Оқулық қалды өгейлеп...

Адамзаттың ең қымбат қазынасы білім екеніне ешкінмің дауы жоқ. Жалпы кітап дегеніміз-алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті, баға жетпес мол қазынасы. «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік»-деп, Ғабит Мүсірепов айтқандай. Шын мәнінде, кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы іспеттес.

Қазақта «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Күш – білімде» деген ұлағатты сөздерді даналарымыз бекер айтпаса керек. Білімнің биігіне шыққан даналарымыздың барлығы да білім мен ғылымды және өздеріне рухани күшті кітаптан алып отырған. Алайда бір өкініштісі бүгінгі жастарымыздың көпшілігінің кітап оқымайтындығы, қызығушылығының тым төмендігі. Ертеңінен үміт күтіп отырған жастарымыз компьютер деген сиқырлы әлемнің ішіне кірде де, бас көтере алмайтын деңгейге жетті. Олай дейтінім, буыны қатайып үлгермеген бүлдіршінімізден бастап, өрімдей азаматтарымыз компьютердің алдында отырып, ғаламтордың қызығына шырмалып алған. Соның салдарынан кітап оқуға деген қызығушылығы түгілі ниеті де жоқ, тек сабаққа қажет кезде ғана, ата-анадан немесе мұғалімнен қысым жасалған жағдайда ғана амалсыздан бір-екі бетін парақтайды. Бұрындары, яғни қазіргі орта буын өкілдерінің кезінде, жаңа шыққан кітап жарық көрсе таласып-тармасып оқып, бiр аптадан кейiн-ақ көпшiлiк бас қосқан жерде оқыған кітабы туралы айтып, пікір алмасатын. Егер де ол кiтапты оқымаған адам болса, сөйлерге сөз таппай қатты ұялатын. Өйткенi, ол қоғам әдебиеттi жоғары қойды, барынша жоғары бағалады. Үнемі ел аузында жаңадан шыққан кітаптың аты жүретін. Жұрттың бәрі жаппай соны іздеп, тауып алып оқуға құмартатын. Әрбір жазушының шыққан кітаптарын үзбей оқып, ендігі шығатын шығармаларын күтіп жүретін. Алдыңғы ұрпақ адал махаббатты бастан кешіп, шынайы сезімнің не екенін түйсініп өскен. Өзгелердің алдында білімсіз көрінбеу үшін, намысқа тырысқан. Соңғы кездері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен интернет клубтарға бас сұға қалсаңыз, еңбектеген баладан егде тартқан қариямызға дейін компьютер алдында, өзге дүниені ұмытып, телміріп отырғанын көресіз. Әрине, компьютерге отырма, онымен жұмыс жасама демейміз, тек жастардың ұсақтанып жатқаны жүрегіңді сыздатады. Мәселен, бес-алты жастағы балаға неге қызықты ертегілерді, балаларға арналған кітаптарды оқымайсың дей қалсаң, ойланбастан ой қойшы кітап қызық емес, одан да интернет залында өте қызық деп кідірместен жауап береді. Бір жағынан уақытын сарп етсе, екінші жағынан әке-шешесінің тырнақтап жинаған ақшасын ойынханаға шашып, теңгенің тиыннан құралатына мән бермей, бір үзім нанның қалай келетінімен жұмыстары да жоқ. Бүгінгі қазақ жастарының кітап оқуға деген қызығушылығының төмендеуін масс-медианың дамуымен, ақпараттық технологияның кең етек жаюымен байланысты екені анық. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, елімізде жастардың он жеті пайызы ғана кітап оқиды екен. Әрине, мұндай жағдайда тұрғанда еліміздің алға жылжуын, болашағымызды бағамдаудың өзі қиын. Бұл біздің елімізде ғана емес әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселенің бірі. Сондықтан көптеген ғалымдар мен дәрігер психологтар атаулы мәселенің оңтайлы шешімін табу үшін еңбек етуде. Олардың пікірінше, кітапты көп оқыған адамның ойлау қабілеті, ақылы да, мәдениеті де жоғары болатынын дәлелдеген, бірақ бүгінгі ұрпақтың кітапқа деген ынта-ықыласын қалай оятарын білмей дал болуда. Мысалы, орта буын өкілдері яғни 60-70 жылдары кітаптан алған тәлім-тәрбие ықпалымен ержеткенінің арқасында, бүгінгідей