Қазақстанда ағылшын тілі пәндік деңгейде енгізілмек
2017 ж. 17 қараша
5586
0
Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 39-шы сессиясына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысты.
Әлемнің 100-ден астам елдерінен жиналған білім министрлері саланың жаһандануы мәселелерін ЮНЕСКО аясындағы орнықты даму мақсаттарының бірі ретінде қарастырды. ЮНЕСКО сессиясының негізгі ойы – білім мазмұнын жаңғырту, саланың жаһандануы мен үдемелі интернационализациясы ғаламдық көзқарастағы және осындай жауапкершілігі бар қазіргі заманға сай жаңа буын қалыптастырудағы негізгі трендтер болып отыр. Осынау жиын аясында сөз алған Білім және ғылым министрі Қазақстанның білім саласындағы орнықты даму мақсаттары мен интеграциялық үдерістерді қолдайтынын айтты. Сонымен қатар, Астанада өткен «EХРО-2017» халықаралық көрмесінің жетістіктерін де әңгіме өзегіне айналдырды. Ауқымды көрме негізінде БҰҰ-ның бес агенттіктерінің қолдауымен қызметін үнемі жалғастыратын Халықаралық «жасыл» технологиялар және «болашақтың энергиясы» орталығын құрып жатқаны жөнінде мәлімдеді. Е.Сағадиев көрмеден кейінгі кезеңде Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ғылыми зерттеулері мен білім саласындағы жобаларды бірлесіп жүргізу жөніндегі шешімін Астанада ұйымдастырылған алғашқы Ғылым және технологиялар жөніндегі саммиттің нәтижесі ретінде атап өтті. Еліміздің білім саласының даму барысы туралы баяндаған министр мектептердің жоғары сыныптары мен колледждерде ағылшын тілінің пәндік деңгейде енгізу жоспарларымен де бөлісті. Сондай-ақ, ол еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еріктігі едәуір кеңейетіндігі туралы мәлімдеді. Бұл тұрғыда білім бағдарламаларын құрып, басқарудың тиімді тәсілдерін ендіруге мүмкіндік беріп, Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы білім орталығына айналуына септігін тигізетіндігін айтты. Сонымен қатар,Ерлан Кенжеғалиұлы елдегі ЖОО-на шетелдік студенттерді тарту және ұлттық кәсіби стандарттар және біліктілік құрылымын халықаралық деңгеймен сәйкестендіру қажеттігі мәселелерін қозғап, Қазақстанның ЮНЕСКО аясында жасалып жатқан барлық бастамаларға қатысуға дайын екендігін мәлімдеді.
qazaquni.kz