«Біз енді ұстаздардың жылауына жол бере алмаймыз!»
2017 ж. 15 маусым
16998
48
Біз соңғы бір-екі аптаның ішінде әлеуметтік желінің басты кейіпкеріне айналған шымкенттік ұстаз Сәлімбаева Гүлжан Айтбекқызы мен ол жұмыс істейтін №38 Н.Д.Оңдасынов атындағы мектеп-гимназияның 2003 жылдан бергі директоры Жүсіпова Айман Сұлтанбекқызы арасындағы дауға байланысты дәл осылай айтуға мәжбүрміз...
Дау неден басталды деген сұраққа келетін болсақ, Шымкент қалалық әкімшілігі әбден үйреншікті болған әдетпен қалалық оқу бөліміне хабар-ошарсыз жоғалған, жұмыс істемей жүрген, сот тергеуінен, жазадан жасырынып жүрген, т.б. да осындай тұрғындар жайлы ақпарат жинау жөнінде тапсырма береді. (Жалпы, бұл жерде тапсырманың не жөнінде екені маңызды емес, маңыздысы – оның мұғалімдердің қызметтік міндетіне жатпайтыны!) Әкімдікке тікелей бағынышты оқу бөлімі, басқа амалы жоқ, тапсырманы мектептерге жібереді. Мектеп басшылығы "2017 жылдың 4-12 сәуір арасында бітіріп беріңіздер" деп, өзінің мұғалімдеріне тапсырады. Қәзіргі талапқа сай аптадағы сабақтан бос, өзіне тиесілі шығармашылық күні – 8-сәуірде, сенбіде аулындағы ауру анасының хал-жағдайын білуге кетіп бара жатқан, №38 Н.Оңдасынов атындағы мектеп-гимназияда 2009 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Гүлжан Сәлімбаеваға мектеп директорының орынбасары Айжамал Қозыбекова «Еңбекші аудандық әкімдігінен тұрғындар мәртебесін анықтау бойынша тағы да хабарлама түсті, жұмысқа шық» деп шақырады. Гүлжанның айтқан уәжін, тапсырманы орындап, өзіне өткізіп қойғанын да құлаққа ілмейді. Дүйсенбі күні сабағы 14.20-да басталатын Гүлжанды сол күні таңертең 10-нан кейін қоярда-қоймай шақырып алады-дағы, мектеп директоры Айман Жүсіповаға алып барады, ал директор бұған адамның ар-намысына тиетін сөздерді айтып ұрсады. Жауабын тыңдамайды да. Сол арада А.Қозыбекованың Гүлжанның өзіне тиесілі тапсырманы орындағанын растағанына да қарамайды. Директордың тағы бір орынбасары Асылбекова Дана Дүйсенбекқызы да осы оқиғаның куәсі болады. Ең соңында, «ендігі ісім сенімен болсын, сенің сабағыңа кіремін, енді сені көремін!» деп ашық қорқытқан директор мұғалімін кабинетінен қуып шығады. Қуып шығып жатып та, тағы да оның өзінің ұстаздық міндетінен тыс тапсырма беруді ұмытпайды. Гүлжан оны 10,11-сәуір күндері сабағын беріп болғаннан кейін, кештетіп, түнделетіп жүріп орындайды... Сол 10-сәуір күні А.Қозыбекова Г. Сәлімбаеваның сабағына кіріп, оқушылардың дәптерін жинап алып кетсе, 11-сәуір күні тағы бір директор орынбасары Зәуре Байзақова Г.Сәлімбаеваның орта буын сыныптағы сабағына кіріп, ол да оқушылардың дәптерін жинап алып кетеді. Гүлжан «бұл екі кісі де менің сабағыма кірудегі мақсатын маған айтуы, ескертуі тиіс еді» дейді... 12-сәуір күні тапсырманы орындаған есебін қабылдап алған соң, мектеп директорының орынбасары Айжамал Қозыбекова мен тағы бір мектеп директорының орынбасары Гуляева Любовь Павловна екеуі «Г.Сәлімбаеваның 2017 жылы 8-сәуірде мектепте жұмыста болмағаны туралы» акт жасап қойғанын көрсетеді. «Бұл заңсыз акт қой, ол күн – менің шығармашылық күнім, тұрғындар мәртебесі жайлы қызметтік міндетімнен тыс тапсырманы орындап беріп кеткенмін, сонда бұл акт не үшін?» деген сұрағына «біз сенен ешнәрсе сұрамаймыз, актпен таныстым деп түсініктеме жазбасаң, сенің бұл әрекетің жайлы тағы акт жасаймыз» дейді. Гүлжан болған жайтты көрсетіп, түсініктеме жазып беруге мәжбүр болады... Жазықсыз түсініктеме жазып шыққан Гүлжанның қан қысымы күрт көтеріліп, екі әріптесі отырған ең жақын кабинетке зорға жетіп, құлап қалады. Мұғалімдер басшыларды шақырады. Олардың ішінен директордың орынбасары Дана Асылбекова бұған сенбейді, «Гүлжан, өтірік ауырмай, тұрсайшы!» деп, тізесімен теуіп көреді... Дананың не істеп жатқанына баға берер шама Гүлжанда болмайды. Көзін тағы бір ашқанында Айжамал Қозыбекованың өзін ұялы телефонның камерасына түсіріп жатқанын көреді. Оу, бұл не үшін?.. Мұғалімдердің біреуі шалған қоңырау арқасында «Жедел жәрдем» келеді. Дана Асылбекованың оларға «бұл қызды тастап кетіңдер, өзіміз шай беріп, ауруынан жазып аламыз» деген сөзіне дәрігерлер көнбей, ауруханаға алып кетеді. Тек, «Жедел жәрдем» автокөлігіне көтеріп салысатын мұғалім табылмайды... Дәрігерлер Г.Сәлімбаеваны ауруханаға апарады. Болған жағдайды күндіз көрген №38 мектеп ұстазы Рыскүл Сыздықова жолдасымен бірге, мектеп басшылары «барыңыз, жағдайын біліңіз» демесе де, түнгі 22-де ауруханаға келеді. Сол жерден Г.Сәлімбаеваны үйіне әкеліп салады. Ертесіне ауырып отырса да, ілік іздегендерге қосымша мүмкіндік бергісі келмей мектепке барған Г.Сәлімбаева соңғы сабағында орнынан тұра алмай қалады. Біраздан соң, үйіне қайту үшін мектеп ғимаратынан сыртқа шыға берген жерінде, есінен айрылып тағы да құлап түседі... Сонымен, екінші күн қатарынан ауыр халде түскен оған ауруханадағылар «жағдай неврозы (ситуационный невроз)» деген диагноз қойып, стационарға жатқызады. Ол жерде Гүлжан табаны күректей 17 күн емделеді. Ауруханада жатқан кезде, 20-сәуір күні Г.Сәлімбаева ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке басынан өткен жайды айтып шағымданып хат жазады. Гүлжанға бұл шағымы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық Білім саласын бақылау департаментінің қызметкері Битемір Ләззат Алқарқызы мектепке келіп жолығады. 10 минут қана ауызша сөйлескен соң, «мен бұл тексеруімнің қорытындысын ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдаймын, сіз де жауапты сол жақтан аласыз, сонымен қатар арызыңызды ОҚО Еңбек инспекциясына жолдаймын, ол жақтан да жауап келуі тиіс» деп кетеді. Сол кеткеннен мол кетеді... Г.Сәлімбаева «Қазақстанның шағым кітабы» сайтына 28-сәуір күні екінші шағым хат жазады. Сайтқа шыққан бұл шағым астына бұрын №38 мектепте жұмыс істеп жүріп көрген зәбір, шеккен жапаның кесірінен қызметтен кеткен мұғалімдер пікір жазып, комментарийлер қалдырады. Міне, осы өзгелердің пікірі үшін мектеп басшылығы Г.Сәлімбаеваның өзін қысымға ала бастайды... Ал, Еңбек инспекциясынан жауап келмейді. Келмеген себебі – 3 мамыр үні Л.А.Битемірдің хатын қабылдап алған еңбек инспекторы Қуандық Нұрғали «бұл - маған қатысты мәселе емес екен» деп, ОҚО Ішкі істер департаментіне жолдайды. Неге десеңіз, Г.Сәлімбаева өзінің шағымында «Дана Асылбекова мені бүйірімнен тізесімен тепті» деп көрсеткен екен. «Асылбекованың тепкенін көргенбіз, куәгер боламыз» деп күтіп жүрген мұғалімдердің де, Г.Сәлімбаеваның да үміті ақталмайды, тексеріп келеді деген департамент төбесін де көрсетпейді. Оның орнына мұғалім қызға жан-жақтан қысым күшейіп кетеді. Куәлер де келісіп қойғандай бәрі ешнәрсе көрмеген болып қалады... №38 мектеп басшылығы 26 мамыр күні мұғалім қыздың үстінен «Г.