тәуелсіз елдің тізгінін ұстап отырғанымыз. Осыдан-ақ байқауға болады, кітап арқылы адамның ой-өрісіңді кеңейтіп, талғамыңды ұлғайтып, ойлау қабілетіңді дамытатынын, ақылына ақыл қосатын, өмірлік жан азығы да бола білетін, таусылмас байлық екенін. Дегенмен, жас буын өкілдері, неге осы байлығымыздың бағаламай, арзанқол дүниелердің жетегінде жүргенін түсінбеймін. Онсызда мынадай қиын-қыстау заманда, яғни зұлымдыққа толы дүниеде бір мезгіл қолыңа кітап алып оқымасаң, талай құнды дүниенің сырынан тысқары қалып, жеңіл өмірдің жетегінде кететінің жасырын емес. Кітап оқымағандардың ойлау қабілеті тар шеңберде қалып қоятыны белгілі. Өйткені, кітап адамның ой-санасын дамытып, сөздік қорын молайтады. Шынын айту керек, қазіргі жастарда сөздік қор жоқтың қасы. Мысалы, бір тақырып төңірегінде ой қозғасаң бір-екі ауыз сөзбен тоқталады. Яғни ия, жоқ деген сөздермен қойған сұрағыңа жауап аласың. Ары қарай оны таратып, сенің ойыңа ой қосу деген мүлде жоқ. Әрине, бұл кітап оқымағандықтың белгісі. Компьютерден дайын нәрсені көшірудің салдары.Осы орайда, бүгінгі оқырман мен кешегі оқырманның айырмашылығын анықтап көрейікші. Әрине, бүгінде кітап оқымаудың басты себебі, ақпарат көздерінің елімізде үстемдік алуы. Сол себепті, елімізде оқырмандардың жағдайы мәз емес. Айталық, оқулықтардың ішінде детективтер – 32%, әйелдер романы – 35%, классика – 10%, поэзия – 5%, фантастика – 17%”, ғана оқылатын көрінеді. Бұдан асқан қайғы жоқ шығар. Адуынды жастарымыздың, адымдап қадам басып алға жылмымай отырғаны, үлкен қасірет. Мұның бірден бір себебі, қазақ кітаптарына ешқандай жарнама жоқ. Жалпы, көпшілік оқырман баспалардан қандай өнім шығып жатқандығынан бейхабар. Бүгінгі баспалардың басты мақсаты, қаражат табу. Дегенмен, баспалар да қарап отырмай, жоғарғы оқу орындарымен, мектептермен, өзге де мекемелермен тығыз байланыс орнатып, көрмелер ұйымдастырып, баспадан шыққан әрбір кітапты ел арасында кеңінен насихаттап отырса, кітап әлемінің есігін айқара ашатын күнге де жетеміз. Тіпті кітап оқуды жастар арасында жаппай насихаттасақ та артық болмас еді. Өйткені, жастарымыздың көпшілігі қазақ әдебиетінен алыстатып кетті, енді қайтадан қызықтырудың амалын бірлесіп табуымыз керек. Ол үшін алдымен, кітапқа деген баланың қызығушылығын арттыру керек. Бала балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап кітаптың құдіретін ұғындыру. Жыртпауға, сызбауға, боямауға үйрету. Бірінші сыныпта өзінің алғаш бастап оқыған пән оқулығы туралы мағлұмат беру. Мысалы: мектептегі бірінші сыныпта әліппе пәнін оқып бітіргеннен кейін кітапханашылар мұғалімдер­мен тығыз байланыстағы бағ­дар­ламаны жыл көлеміне ұйымдастырса. Дегенмен, жастар кітап оқымайды деп ұрандата бермей, келер ұрпақты тәрбиесіне көңіл бөлген жөн секілді. Ол үшін, дүние есігін ашқан балаға, бесік жырын тыңдатып, мағыналы да мәнді әндерді айтып өсіруі керек. Өйткені, осы күндері бесік жырын айту әрбір ананың қолынан келмейтін болды. Оның орына, теледидардың немесе адам түсінбейтін әуендерді қосып қойып, баланы сонымен ұйықтатын болған. Сонымен қатар, баланың тілі былдырлап шыға бастағанда түрлі жаңылтпаштарды жаттатып, дұрыс сөйлеуін қадағалау керек. Одан кейін бес-алты жасқа келгенде халық ауыз әдебиетімен, оның ішінде қиял-ғажайып ертегімен сусындату маңызды. Осының бәрін бойына сіңіріп өсетін баланың болашағынан үлкен нәрселерді күтуге болады. Біздегі басты қателік ата-ана тәрбиесінің дұрыс жолға қойылмағандығы. Осы күндері бата беретін қария, ертегі айтатын әже азайып бара жатыр. Соның нәтижесі бүгінгі жастар.

Ақерке Исабекова