Аралас мектеп орыстандырудың бір түрі…

5
2049

«Ей, Сарыарқа қалмады сенде қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық.
Қолынан келері жоқ, өнері жоқ,
Баласы байғұс қазақ қалды мыжып», – деп, Нарманбет ақын айтқандай, XVIII-ғасырдан бастап қазақтарды орысша оқытуды ұйымдастыру үщін Орынборда профессор Ильминский, Ташкентте Остроумов, Омбыда профессор Алектров, Семейде доцент Кузнецов отырды.

1750-1895 жылдар аралығында қазақтарды орысша сөйлету мақсатындағы жұмыстардан онша нәтиже бермеген соң, 1896жылы Сырдария губерниясына генерал-губернатор фон Кауфман Перовскінің өзі келді. Мектептердің дәрісіне кіріп, балалардың орыс тілін жақсы оқып жатқанын көріп қуана қол соқты. Бірақ қоңырау соғылып, балалар далаға шығып ойнап жүргенде, олардың тек қазақ тілінде сөйлегеніне «Неге олар өз тілінде сөйлеседі? Неге орыс тілінде сөйлеп, ойнамайды?» деп қатты ашуланады. Содан қазақтарды ойнаса да тек орыс тілінде сөйлету керек деген тұжырымға келеді.
Ол үшін не амал қолдану керек? Отаршыл генерал әрі ойланып, бері ойланып, ақыры бір байламға келді. Шешім, орыс балалары мен қазақ балаларын араластырып, аралас мектеп жасап, қосып оқыту қажет екен. Сөйтіп орыс тілінде сөйлейтін орта қалыптастыру…
Араға бір жыл салып, генерал қайта келіп бақыласа, қазақтың шошақ бөрік киген қара домалақ балалары үзілісте де өзара орыс тілінде сөйлесіп жүр. Тәжірибесінің жемісін көрген генерал асқан ризашылықпен осы істі әрі қарай үзбей жалғастыруға кеңес беріп аттаныпты. Патшалық Ресейдің дәл осы істің жалғасы ретінде Кеңес Одағы орнаған соң, 1938 жылы 10 наурызда Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясының Орталық комитеті және КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған Ұлттық республикалар мен облыстарда орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы қаулы қабылдады.
1954 жылы 4 ақпанда Қазақ еліндегі 700 қазақ мектебі бір күнде жабылды. Таза қазақ ауылдарында қалған 100-ге тарта мектеп араласқа айналды. 1968-1969 жылдары елімізде аралас мектептің саны 1690 болса, 2010жылы 2090 мектепке жетіпті. Әсіресе тәуелсіздік жылдары аралас мектептердің саны қаулап өсті. Көп жыл білім беру саласында қызмет еткен ұстаздар «аралас мектеп дегеніміз – қазақ балаларын орыстандырудың жымысқы түрі» дейді. Дәл бүгін Қазақстанда 1880 таза орыс мектебі, 2090 аралас мектеп бар екен. Барлығы 3870 мектеп орысша оқытып жатыр деген сөз. Ал, таза қазақ мектебі 3750 шамасында. Тәуелсіз Қазақ елінде таза қазақ мектебі 50 пайызға да жетпейді. Елімізде 80 мектеп – өзбек тілінде, 15 мектеп ұйғыр тілінде, 5 мектеп тәжік тілінде, 3 мектеп украин тілінде, 2 мектептен кәріс армян тілдерінде білім алуда, кім көрінгенге мектеп ашып бере беретін қазақтан басқа дүние жүзінде бірде-бір ел жоқ. Алты Алаштың айбыны Астананы алып қарайық. Мұндағы 65 мектептің 20-сы орыс, 20-сы қазақ, 25-сы аралас мектеп.
Аралас мектепті орыс мектеп деп санай беріңіз, өйткені ол мектептерде бастығынан бастап еден жуушыға дейін орысша сайрайды, қазақшасы шала немесе мүлдем мақұрым. Қазақстанның кез келген өңірін алсаңыз, қазақ мектептері жетіспей жатыр. Мәселен, Шымкент қаласының «Самал-3» ықшамауданының оқушылары қазақ мектебі болмағандықтан 12 шақырым жердегі көрші Тельман бөлімшесіндегі №52, №56 мектептерге қатынап оқуға мәжбүр.
Сынып бөлмелері жетіс­пе­гендіктен кішкентай бүлдір­шіндер бір партаға үшеуден сығылысып, дәретханада «білім нәрімен» су­сын­дауда… Дәретхананың қа­бырғалары кафельденген бөлмені жылытудың өзі мұң. Бір сыныпқа 25 оқушы баратын орынға 38 оқушыдан отыр. Соны естігеніңде жүрегің қынжылады. Бұл әңгімелер айтылғалы қай заман. Бірақ, бұл істі ілгерілеушілік еш байқалмайды. Төмендегілердің сұранысын елең етіп жатқан билік жоқ. Алайда, билік түбегейлі реформаны неден бастау керектігін әлі түсінбеген секілді. Реформа былай тұрсын мемлекеттік тілде білім алғысы келетін ұрпақтың сұранысын қанағаттандыруды басты меже тұтқан жөн.
Қазір ЖОО-дарда да дәл осындай жағдай орын алған. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселелерге көз жұмып қана қарап отыр. Бір ғана Өскемен қаласына 20 қазақ мектебі қажет. Өскеменнің 45 мектептің 6-ауы ғана қазақша, 15 мектепте аралас, 24 мектеп орыс тілде білім береді екен. Орыс мектептері жаңа ғимараттарда әрі кең аулада орналасқан, жағдайы қазақ мектептермен салыстырсаң аспан мен жердей парқы бар.
Методикалық әдістемелері де әлдеқайда жақсы. Аралас мектептерді таза қазақ мектепке ауыстырса орыстар өкпелемейтін шығар. Тек түрі қазақ тілі орыс ағайындар қарсы шығуы мүмкін. Кезінде білім және ғылым министрі Жақсылық Құлекеев келіп 10 жылдық мектепті 11 жылға Ресейден көріп ұзартып еді, Жансейіт Түймебаев келіп 12 жылдық етіп ұзартты. Әр министр осылай ұзарта берсе, қартайғанша мектепте жүре бермеске кім кепіл? Одан қайта білімнің сапасын көтеруге неге ат салыспайды? Қазақстанда өмір бақи тұратын орыстардың қызынан – қазақ тілінен бес деген баға алатын оқушыдан бірде атыңыз кім деп сұрасам еш түсінбейді, сонда оларға сабақта не үйретеді, түсініксіз?
Көрші Ресейде үш миллион қазақтың екі миллоны ассимиляцияға ұшырап, қазақ болудан қалды, бір миллион қазақты тез арада көшіріп алмаса, олардан да айырыламыз. Бір миллоннан астам қазақ өмір сүретін елде, емге бір қазақ мектебі жоқ. Демократия жолын таңдаған Ресейге бұлай істеу жарасады! Бізге ше? Атамаңыз… ғалам төңкеріліп кетуі мүмкін.