Сәлімбаева біздің ар-быройымызға нұқсан келтірді» деп сотқа арыз береді. Бұның бәріне жаны төзбеген Г.Сәлімбаева 15 мамыр күні бейнетаспаға түсірілген өзінің ҚР Президенті Н.Назарбаевқа арналған өтінішін интернетке, ютубқа салып жібереді. Қалалық оқу бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева Г.Сәлімбаеваны кабинетіне шақырып алып, мектеп директорымен татуластырмақ болады. одан ешнәрсе шықпайды... 5 маусым күні бірнеше қоғамдық бірлестік төрағалары мен өкілдері мектепке келіп, ұстаздар мен оқушылардың ата-аналар қатысқан жиында мектеп директоры мен мұғалім Г.Сәлімбаеваны тағы татуластырмақ болды. Ол жиында мен де болдым. Бірақ, бұл әрекеттен нәтиже шықпады. Неге? Мұғалім директордан бұдан ары өзінің ар-намысына тиіп, орынсыз қысым көрсетпей, өзінің міндетінен тыс жұмысқа жекпеуі туралы кепілдеме хат сұрады. Директор оған келіспеді... Одан соң Шымкент қалалық әкімі аппаратынан Абдуллаева Гүлзада Әбдіраманқызы бастап келген «Зерделеу тобы» да Г.Сәлімбаеваға «ютубтағы бейнежазбаңды ал!» деген біржақты талап қоюына байланысты ол әрекет те сәтсіз аяқталды. ОҚО ІІД өздеріне 4 мамыр күні Еңбек инспекциясынан түскен арызды 12 мамыр күні Шымкент қалалық Еңбекші ауданы Ішкі істер бөліміне жолдайды. Бөлім болса толыққанды тергеу, тексеру амалдарын жүргізбейді, мысалы, «Жедел жәрдем» дәрігерлерінен, Г.Сәлімбаеваның бауырларынан, туыстарынан, ол өз арызында көрсеткен қосымша куәгерлерден түсініктеме алмай, 01.06.2017 сот-дәрігерлік сараптама тағайындайды да, міне, қызық! – дәл сол 1 маусым күні арызды Еңбекші аудандық сотына жолдайды. Ал, бұл жайлы хабарламаны Г.Сәлімбаеваға 29 мамыр күнгі шығыс хатпен 12 маусым күні өзі ізденіп барған Г.Сәлімбаеваның қолына ұстатады... 14 маусым күні мектеп басшыларының орынсыз іс-әрекеттеріне қарсы күресіп жүрген Алматы қаласынан Айман Сағидолла, Түркістан қаласынан Баян Сәбден мен Сарыағаш ауданынан Меңсұлу Малдыбаева Шымкентке келді. Олар және осы жолдар авторы тікелей әлеуметтік желіге шығып, Г.Сәлімбаеваға толық қолдау көрсететін мәлімдеп, өзге де әріптестерін осыған шақырды. Менің ойымша, мұғалиманың соңына шырақ алып түскен топ Шымкент қаласындағы алғашқы сот инстанциясында, 2014 жылғы Сарыағаш ауданында Меңсұлу Малдыбаеваны соттағандай, сот процесінің ертерек, тезірек, жеделдете басталып кетуіне қол жеткізіп алуды көздеп отырса керек. Сот процесі басталып кетсе, ешкім оған араласа алмай қалады, өйткені бұл кезеңдегі судья – тәуелсіз тұлға. Сот шешімі бір шығып кетсе, онда мұғалиманың жағдайы одан бетер қиындай түспек. №38 мектеп басшылығының 26 мамыр күні мұғалім қыздың үстінен «Г.Сәлімбаева біздің ар-абыройымызға нұқсан келтірді» деп, сотқа арыз беруінің астарында осындай қулық-амал жатыр деп күдіктенемін. Әсіресе, директор А.Жүсіпованың әкесі көп жыл аудан әкімі, т,б. лауазымды қызмет істеген біздің жағдайда... «Күштінің дүмі диірмен тартатынын» Нидің кеше кеден басшысы боп тұрғанда 1 млн.доллар парамен ұсталып, сотталса да, ақталып кеткені тайға таңба басқандай анық етіп көрсетіп берген жоқ па... Бізге енді мектеп директорымен, полиция өкілдерімен сотта сөйлесуге тура келеді... Жаңабек Әбішев, заңгер qazaquni.kz