Назарбаев зияткерлік мектептері: келешек көкжиегі

Қазақстанның 21-ғасырдың басындағы қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуы техникалық, басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандарға аса қажеттілікті тудырды, сондықтан 2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба іске қосылды. Зияткерлік мектептер бастауыш мектеп (оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту), негізгі мектеп және жоғары мектеп деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады. Қазақстан Республикасындағы қазіргі бар білім беру талаптары мен стандарттары білім беру саласындағы қазіргі заманғы басқару нысандарын лайықты деңгейде енгізуге, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті білім беру саласындағы қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту үшін 2011 жылғы 19-қаңтарда «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл мәртебе білім беретін оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, қабылдау емтихандарына қойылатын талаптарды белгілеуге, үлгерімділікті ағымдағы бақылауға, аралық және қорытынды аттестациялау мен басқаларына құқықты білдіреді. Академиялық еркіндік қағидаты жаңа бағдарламаларды әзірлеу мен байқаудан өткізуді жеделдетуге, орта білім беру жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Назарбаев Зияткерлік мектептері – еліміздің білім саласының дамуына орасан зор үлесіп келе жатқаны белгілі. Республикамыздың әрбір аймағында орналасқан осынау іргелі білім ордасының қол жеткізген жетістіктерін оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

Махмут Омар – Халықаралық Олимпиада жүлдегері

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Махмут Омар Сингапур мемлекетінде өткен Халықаралық ғылыми-математикалық олимпиадасында International Mathematics and Science Olympiad (IMSO) қола медальға ие болды. Олимпиада 20-24 қараша күндері өткізілді. Әлемнің түкпір-түкпірінен: Малайзия, Қытай, Тайвань, Макао, Гонконг, Филиппин, Тайланд мемлекеттерінен жас математиктер қатысты. Сондай-ақ, Махмут Омар Үндістан мемлекетінде өткен Халықаралық математика олимпиадасының күміс жүлдегері, «Математика без границ» атты Халықаралық Болгар олимпиадасының алтын және күміс медальдарының жүлдегері, және академик Шалтай Смағұлов атындағы математикалық олимпиадасының қола жүлдегері болып табылды. Бос уақытында, информатикамен әуестенеді, жүзумен айналысып, музыка, шахмат ойнағанды ұнатады. Болашақта Гарвард Университетінің студенті болуды армандайды. «Махмут – өте қабілетті, талантты оқушы. Ол мектептің олимпиадалық командасының мүшесі. Алдағы уақытта әлі талай олимпиадалар мен интеллектуалды сайыстардан өту керек, өйткені біздің мақсатымыз – мемлекетіміздің олимпиадалық құрама командасына кіру. Менің ойымша, Махмут әлі көптеген жетістіктерге жетеді», – деп жаттықтырушысы Сергей Полянских шәкіртіне деген өз үмітін білдірді.

Ата-аналар мектеп өмірімен жете танысты

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-12 сынып оқушыларының ата-аналары үшін «Ашық есік күні» өткізілді. Әсіресе, 7-сынып оқушыларының ата-аналарының қызығушылығы басым болды. Бұған ата-аналардың үміт еткен көзінің нұры болып табылатын балаларының жаңа ортада оқып, білім алуы себеп болды. «Ата-аналар «Мектеп өмірі» деп аталатын құнды кітаптың беттерін парақтады. Баласымен бірге бір партада отырып, ұстаздардың сабақ беру барысында пайдаланатын әдістердің қаншалықты тиімді екеніне көз жеткізді», – дейді Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бахыт Жұматай.Ашық есік күнінің бағдарламасы аясында ата-аналар сабаққа қатысып қана қоймай, оқушылардың шығар­машылығын арттыратын үйірмелердің жұмысымен де тыныстады. Мұғалімдер тарапынан өткізілген шеберлік сыныбында критериалды бағалау туралы мәлімет алса, психологтардың, медицина қызметкерлерінің әзірлеген тренингінен ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жайлы мол ақпарат жинақтады. Кітапхана қызметкерлері де шарадан қалыс қалмай, ата-аналар үшін тиімді болып табылатын құнды дүниелерді, сарқылмас қазына кітаптарды таныс­тырып өтті. Сонымен бірге ата-аналар мектеп асханасының мәзірімен таныс­тырды. Шара соңында қатысушы ата-аналардан сауалнама алынып, «Ашық есік күндерінің» жұмысы бағаланды. Мектептің 8-сынып оқушысының атасы Шайхислам Ноғайұлы өз кезе­гінде мектеп жұмысына ризашылығын білдірді. Қатысушы ата-ана неме­ресінің осы мектеп қабырғасында сапалы білім алып, өмірге бейім азамат болып өсуіне толыққанды жағдай жасалғанын атап өтті. «Ұстаздардың оқу процесінде пайдаланатын әдістері баланың интеллектуалды потенциалын арттыруға, өз ойын еркін жеткізуге бағыттайтына көз жеткізіп, мектептің барлық оқушылары келешекте елінің көсегесін көгертетін зияткер ұрпақ болатынына сенімдімін», – дейді ол.

CIS аккредитациядан өту – жүйелі жұмыс жемісі

    Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) тексерісінен өтті. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының даму стратегиясына сәйкес, білім берудің жоғары сапасын растау үшін, мектептер халықаралық ұйымдарда аккредитациядан өтуді көздейді. Халықаралық мектептер кеңесінің сарапшылары Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектепке соңғы тексеріспен келген болатын. CIS тобы оқу үрдісін, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін және жалпы мектептің өмірін саралады. Бүгін CIS халықаралық мектептер кеңесінің ресми растамасы белгілі болды, ол қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік стандарттарға сәйкестігінің айқын дәлелі. «Біздің мектебіміз халықаралық аккредитациядан өтуде Зияткерлік мектептердің жолын жалғастырды. Зияткерлік мектептердің жүйесінің тиімділігін көрсету – біздің ұжымның үлкен жетістігі», – деп атап өтті Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Садуақасов.

Әлемдік БАҚ өкілдері Зияткерлік мектепте

Шет елдердің жетекші БАҚ өкілдері Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қонаққа келді. ҚР Сыртқы істер Министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстанға келген делегация құрамында «Forbes» американдық журналының өкілі Александр Липовец, «Opera Now» британ журналынан Н.Джоунс, «The Diplomatic Society» Оңтүстік Африка журналынан Бхана Киртан, «Нил-Культура» Египед телеарнасынан Ахмет Фатма, «IN TERRIS» Италияндық ақпараттық агенттігінен Фабио Беретта, «El Cultura» Испан журналынан Фернандо Диас, «Kиодо Цушин» Жапон ақпараттық агенттігінен Линума Кениши, жалпы 20-ға жуық БАҚ өкілдері болды. Халықаралық баспасөз – турының аясында делегация Елімізде туристік брендке айналған Оңтүстік Қазақстан облысының көрікті жерлерін аралады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуден соң, шетелдік БАҚ өкілдері Шымкент қаласы химия-биология бағы­тындағы Зияткерлік мектебіне барды. Шетелдік қонақтар үшін мектепке экскурсия жасалды, шара барысында оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын ағылшын тілінде баяндап берді. Сонымен қатар, қолданбалы өнер бойынша, яғни, құмыра қолөнері, кілем тоқу, киіз тоқу және өзге де ұлттық қолөнер түрлерімен таныстырды. Шетелдік журналистер Зияткерлік мектептердің оқу үрдісіндегі жаңа технологияларды пайдалануы мен робототехника бойынша жүргізілетін элективті курстарға шынайы қызығушылық танытты. Оқушылармен кездесуден рухтанған шетелдік БАҚ өкілдері тәжірибе алмасу мақсатында алдағы уақытта серіктес болуға және халықаралық байланысты қолдап отыруға ұсыныс жасады.

Мектеп түлегі Алтын медаль иеленді

Бостонда өткен гендік инженерия халықаралық байқауынан Назарбаев Университеті командасы алтын жүлдегері атанды. Оның құрамында Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Еркежан Қалиқанова болды. Еркежан 2013 жылы мектепті бітіріп, қазір Назарбаев Университетінде оқуын жалғастыруда. Өткен жылы 14 студент бірігіп «Биоремедиация воды от шестивалентного хрома» атты жоба бойынша жұмыс бастаған. Бір жылдық тынымсыз зерттеу жұмыстары нәтижесінде «International Genetically Engineered Machine (IGEM) competition» атты гендік инженерия халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл байқауға бүкіл дүние жүзінен 300 команда қатысқан. Жобаны Еркежанмен Вальдемир Ким және Мариям Акижанова атты студенттер бірге ұсынды. –Қандай сезімде екенімді қазір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осындай адамдардың арасында болғаныма мен сондай бақыттымын және қуаныштымын. Біздің талпынысымыз, ұйқысыз өткен түндеріміз алтын медальға қол жеткіздірді,– дейді Еркежан. Осындай қуанышты жаңалықпен Еркежанның анасы Бақытгүл Сәдуакасова мектептің әкімшілігімен бөлісті. Оның айтуынша Назарбаев Университеті алтынға ие болып, Кембридж, Гарвард және Массачусетс Университеттерін басып озды. Сонымен қоса ол мектеп мұғалімдеріне «Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері, біздің балаларымызға берген білімдеріңізге үлкен рахмет» деп алғысын білдірді.

