Көмескі жауға айналған Көгілдір экран

Телеарнаның адамға беретін пайдасынан көрі, келтірер зияны көбірек екен. Оны әлем ғалымдары мәдениетке қарсы басталған жорықтан кері қайтар жол іздеп, дабыл қағуда. Көгілдір экран адамды байқалмайтын стресс жағдайда ұстайды-мыс. Телемания есірткі, ішімдік секілді теріс әдеттермен қатар тұрады деген қорытындыға келген. Бұған қоса, зертеушілер пікірінше, теледидардың танымдық, тағылымдық әсерінен гөрі, көрерменге бағытталған эмоционалдық соққысы басым.

теле

 

Бақылаулар нәтижесінде, үш аптадан кейін адамның теледидар арқылы көрген білімі құмға сіңген тамшыдай зым-зия жоғалған, ал көңіл күйіндегі әсер қаз-қалпында қалған. Мұндай ғылыми тұжырымдардың тізбегі біразға созылары анық. АҚШ түрмелеріндегі қылмыскерлердің 65%-ы экран кейіпкерлеріне еліктеп заң бұзғандығын, ал 25%-ы ұрлық пен бейбастақтықты үйреткен «телеұстаздарына» алғысы шексіз екендігін айтады. Жапонияда покеман қалталы құбыжықтар жайындағы мультфильмнің бір сериясының көрсетілімінен кейін қояншық ауруы ұстаған 625-бала ауруханаға түскен. Алысқа бармай-ақ біздің елде жаңағыдай мультфильмдерді көріп алған жеті жасар Айғаным алты айлық інісін бесінші қабаттан тастап жібергенін немен түсіндіреміз? Бала туа сала, бұзылмайды. Жаман әдетті көріп, біліп, естіп, еліктеп бұзылады. Экранда көргені атыс-шабыс, ұрыс-жұлыс, қатыгездік әпербақан ұрдажық көріністер өте көбейіп кетті. Біздің ғалымдар 2010жылғы қорытынды бойынша, ТМД елдер арасында Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында 20 жасқа дейінгі балалар арасындағы суицидтер санының күрт өсуін айтып және бұған экранның көп әсер ететіндігін жанұшыра жеткізіп, дабыл қағуда. Біздің елде өз-өзіне қол жұмсаған 18жасқа дейінгі жасөспірімдер саны бір жылда 870, ал бұл қадамға талпыныс жасағандар саны 1296-ға жеткен. Вашингтон университетінің ғалымы Фредерик Циммер­ман 1500 баланы 3жастан 12 жасқа дейін бақылай келе, теледидарды төрт сағаттан аса қарайтындардың бұзақы болу ықтималдығы отыз пайызға артатындығын дәлелдеген. Одан тыс, ересектер арасында да, күнұзағына теледидар көретіндер, бұзақылық әрекеттерге бару етек алған. Катар мемлекетінің атышулы «Әл-Жазирасы» 2005жылдан бастап жер серігі арқылы таратылатын шетелдегі арабтарға арналған, 50 пайызы араб продюсерлерінің өнімдерімен жабдықталған JCC арнасын ашқан. Израиль де қалыс қалып жатқан жоқ, оның ВАВY TV телеарнасы да дүниежүзі бойынша таралады. Жапонияға келсек, онда ұлттық білім берудің теледидарлық жү­йесі қалыптасқан. Ағылшын­дардың Лондонда балалар телеар­насының ашылғанына 65жыл болды. Сондай-ақ Канада, Австралия, Финляндия, Швейцария, Дания, Қытайда да балаларға және ересектерге арналған телеарналары бар. Ресей де қол қусырып отырған жоқ. Бірінші қаңтардан бастап 165 елге таралатын «Карусель» және «Улыбька ребенка» балалар телеарналары ашылды. Көште қалған ешкім жоқ. Ал, бізде балаларға арналған жуырда ашылған «Балапан» бағдарламасының өзі сын көтермейді, деңгейі төмендеу. Қазақы мультфильмдер жайы тіптен бөлек әңгіме. Әрине, елімізде бақаның да балық болып жүргендігі сондықтан. Мәселен, Азиаданың ашылу