БАСТЫ БАЙЛЫҚ – БАЯНДЫ БІЛІМ

«Білік біліп – төрден орын аларсың, Білік білсең, күшті, берік адамсың».

Жүсіп Баласағұн

БІЛІМДІ ЕЛ - БІЛІКТІ ЕЛ Тәуелсіздік алған  алғашқы күннен-ақ Қазақстан білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жо­ғары бағалап, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қара­мас­тан осы салаға барынша қолдау көрсетті. Халқымызда “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөз бар. Білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігі, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екендігі белгілі. Расында да, білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені шындық. Сондықтан да, күллі әлемдік жаңа идеология ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның білімге негізгі басымдық беріп отырғандағы басты себебі содан. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстың көзі, жақсы өмір сүрудің түп қазығы білімде жатқанын ұлы Абай да жақсы айтқан: “Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма”, – дейді ол. «Қазақстан – 2030» Стратегиясында: “Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты”, – деп айрықша атап айтылған. Бүгінгі кезеңде отандық білім берудің ұлттық моделін құруға байланысты қыруар шаруалар атқарылу үстінде. Ал, бұл мәселе төңірегінде іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына оншақты жыл болды. Қазір осыған орай республикамызда заңнамалық және нормативтік-құқықтық база қайтадан құрылу жолында. Нақтылай түссек,  халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар жүзеге аса бастады. “Ертеңін ойламаған ел азады” дейді халық даналығы. Барын баға­лап отыратын, ұрпағына үмітке сай білім беріп, тәрбиелейтін ел озады. Ел көңілін аударған  “Интеллектуалды ұлт – 2020” ұлттық бағдар­ламасының басты мақсаты да осы – қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу, сөйтіп бүгінгі ғаламдық дамудың арқа сүйейтін негізгі байлығы – бәсекелестікке қабілетті адам капиталын қа­лыптастыруға негізделген. Білімі қаншалықты жоғары мемлекеттің бүгінгі әлемдік қауымдастықта бәсекелестікке қабілеттілігі сонша­лықты биік болмақ. Осы жағдайда ерте бастан өркениетті мемлекеттерде интеллектуалдық бәсекелестік жүріп жатқаны даусыз. Қазіргі кездегі білім беру жүйесінің ендігі бір міндеті – жастардың білім алып қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды-үйлесімді болуын қамтамасыз ету. Жаңа көзқарас ұлтты ойлануға, ойлауға үйрету арқылы қалыптан тыс көкжиекке көз жіберуге тәрбиелеу, білімді өз бетінше зерделеу, технологиялар мен инновациялардағы жаңалықтарды жүзеге асыра білу бейімділігімен бағаланады. Жаста­рымызды осындай мақсатта тәрбие­леуге біздің зор мүмкіндігіміз бар екендігіне дау жоқ. Міне, бүгінгі  интеллектуалдық мектеп­терге қойылатын талаптар осыларға негізделген. Ағымдағы ғасыр адамзат баласының алдына шешімі күрделі әрі іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу, кірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Соны ерте түсінген әлем елдері мен олардың білім жүйелері жаһандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен жобаларын ұсынуда. Мұны Мемлекет басшысы біліп, көріп, сол күрделі қиын кезеңнен елімізді қайткенде аман алып шығудың қамын ойластырып жүргені жалпақ жаһанға аян. Кез келген білімнің айқын мақсат-мүддесі болады. Біздің қазіргі жағдайымыздағы оның не­гізгі мақсаты – елдік сана мен мемлекетшілдік рухты қалыптастыру, ұлтсыздықпен күресу, Тәуелсіздікті баянды ету болуы керек.

Пайғамбарымыз Мұхаммад с.ғ.с-ның білім туралы хадистері:

“Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ Тағала оған сол арқылы жәннатқа бару жолын жеңілдетеді.” (Хадисті Әбу һурайрадан р.л.ғ. Имам Муслим риуаят етті) “Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы, айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте, ғұламалар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ, ғылымды мұраға қалдырды. Кімде-кім Пайғамбарлардың с.ғ.с. мирасын алса, мол үлесті алған болады.” (Хадисті Әбу Дардадан р.л.ғ. Имам Термизи, Имам Әбу Дауд риуаят етті) “Ғалымның қарапайым мұсылманнан артықшылығы, Менің сендердің ең төменгі дәрежедегілеріңізден артықшылығымдай. Шын мәнінде Аллаһ Тағала және Оның періштелері, аспан мен жердегілер, тіпті ұясындағы құмырсқа мен теңіздегі балықтар да адамдарға жақсылық үйретушіге салауат айтады (яғни, Аллаһтың игілігін тілейді).” (Хадисті Әбу Үмәмәдан р.л.ғ. Имам Термизи риуаят етті) “Дүниеде қызығушылық тек екі нәрседе. Бірі: Аллаһ Тағала бір кісіге дәулет беріп, оны хақ (шариғат бұйырған, яғни зекет, садақа т.с.с.) жолға жұмсаса. Екіншісі: Аллаһ Тағала бір кісіге даналық беріп, ол кісі сол арқылы дұрыс төрелік етсе және оны басқаларға үйретсе.” (Хадисті Ибн Масғудтан р.л.ғ. Имам Бухари, Имам Муслим риуаят етті)   САПАЛЫ БІЛІМ - САНАТТЫ ӨМІР

