БІЛІМГЕРЛЕРДІҢ АДАМИ ҚАСИЕТІН ДАМЫТУ – НЕГІЗГІ МІНДЕТ
2017 ж. 26 сәуір
2727
0
Егеменді еліміз еңсесі биік мемлекет болғалы ғылым мен мәдениет салаларының қарыштап дамуы күн санап өсуде. Қоғамдық өмірді ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді, рухани-адамгершілік мәдениетімізді жетілдіру көкейкесті мәселеге айналып отыр.
Кез-келген ұлттың даму тарихында орын алатын өзекті оқиғалардың маңызды бір саласы – педагогика болып саналады. Білім беру қоғам дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық факторы, ол кез келген мемлекеттің саясатының басым аспектілеріне жатады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында ел болашағы – білімді ұрпақ қолында деп атап көрсеткен. Сондықтан жаңа замандағы – жаңа Қазақстанның, нанотехнологиялар заманында баса назар аударатын саласы да осы білім беру болып отыр. Жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, рухани-шығармашыл, ғылыми-ізденіске құштар индивидуальд жеке тұлғаға лайық шәкірт тәрбиелеу – біздің XXI ғасыр ұстаздарының алға қойған мақсаты болмақ. Оның ішінде кәсіптік-техникалық деңгейде білім беру – еліміздің өнеркәсібі мен экономикасының түпкілікті өсіп-өркендеуіне аса үлкен әсер ететін факті болмақ. Бәсекеге қабілеттілікті дамытудың негізін – студенттің еркін ойлау қабілетін дамыту құрайды. Болашақ тұлға, өз кәсібін меңгерген білікті маман – қай салада болмасын лидерлік тұғырдан көріне білу үшін оған еркін ойлау қабілеті, кең көлемді фантазия, қиын тұста ұтымды әрі орынды шешім қабылдау қасиеттері қажет болады. Теориялық білім мен іс-тәжірибенің бір арнада тоғысып отыруы да студенттер қауымының ойлау қабілетін, іскерлік қарымын дамыта түсетін, серпіліс сыйлайтын, алға сүйрейтін маңызды әрі қажетті факты. Көркем әдебиетті, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау, студентті жеке тұлға етіп тәрбиелеуде үлкен үлес қосса, ұлттық мәдениетке ұқыпты қарым-қатынасқа қалыптастыру, шығармашылық дарын айқындау - студентті лидер ретінде дағдыландырмақ.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» - деп ұлы шығыс ғалымы, ғұлама - философ әбу Насыр әл – Фараби босқа айтпаған болса керек.
Тәрбие - күрделі әрі ұзақ процесс. Оған белгілі бір дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлік қажет. Ондай болмаған жағдайда тәрбие саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиындыққа түседі. Елімізде тәрбие беру процесінің тиімділігі тікелей мұғалімге, курс жетекшісіне байланысты. Әйгілі психолог Дж. Маккензи мұғалімнің іс-әрекетінің маңыздылығы туралы білім беру жүйесінің сапасы онда қызмет ететін мұғалімдердің сапасынан жоғары болуы тиіс деген болатын. Қазіргі кездегі тәрбие әдісінің негізгі мәні – жеке адамды жан-жақты қалыптастырудағы әлеуметтік міндетті жүзеге асырудың басты құралы болып табылатын тәрбиенің әдістерін жетілдіру. Қазіргі күні заманауи педагогика бала тәрбиесінде тұлғаға бағдарланған тәсілге сүйенеді. Болашақ – бұл біздің балаларымыз, білім болмаған жерде келешек те болмайды. Қоғамның педагогикалық қолдауға сұранысы артып отыр. Айталық, психологиялық-педагогикалық әдебиетте педагогикалық қолдау психологиялық процесс ретінде түсіндіріледі. Ересек адам қолдау процесінде баланың өзіндік бағалауын нығайту мақсатында дұрыс жақты және оның артықшылықтарына назар аударады, баланы қателікке ұрынудан сақтандырады, сәтсіздіктерде қолдау жасайды деп түсіндіріледі. Онсыз адам дамуы мүмкін емес. Өзім жоғарыда атап көрсеткендей, бәсекеге қабілетті индивидуальді тұлғаны тәрбиелеу барысында оған әсер етуші басты фактор – ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас болып табылады. Міне, осы тұста біздің ата-бабамыздан қалған адамгершілік заңдылықтарын жаңа заман талабына сай жаңғыртып, білім беру саласында ұтымды пайдалана білу – жетістіктің кілті болмақ.
Жас ұрпақ тәрбиесінде басты рөл ұстаздар қауымына жүктелетін міндеттер артып отыр: ол – тұлғаның қалыптасуына, оның нәтижелі түрде әлеуметтенуіне қатынасатын тәлімгер, ол бүгінгі күн талаптарына жауап береді және болуы мүмкін тәуекелдер мен қауіп-қатерлерді алдын ала көре біледі. Қазіргі күні мектеп сынып жетекшілерінің белсенді позициясын қалыптастыруды күшейту, жалпы білім беру жүйесіндегі тәрбие процесін жетілдіру мен тиімділігін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Біздің, қазақ халқының, ұлттық-халықтық педагогикасында о бастан-ақ қарастырылатын басты қағидаттар қатарында мейірімділік, парасаттылық, адамгершілік, ізгілік, сыпайылық, сыйластық, құрмет, ізет секілді жазылмаған адами заңдар басты назарда, бірінші кезекте қарастырылып келген. Ұстаз өз шәкіртіне қай кезде болмасын ата-ана, жанашыр туыс, сырлас дос ретінде қарай білсе, шәкірт жүрегіне жол тауып, ізгілік нұрын құя білгені. Ол – қазақ педагогикасындағы Ыбырай Алтынсарин негізін салған заңдылықтар.
Қазіргі уақытта біздің қоғамда педагог қызметін атқарып, білімгерлерді кәсіпке баулу, болашақ өмірлік орнын екшеп беру секілді мәселелерді шешуге келгенде мұғалімнің негізгі міндеті – психология жетік меңгере отырып, ар-ұят, намыс секілді жекелеген құқықтар, үлкен мен кіші арасындағы парасатты достастық, білімгер мен мұғалім арасындағы сыпайылық секілді мәселелерді тереңірек, түбіне қарай үңіле қарамақ керек. Қазіргі заман тәрбиесі гуманистік негізде болып, тұлғаның әлеуметтік – мәдени, даралықты, жауапкершілікті қатынас бағыттарында дамуына орайласады. Мұндай тәрбие технологиялық икемшілдігіменен, көңіл – күйге сәйкестігімен, сұхбаттастығымен, жағдайға қарай орындалуымен, болашақта бағытталуымен ерекшеленеді. Білімгерді кәсіпке баулу – үлкен өмірге даярлау деген сөз. Бұл тұста ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің деген қанатты сөз ойға оралады. Яғни, білімгер ұстазымен жасаған қарым-қатынас әдісі мен тәсілін, оқу орнында алған қарым-қатынас іс-тәжірибесі мен практикасын өзінің ұзақ жылдар бойғы өмірінде пайдаланатын болады.
Шәкірттерімізді рухани тұрғыдан байытып, адамгершілік қасиеттерін арттыруда заманауи педагогтардың көптеген іс-шаралар жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, адамгершілік сенім туғызудың бір формасы – оқырман конференциясы. Ол білімгерлердің ой-өрісін кеңітіп, олардың көркемдік талғамын дамытып қана қоймай, адамгершілік нормалары мен принциптерін меңгеруге көмектеседі. Оқырман конференциясының барысы көп жағдайда пікірсайыс сипатына айналады да конференция пікірталасқа ұласады. Мораль тақырыбындағы пікірсайыс – білімгерлердің тыңғылықты даярлығын талап ететін күрделі және сонымен бірге сендірудің әсерлі формасы. Өзіндік пікірін негіздеу кезінде олар адамгершілік принциптерін жақсырақ анықтайды және меңгеріп алады. Қазақстан Республикасының білім беру және ғылым саласы тәуелсіздік жылдары мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып саналатын үлкен жолдан өтті. Білім берудегі басты міндет – өзінің кәсіби қызметінде рухани-адамгершілік құндылықтарды қолдануға қабілетті жоғары білікті мамандарды, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кәсіпқорларды даярлау. Педагог дұрыс ұйымдастырылған оқу-тәрбие іс-әрекеті – тұлға тәрбиесінде жоғары нәтижеге қол жеткізудің негізі. Өз ісін шебер меңгерген нағыз ұстаздар мен мұғалімдер дегеніміз – ол өз тәрбиеленушісінің әрқайсысының бойынан қайталанбас, дара тұлғаны көре білетін; тұлғалық-бағдарлы тәсілге сүйене отыра педагогикалық диагностика негізінде әр оқушыны терең зерттейтін, олармен байланысын үйлестіретін, білімгерлер ұжымының қалыптасуына ықпал ететін ақылды тәрбиеші. Қорыта келіп айтарым – педагог ұрпақ тәрбиесімен айналысу барысында түрлі тәсілдер мен әдістер, жаңа ақпараттық – сараптамалық технологиялары мен есептеу техникасын кеңінен қолданып студенттің руханиятын баюына, адамгершілік ізгі құндылықтарының мінез-құлқына сіңісіп, барынша мол білім - парасат, байлыққа толы тұлға қалыптасуына жан-жақты бар мүмкіндікті пайдалана отырып талпыныс жасауға міндеттелмек. Қарым-қатынас этикасы мен эстетикасы да білімгер санасына сіңірілуін әрбір мұғалім өзі қатаң түрде назарында ұстауы қажет, адамгершілік, ресми-серіктестік субардинация, компрамистік іс-әрекеттер де осы престиждің ішінде қамтылуы тиіс. Оқу-тәрбие үдерісінде халықтық педагогиканы пайдалана отырып, білімгерлердің негізгі кәсібіне қосымша шығармашылық қабілетін дамыту да ұстаздар қауымының күн тәртібінде бірінші болып қаралатын негізгі әрі маңызды аспектілер болмақ. Білім мен тәрбиені тең ұстау, сана мен сезімді ұштастыру, білімгерлердің ой еркіндігін дамыту, өз пікірін анық, нақты, айқын, дәлелді түрде жеткізуге үйрету, тіл байлықтарын тереңдету, дүниетанымын кеңейту, танымдық ынтасын қалыптастыру, адами-руханиятқа тән күш-жігерлілікке шақыру, қайсарлық пен өжеттілікке ұмтылысты, өмірге деген сүйіспеншілік пен үздік болуға деген ынтаны дамыту, білімді ұлтжанды, туған отанына қызмет жасайтын, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне молынан, мүмкіндігінің барынша үлес қосуға талпыныс жасайтын, адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелеу үшін – қанатымен су сепкен қарлығаштар, ұстаздар қауымы – ұзақ жылдар бойғы, сүйекке сіңіп, қанға араласып, тамырымен ағып, бүкіл болмыс бітімімен астасып кеткен игі дәстүрлері мен дағдыларынан таймай, есесіне сапа үстіне сапа қосып, дамып жетіліп, алға қарай талпыныс жасай отырып, игі серпілістерді қосып, жаңаша әдіс-методтарды қолдана жүріп болашақ алдындағы қызметінде қалтқысыз боларына сеніміміз кәміл. Ал сенім – алдамаса керек.
Жасұлан Мұхашев, Республикалық жоғарғы медицина колледжінің экономика және философия пәндерінің оқытушысы
qazaquni.kz