлінді. Нәтижесінде "Жасыл асық", "Қызыл асық", "Сары асық" топтары жасақталып, Ә.Қабыкен, Ө.Медетұлы, М.Джанизбаев, Ж.Қанат, А.Жамбылқызы, Н.Қосан, И. Сақан, Ж. Махит, А.Әділханова, А. Жұмағұл, Е.Ерсейіт, Ә.Тәжімұрат, М.Мұрат, Д. Серікбайұлы, А.Әбдукәрім сынды оқушылар ұстаздары тарапынан берілген тапсырманы тыңғылықты орындауға кірісіп кетті. Тақтаға ілінген "Наурыз көже" деп аталатын сурет аясында берілген 7 есепті балғындар жарыса шығарып жатты. Сондай-ақ, "Наурыз көже" туралы өздерінің білгендерін ортаға салды. Сонымен қатар, оқушылар қазақтың ұлттық ойындарын ойнау арқылы математикалық түрлі тапсырмаларды орындауға жетік екендіктерін көрсетті. Атап айтқанда,"Бәйге" ойынында қосу, азайту амалдары бойынша есептер шығарса, "Алтыбақан" ойынында өрнектерді салыстырды. Ал, "Асық ату" ойынында өрнектің мәнін табуға талпынды. Сабақтың басты ерекшелігі сол - оқушылар бір-бірін "Басбармақ", "Алтыбақан", "Шапалақ", "Асық ату", "Көңіл-күй", "Бағдаршам" әдістері арқылы бағалай отырып өзара достық қарым-қатынасты нығайта түсті. Шара кезінде балалардың сабаққа қалай атсалысқанына қарай асық арқылы әр топқа тиісті ұпай беріліп отырды. Сайыс қорытындысы бойынша өзге топтардан оқ бойы озық шыққан "Жасыл асық" тобы жеңіске жетті. Топтық сайыс болғанымен, жетістік баспалдағы бойынша әрбір оқушының тақырыпты қалай меңгергендігі мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс арқылы анықталып жатты. Қорытынды сөз алған бастауыш сынып бойынша оқу ісінің меңгерушісі Жайна Кенжетаева шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра білген білікті маман Жұпаркүл Дүсебековаға ұстаздар атынан алғыс білдірді. Расында да, мектеп табалдырығын күні кеше аттаған кішкентай ғана бүлдіршіндердің бұл алғашқы қадамы. Дегенмен, көпшілік алдында іркіліп қалмай, өздерінің білімін ортаға сала білген балғындар жаңа бағдарламаны жетік меңгергендігін байқатты. Ал, жиынға қатысқан ұстаздар қауымы олардың болашағынан үлкен үміт күтетіндіктерін жеткізді. Осы жолда біз оларға тек сәттілік тіледік. Ұстаздардың тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік болып табылатын берері мол осындай семинар сабақтары білім ордасында алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек.qazaquni.kz