Жұмамұрат Шәмші,
Тарих ғылымдарының
кандидаты
Астана қаласы

5 ПІКІРЛЕР

  1. иа, қаншама жылдан бері шешімін таба алмай жүрген мәселелердің бірі. не себепті біздің мемлекет өзге ұлт өкілдерін жарылқап, ал өзінің қара домалақтарын жетімсіретеді?! қазіргі таңда осындай болса, өскелең ұрпақтың жағдайы мәз болмасы анық…

  2. Ей, Сарыарқа қалмады сенде қызық,
    Сандал тау, сары өлкені алды мұжық.
    Қолынан келері жоқ, өнері жоқ,
    Баласы байғұс қазақ қалды мыжып

  3. Бәрекелді Жұмамұрат өте орынды жазыпсыз, біздің қоғамға аралас мектеп керек емес, бәрін мәңгүрт қылып бітті.Тіпті, Астана қаласында ескі парламенттің алдына Абай ескерткішін орнатты, бірақ астына ештеңе жазбаған, сауатсыздар. Туған жылы өлген жылы ол кім болған дүниежүзіндегі барлық ескерткіштерде түсінікті етіп жазып қояды, бізде Алия, Жамбыл, Дина, Кенесары, Бауыржан, Абай дегенде қойған. Қаның қалай қайнамас.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз