Сыңғырла, соңғы қоңырау!

5
5485

Алматы қаласы
№173 физика-математика
гимназиясы 11 «б»
сынып түлектері

Балауса балғын шаққа «қош» дегізіп, соңғы қоңырау сыңғыры, қағылған өмірдің күмбіріндей мектеп бітіруші түлектерге ерекше әсер қалдырды. Еліміздегі барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылып, үлкен өмірдің табалдырығын аттаған түлектер үшін оңай болмады. Күні кеше ғана кішкентай балақандар, енді мектеп партасымен мәңгілік қоштасып, үлкен өмірге қанат қағар алдында тұр. Әр қайсысының жанарында – жас, көңілдеріндегі – қимастық сезімі білініп-ақ тұр. Бұл күні талапкерлер өздерінің 11 жыл тәлім терген тарыдай шәкіртен, таудай азамат пен азаматша болғандарын сезінгендей.
Биылғы жылы отанымыздағы орта білім беретін 142 649 мектепте оқу жылы мәресіне жетіп, бітіруші түлектермен қоштасты. Алматы қаласының өзінде 200-ден астам мектеп болса, соның ішінде шоқтығы биігінің бірі №173 физика-математика гимназиясы. Аталмыш оқу орнында 100 ұстаз бар, ал оқушылардың саны 2200-ден асып жығылады. Биылғы оқу жылында гимназия толағай жетістіктерге жеткен. Айталық, осы жылы гимназияның 16 оқушысы «Үркер» сыйлығына ие болғандының өзі айқын дәлел.
Аталмыш шарада салтанатты сапта мектеп партасымен қоштасқан түлектер алтын ұяларының алаңында соңғы мәрте оқушы кейпінде тұрды. Ал, ұстаздар биылғы шәкірттерін мақтан тұтатынын жасырмады. Соңғы қоңырау мейрамы әр адамның естелігінде қалатын өмірдің ең жақсы күндерінің бірі болып келеді. Достарының жарқын күлкілері, қызыққа толы сабақтар мен қатаң мұғалімдер осылардың барлығы соңғы қоңыраудан кейін түлек үшін басқаша қабылданады. Сол себепті мектепті – жақсы жылдардың бірі деп есептейді, ал соңғы қоңырауды – балалық шақпен қоштасатын мейрам деп атайды. Бұл күн жай күн емес – ол өмірдің белгілі бір кезеңімен қоштасу және алдағы басталар үлкен өмірмен кездесу. Сондықтан осы күні кішкене көңілсіз болып, аздап көзден жас ағып, бірақ бұл жас таза, ал көңілсіздік – алдағы келе жатқан өмірді сүйіспеншілікпен күту сезімі. Дегенмен мектептің соңғы күндерін түлектер шыдам­сыздықпен күтпейді, себебі олар үшін соңғы қоңырау жаңа және есейген өмірдің басы болып келеді. Алда оларды мектеп пен оқу орнына түсетін емтихандары күтеді. Мерекелік шарада мектеп директоры Алтын Мәлікқызы мен бір топ ұстаздар қауымы құттықтау сөз сөйлеп, түлектердің алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтулеріне тілектестіктерін білдірді.
Сыңғырлаған қоңырау үні қоштасу вальсіне ұласты. Соңғы қоңырау – балалық шақ және уайымсыз мектеп жылдарымен қоштасу мейрамы. Енді, бұралаңы бұра тартатын, салқыны көп үлкен өмірге қадам баспақ. Мектеп бітіруші түлектерге сәттілік, ақ жол тілейміз!

 


Алтын МӘЛІКҚЫЗЫ, № 173 физика-математика лицейінің директоры:

Міне, көптен күткен соңғы қоңырау мерекесі де келіп жетті. Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан түлектерімізді, алтын ұя мектебімізден ұшырғалы отырмыз. Биылғы жылы мектепті 59 оқушы аяқтап отыр. Оның үшеуі алтын белгіге, төртеуі үздік куәліктен үміткер. Биылғы жылғы түлектер, былтырғы жылғы түлектерден кем емес. Он алты оқушы «Үркер» төсбелгісімен марапатталып отыр. Түлектерімнің барлығы білімді, тәрбиелі деп мақтанышпен айта аламын. «Алтын белгіге» үміткерлердің  ішінде ең жоғары ұпай алғандар Әбілханова Жібек пен Мәуленов Елжан  124 ұпайдан алған. Ал Жүсіп Мағауия   120 ұпай иеленді..«Үздік аттестатқа» үміткерлерден  Бәтенова Мөлдір 113 ұпай, Еркінова Азат 116 ұпай, Абақан Малика  111 ұпайға ие болды..Барлық байқау тестері бойынша кілең жақсы нәтиже  көрсетіп жүрген оқушыларды атасақ, 11 «а»  сыныптан – Өсер Мұса, Жұмағұл Шынар,Дауылбай Айдар, 11 «ә» сыныптан-  Жүрсімбеков Сейдхан, Әсетқызы Жадыра,Садырисламов Абзал, 11 «б» сыныптан – Білімжанұлы Мақсат, Әмілбек Айдана, Жарылқасын Гүлназды айтуға болады..Оның ішінде Жарылқасын Гүлназды айтар едім, оқу үлгерімі жақсы, қазірдің өзінде жинап жатқан балы әр тест сайын жоғарылап келеді. Енді біздің арманымыз осы балаларымыз қалаған балдарын алып, өмірден өз орындарын тапсын дейміз.

Ақзияш АЛИЕВА, №173 физика-математика лицейі 11 «б» сынып жетекшісі:

Мектеп бітіруші түлектер үшін бүгінгі соңғы қоңыраудың үні ерекше.Бұл мереке олардың мәңгі естеріңде қалатын, қайталанбайтын, сағынышпен еске алып жүретін, балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірдің алғашқы баспалдағына аяқ басар сәттері. Енді санаулы күндерден кейін 11 жыл бойы білім, тәрбие берген аяулы ұстаздарымен, алтын ұя мектептерімен қоштасқалы отыр. Қазір олардың алдарыңда үлкен сын ҰБТ сыны тұр. Сол сыннан сүрінбей өтіп, әр қайсы өздерінің қалаған мамандықтарының иесі болуларына шын жүректен тілектеспін. Мен мектеп түлектерін әрдайым биіктерден көргім келеді.


5 ПІКІРЛЕР

  1. Ал, іні-қарындастарым, барлығыңа ақ тілек! Өмірдің сан-қырлы белестерінде мызғымас бірлік, «аты шулы» махаббат тілеймін!

  2. Жылда ЕНТ-дан республика бойынша 1-ші орын алатын бұл мектепке баламызды қалай беруге болады? сынағы қатты дейді ғой…

  3. Тәуелсіэ мемлекетімізде 173-ші лицейдің түлектері сияқты саналы, сапалы,тәрбиелі жеткіншектердің өсіп келе жатқандығы қуантады .
    Қазақстанда деңгейі осындай мектептердің санының көбейуі аса қажет.Еліміздің болашағын көркейтіп, еңбектерің жана берсін. Осы лицейдің ұжымы,басшылары,ұстаздарының еңбектері зор әрі жоғары деп бағалап, ата-аналар атынан рахметімізді айтамыз. Ақ жол тілейміз.

  4. Жарайсыңдар, 173 лицейі түлектері! Бәрің ҰБТ-ны жақсы тапсырдыңдар. Қазақтың ұлтшыл, елсүйгіш, білікті азаматтары болыңдар! Қалаған оқуларыңа түсіп, биікке самғаңдар!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз