Жадымызды жаулаған жарымжан сөз

молодежь Тіл қарым қатынас құралы. Әрбір айтылған сөз арқылы адамның ой-өрісінің, ақыл-парасатының, рухани байлығының қандай екенін білуге болады. Халық даналығында «дүниеде екі нәрсені кейін қайтарып ала алмайсың дейді: Біріншісі, өтіп кеткен уақыт, екіншісі ауыздан шыққан сөз». Осы бір жалғыз ауыз сөздің құдіретті күшін қарасаңызшы, күллі мұхиттарды жалғайтын сөздің адам өмірінде атқаратын қызметі зор. Сол себептенде халқымыз ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болып, ойланып барып сөйлеген. Абай атамыз айтқандай: «Сүймек, сезбек, кейімек, харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек...» дейді, шын мәнінде әр сөзге мән беріп, мағынасына терең бойлап барып сөйлеген жөн.

Алайда бүгінде жастарымыз мүлдем батыстанып кеткен десем, өтірік айтпаған болар едім. Олай дейтінім тілдерін бұрмалап, елден ерекше болып көрінгісі келе ме, қайдам, шетелдің жаргон сөздерімен сөйлеуді әдетке айналдырып алған. Қазақ халқы қашанда сөзге шешен, суырып салма, дұшпанын бір ауыз сөзбен тойтарып отырған емес ме? Қазіргі таңда мүлде бөлек, жастарымыз екі ауыз сөздің өзін кібіртіктеп, тұтығып барып әрең жеткізетіні ешкімге жасырын емес. Сөйлеу барысында жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді пайдаланып, оның үстіне қазақша қосымшаларын жалғап, тіпті тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданып жүр. Айталық, Бұрынғы «ата» деп салем беретін немере «аташка» деп мойнына оралады. Иіліп сәлем беретін келіндеріміз «здрасти, салэм бердік» дейтін дәрежеге жеттік. Ең сорақысы ана омырауындағы сәбиінің сәт сайын еститіні «Айналайын, құлыным» деген қазақы ана жүрегінің жылуы емес, өзге тілдегі «Ой, мой синочик», «Доча, играй» деп тәрбиелейміз. Онымен қоса, тілі енді шығып келе жатқан балаға үйдің бөлмелерін, яғни «жатын бөлмені» - «спальная комната», «балалар бөлмесін» - «детская комната», «ас үйді» - «кухня», «ауыз үйді» - «прихожка», «дәлізді» - «коридор», деп қазақша баламасын ұмытып, тегістей орысшаға ауысып алдық. Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты қағидасы-мемлекеттік тілді құрметтеу. Мемлекеттік тілі жойылған елдің келешегі жоқ екенін, қай халық болса да, тіл мәдениеттің өзектілігі екенін әлдеқашан түсінген. Бірақ біздің жастарымыз қайда қарап жүр? Қазақстанның шекарасынан асқаннан кейін ешкім сізбен қазақ тілінде сөйлеспейді, қазақ тілі ешкімге де қажет емес. Бұның өзі ана тіліміздің өзге жерде өсіп өркендей алмайтынын дәлелдеп отыр. Сөз құрамы - ғасырлар бойы жасалып, қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан бай қазына, қасиетті мұра. Әр ұрпақ оны қадірлеуге, ілгері дамытуға міндетті. Жастарымыздың жаргон сөздерге құмар болуына өздерін ғана кінәлау дұрыс емес, оған араласатын отбасының, қоршаған ортасының да кінәсі бар. Мектептерде ұстаздары жақсылыққа баулып, қанша тәлім-тәрбие берді деп есептегенімен, былай шыға бере араласатын достары бөгде сөздерге үйір болса, оған отбасынан тыйым болмаса, бала осы сөзді қолданғаным дұрыс екен деген оймен жүре береді. Екіншіден, жастардың кітап оқуға деген құлықтарының төмендеуі. Өйткені, кітаптың орнын, әлемді жаулаған компьютер толықтырып отыр. Ал, компьютерге әуес болып, соған тәуелденген баладан не күтуге болады. Қазақтың мол мұрасының бірі әдебиет әлемінен алшақтап, арзанқол сөздермен көмкерілген ғаламтор ішіне еніп кеткен. Соның салдарынан кейбіреулері айтар ойын жеткізе алмай «ия, жоқ» деген сөздермен шектелетін болды. Мәселен, бүгінгі қолданыстағы сөздерді айтатын болсақ: Бір-біріне жарасымды киініп алыпсың, өзіңе құйып қойғандай деудің орына «тема киініп алыпсың» ғой дейді. Келбетті, ажарлы қыздарды көрсе «Өзі жынды қыз» екен дейді, бұны қалай түсінеміз. Жынды деп артқы етегін басына киген, науқас адамды айтады емес пе? Бір нәрсеге таңырқағанда немесе қуанғанда «Пай-пай», «уа, шіркін» деген сөздердің орнына «ю маю, афиге, юшкин цвет» деп сөйлей жөнеледі. Бір нәрсеге алаңдап, өзіңді қоярға жер таппай тұрсаң «неге потеря» болып жүрсің дейді. Сонымен қатар, студенттер немесе өзге жастар арасында өздерінің қолданатын сөздері бар. Айталық, студент оқу ғимаратында жүріп және дәріс сабақтарында, кітапханада болғанда студент жаргонына тән сөздерді қолданады. Мысалы, «читалка» – «оқу залы», «внеаудиторка» - «аудиториядан тыс тапсырма», «препод», «эдвайзер-оқытушы», «общяга» - «жатақхана», ал оқу ғимаратынан алыстаған кезде ол өзінің достарымен кездесіп бір жерге баратын болса, қоғамдық көлік деудің орына «маршуткаға мінеміз бе»? Инетке барамыз ба? дейді, яғни интернет орталығы деген сөз. Осы мәселеде студенттер оларды дұрыстауға, түзетуге тырыспайды, сондықтан оқу ғимаратындағы күнделікті қарым-қатынаста осы жаргон сөздермен сөйлейді. Әрине бұл жаңа жаргон сөздердің кең таралуына әкеп соғады. Бұның өзі біздің еліміздегі тіл мәдениетінің төмендігін білдіреді. Көптеген жастар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп кеткізе алмайды, басы артық, бос сөздерді көп қолданып ойын шашыратып жібереді. Кейбір орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен диалектілермен сөлегенді сән көреді-ау шамасы. Міне, бүгінгі күнгі көкейтесті мәселенің не екені баршамызға аян, сондықтан жастардың мәдениетін, әдебін қалыптастыру үшін жұмыла еңбек ету керек. Ана тілін жақсы біліп, өз орнымен сөйлеу-әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тіліміздің мәртебесі көтерілер еді. Бұл дүниеде қисынсыз көп сөйлеген адамның, қияметте күнәсі көп болады дейді. Ислам дінінде сөз жайында былай дейді: Сөз сапасы... Ислам діні барша адамзатты ізгілікке, кішіпейілді­лікке, ізеттілікке, кеңпейілділкке үндейтіні әмбеге аян. Ал, адамның бойында осындай игі қасиеттердің болуы - сол адамның ниетіне, ойлаған ойына сөйлеген сөзіне тікелей байланысты. Сол себептенде жастарымыз осы мәселенің барлығын ескеріп, ойланып барып сөйлеуі тиіс. Жастық шақ жақсы қасиеттерді бойға сіңіру кезеңі екендігіне ешкімнің де дауы болмаса керек. Біреулердің сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы, енді біреулердің кісілігі мен кішілігіне кейінгі інілер елітпей тұра алмайды. Жастық шақ рухани қор жинау кезеңі. Оған көп нәрсе үйрену керек пе? Керек. Білім қажет пе? Қажет. Жақсыдан ғибрат, оны көкейге түюге тиісті ме? Тиісті. Осының бәрін ескере отырып, жатарымыз сөйлеу мәдениетін сақтап, өзге тілдегі сөздерді шұбарлап, өз тілімізді талан-таражға салмаудың амалын қарастыруы тиіс. Айталық: Біріншіден, отбасы­ның яғни ата-аналар балаларының сөз әдебіне, тіл мәдениетіне мән беруін қадағалап отырса. Екіншіден, Ортаның әсері, айналасының, достарының дөрекі сөздерді айтып сөйлеуі де әсер етеді. Сондықтан үнемі ондай ортадан аулақ ұстап отыруы тиіс. Үшіншіден: Көркем әдебиетті оқуға деген оқушылардың қызығу­шы­лығының бәсеңдігі. Тіл мәдениетіне жастарды тәрбиелеп, көркем әдеби шығармаларды оқуын қадағаласа. Төртіншіден: Кей мұғалімдер­дің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігі. Оқушы мұғалімді тыңдау барысында көркем, анық, түсінікті сөйлеуді үйренеді. Осы мәселелерді ұстаздарымыздың арнайы көңіл бөлмеуінің салдарынан. Елдің аузында мәнін мәңгі жоғалтпайтын «Бәрі де адамына байланысты» деген киелі сөз бар. Бұл тарих дәлелдеген шындық. Ұлттық тілді жүрегінде от жалыны бар, отаны үшін жанын пида етуге әзір, кеудесінде ұлттық рухы бар қазақ қана қадірлеп, қастерлей алады. Әсел Рзаева