КВЕСТ «PLAY AND KNOW» – ҰТҚЫРЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Баланы бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде ұстаздың бен тәрбиешінің жұмысы аздық етеді. Сондықтан, ата-аналар тарапынан қолдаудың болғаны жақсы. Ол сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс өткізілетін түрлі іс-шараларда көрініс берсе тіптен керемет. Осыны ескерген Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиешілері ата-ана, тәрбиеші, оқушылардың басын қосып, квест «Play and know» спорттық-интеллектуалдық ойынын өткізді. Аталған ойын тәрбиеші – оқушы – ата-ана арасындағы байланысты тереңдетуден бөлек, салауатты өмір салтын ұстануға, шығармашылық қабілетті дамытуға ықпал етуді көздейді. Одан бөлек үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді насихаттау, өзге елдің мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарай отырып, үш тұғырлы тілді меңгеру, қазақтың ұлттық ойындарын насихаттауды басты мақсат етіп алған ойынға қатысқан командалар белсенділік танытты. 7-12 сынып оқушыларымен ата-аналары, тәрбиешілерінен жасақталған «Diamond», «Flash», «Апельсины», «Достық», «Power» командалары ойынды ұйымдастырушылардың алдын-ала дайындаған түрлі сынақтарынан сүрінбей өтуге тырысты. Мәселен, ойын шарты бойынша «Көңілді стартқа» қатысқан ойыншылар спорттың бірнеше түрінен жылдамдық пен ептіліктерін тексеріп көрді. Ал екінші кезеңде оқушыларға пазлдарды құрастыруға тапсырма берілді. Әр қатысушының ой ұшқырлығын тексеру үшін түрлі жұмбақтар жасырылып, табылған жауапты үш яғни, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айту міндеттелді. Жиыны 5 минут қана уақыт берілген бұл сында оқушылар өз шеберліктерін көрсетті. Егер жұмбақ баланың ой өрісінің дамуы мен жылдамдыққа тәрбиелесе, кез-келген елдегі мақал-мәтел адамның тілдік қорының кеңеюіне септігі мол. Спорттық-интеллектуалдық сайыста мақал-мәтелдің 3 тілдегі баламасын беру ойынның келесі кезеңі болды. Жер жаһандағы табиғат кереметтері әр кезде адамзатты таңғалдырып келеді. Білген сайын қызығушылығың арта түседі. Әлемнің әр қиырындағы дәл осындай ерекше орындардан әзірленген сауалдарда ойынға қатысушыларды елең еткізбей қоймады. Олар өздеріне қойылған сұрақтарға команда болып ойланып, нақты әрі дұрыс жауаптарын беруге тырыс­ты.Ойынның әр кезеңі қатысушыларға айтарлықтай қиындықтарға толы болды. Бар-жоғы 7 минут қана уақыт берілген логикалық тапсырмалар кезеңінде мектеп шәкірттері кез-келген адам оңайлықпен шеше алмайтын түрлі саланы қамтыған сұрақтарға жауап берді. Ойын арқылы оқушылардың бойына көшбасшылық, ұйымшылдық, еркін пікір алмасу сынды адами қасиеттерді сіңіруді көздеген интеллектуалдық ойында әр команданың жанкүйерлері яғни, көрермендер үшін «Әуенді тап», «Сиқырлы қылқалам», «Ребустарды шешу» сынды сайыстар ұйымдастырылды. Соңында ойынның қорытындысы шығарылып, жүзден жүйрік шыққан «Power» тобы(тәрбиешісі Ж.Бейсембаева)1-орынды, «Достық» тобы (тәрбиешісі К.Касимова) 2-орынды, «Flash» тобы (тәрбиешісі А.Дүрмекбаева) 3-орынды жеңіп алды. Ойын соңында ата-аналар мен оқушылар алған әсерлерімен бөлісті. Алтын Жақыпова, ата-ана: Квест «Play and know» спорттық-интеллектуалдық ойыны жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ұйымшыл ұжымның тың идеясына алғысымды айтқым келеді. Дәл осындай сайыс ойындар ата-ана мен бала, мұғалім мен ата-ана арасын жақындастыруға көп көмектеседі. Ойындағы түрлі кезеңдерде балаларымыз өз білім деңгейлерін тексеріп, ауызбіршілікте әрекет еткендері ерекше қуантты. Берілген логикалық сұрақтарға үш тілде жауаптар қайтарылды. Ойын өте көңілді өтті. Дәл осындай шаралар біздің есімізде көпке дейін сақталары сөзсіз. qazaquni.kz