салтанатын теледидардан тікелей эфирден тамашалаған да, әнші Мадина Садуақасова мен актер Досжан Жолжақсынов және белгісіз Диас деген жігіт сөйлеп отырды. Үшеуі бір-біріне сөз бермейді, оны сауатты бір-ақ адам сөйлесе де, жетіп жатыр, қабаттаспай, жағаласпай, біресе орысша, біресе қазақша жүнін жұлған тауықтай әйтеуір өткізді. Әнші өлең айту керек, актер киноға түсу керек-қой, бізде бәрі сегіз қырлы бір сырлы, шетінен «универсальный солдаттағы Ван Дамм». Әркім өз сүйікті ісімен айналысқаны жөн. Атың шықпаса жер өртенің кейпін киген. Біздегідей бейбастақтық әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Қазір Бұқаралық ақпарат құрал­дарының зорлық-зомбылығынан мұрнымыздан қан кетіп отырған елміз. Есеңгіреудің, есімізден айрылудың деңгейіне жеттік. Сол ақпарат құралдарының тәрбиесін көріп өскен балалардың өзі жиырма жасқа келді. Ертең олар бізді ауыстырғанда ұлт үшін күрес­пей­тін, мемлекет үшін тұяғын қимыл­датпайтын өте дүбәра, мәңгүрт, нем­кетті ұрпақ бола ма деп қорқамын. Онда қазіргі аға буын тырбаңдап жинаған дәулет, рухани қазына байлық бүгінгі жасалып жатқан игілікті істердің барлығы желге ұшады. Әсіресе, біздің қабырғамызды қайыстырып бара жатқан орыс басылымдары. Біз орыс халқының рухани асырауында отырмыз. Елімізде 10 телеарна бар, саны бар сапасы сын көтермейді, басын біріктіріп бір телеарна 24сағат тек қазақша сауатты, жан-жақты, ауқымды хабар таратса игі. Қытайдың өзінде 24 сағат қазақша сөйлетін төрт телеарна бар, тәуелсіздігіне 20жыл болған Қазақ елінде 24сағат бір телеарнаның ашылмауы өкінішті-ақ, өз жерінде отырып, рухани ергежейлігін аңғартса керек. Орыстар Еуропалықтардан үйреніп «Две звезды», «Давай поженимся» «Наша Раша» деп еді, біздікілер көріп алып «Екі жұлдыз», «Жар-Жар», «Наша Казаша» деп қайталап жүр. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, өздерінің ой-пікірі жоқ продюсерлер, несіне айлық алып отыр. Үш тұғырлылық саясатын желеу етіп қос тілді қосақтатып қойғанымыз қазақ баласының қамын ойлағандық бола қоймас. «Ел арна» «31канал» қайсы елдің телеарнасы екенін түсінбейсің? қазақшасынан орысшасы басым, тіпті жанды қынжылтады. Бірде сол телеарналардан елу қазақ отырып, араларында бір орыс жоқ,орыстың тілінде қызылкеңірдек болып пікір таласып жатыр. Кім үшін екені белгісіз? Орыстар ол телеарналарыңды мүлдем көрмейді, себебі өздерінің «ОРТ», «НТВ» «РЕН ТВ»-лері бар, қазақтың кез келген телеарнасын он есе орап алатұғын. Қазіргі қазақ орысша сөйлейді, ойлайды, киімін киеді, тамағын жейді, әнін тыңдайды, соны мәртебе санайды, сонда орыс болмағанда қай жерің қалды.Орыстың ойлағанын айнытпай шайнап қайталайды. Африканың Танзания елінде «Макака» деген маймыл бар екен, адам не істесе, соны қайталайды-мыс, біз сол Макакадан айырмашылығымыз қалмай бара жатыр. Біздің ғылымымыз да, саясатымыз да, мәдениетіміз де орыстың өкшесін басқан рухани дүбәра дүние болып отыр. Дереу тез арада, Мемлекеттік, Парламенттік Үкіметтік деңгей­де, осынау заманалық қасіретпен күресетін шараларды қолға алуымыз БАҚ-ын ауыздықтауымыз қажет. Онысыз біз ұлт ретінде жойыламыз, мемлекет ретінде құлаймыз.

Жұмамұрат Шәмші,