Жақында ғана Қазақстан Рес­публикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты - азаматтардың материалдық және рухани әл-ауқатын жақсарту, экономиканы тұрақты дамыту үшін баршаға арналған сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту. Осы арқылы еліміз бен жеріміздің болашағы болатын білімді азаматтар тобын молынан қалыптастыру осы бағдарламаның басты көздегені болып, сол арқылы көп көкейіндегі түйткілдерге оң бағыт сілтеп отыр. Осы жобаларды іске асыруда Мемлекеттік бағдарламада білім беру жүйесін заңнамалық, инвестициялық, экономикалық және кадрлық жетілдіру жөнінде шаралар қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламадағы барлық балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету, 12 жылдық білім беру моделін енгізу, техникалық және кәсіптік білімнің экономика талаптарымен өзара байланысы, кәсіптік стандарттар әзірлеу, жоғары білімнің сапасын арттыру мәселелері көрініс табуы өте қуанарлық жағдай. Қазақстанның білім саласындағы жетістіктері талассыз екені анық. ЮНЕСКО мәліметтері бойынша 2009, 2010 жылдары Республикамыз білім дамуының ең жоғарғы индексі (ИРО) бойынша Жапония, Норвегия, Германиялармен қатар әлемнің үздік төрттігіне енген еді. ИРО мынандай өлшемдер бойынша анықталады: бастауыш білім берумен қамтамасыз ету, ересектердің сауаттылығының деңгейі, гендерлік индекс, 5 сыныпқа дейін оқушылар үлесі. TIMSS зерттеулерінің нәтижесі көрсеткендей о0ушыларымыз 4 сыныптың математикасы бойынша әлемнің бестігіне кірді. (Сингапур, Гонконг, Қытай Тэйбеясы, Жапониядан кейін). Осы жетістіктер 2010 жылғы шілдеде Астанада өткен 51-ші Халықаралық математика олимпиадасында айқын көрініс тапты. Бұл осы олимпиадаға қатысу бойынша тарихымыздағы ең үлкен нәтиже екенін атап өтуге болады. Жаратылыстану пәні бойынша 11 орынды иелендік. Жалпы есеп бойынша Қазақстан алдыңғы жетістіктен көрінді. Қазақстан оқушыларының осындай жарқын нәтижесі халықаралық көрсеткіштерімізді елеулі түрде жоғарылатты. Әлемдік деңгейде бұндай жетістіктерге жетуімізге Білім саласын қаржыландыруды арттыру тенденциясы үлкен рөл атқарғаны айқын. 2000 жылы - білім саласына 103,1 млрд.теңге, 2002 - жылы 118,9 млрд.теңге, 2004 жылы - 195,6 млрд. теңге, 2006 жылы – 331,5 млрд.теңге, 2007 жылы – 480,7 млрд.теңге немесе ЖІӨ 3,7 пайызы, 2008 жылы - 641,1 млрд.теңге немесе ЖІӨ 4 пайызы, 2009 жылы бұл көрсеткіш 746 млрд.теңге немесе ЖІӨ 4 пайызын құрады. Ал 2010 жылғы білім саласына жұмсалған қаржы 797 млрд.теңгеге жетті. 2007 – 2010 жылдарда Қазақ­станда мектепке дейінгі мекемелер саны 3004-тен 5192-ге дейін артты. Бүгінгі таңда балабақшалар саны 7091(2007 жылдан 474-ке көбейді). Олардың ішінде мемлекеттік балабақша – 1807, жекеменшік – 284, шағын орталықтар - 3101 (3 жылдың ішінде бұлардың саны 2 есеге артты). Осындай қарқынмен 40 пайыз балалар мекетепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл саланың деңгейін арттыру мақсатында балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтамасыз ету үшін 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама мақсатында 2015 жылға дейін 3-6 жастағылардың 70 пайызын және мектепке дейінгі дайындық бойынша 5-6 жастағылардың 100 пайызын қамту көзделген. Қазақстанда дарынды балалар мектептері жүйесі дамып келеді. Бұндай білім орталықтарының саны қазір 107-ге жетті. Бұлардан өзге үш тілде оқытатын мектептер де пайда болуда. Олардың саны – 33. Қазақстанның білім жүйесінің бір құрамы – техникалық және кәсіптік білім беру. Бұл салада 882 оқу орны жұмыс істейді. (322 кәсіптік лицей және 560 колледж), олардың 513-і, яғни 58 пайызы мемлкеттік, 548-і, яғни 62 пайызы техникалық профильді, 168, немесе 19,7 пайызы ауылдық мекендерде орналасқан. Атап айтқанда Мемлекеттік бағдарламада көзделген төмендегі 10 бағыттың іске асуы, аталған мәселелер туралы тың серпін әкелетіндігінде дау жоқ. Нақтылап айтқанда: Білім жүйесін қаржыландыру, білім берудегі менеджмент, педагог мәртебесі, «E-learning» электронды оқыту, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, өмір бойы оқу, тәрбие жұмысы және жастар саясаты – бұл бағдарламаның нақты көрінісі болып отыр. Бағдарламаны іске асыруда қаржыландыруды жетілдіру мақсатында мына іс-шаралар қарастырылған: - Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесін әзірлеу және оны білім беру ұйымдарына енгізу; - Мемлекеттік білім беру жинақтық жүйесін құру арқылы білім беру қызметтерін қаржыландыруды қолдаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру (МБЖЖ) жоспарлануда. Білім беруді басқаруға қалың жұртшылықты тарту арқылы білім беруді басқарудың жүйесі жетілдірілетін болады. Қоғамның білім беруді басқарудың түрлі деңгейіне қатысуы қамқоршылық кеңестер түрінде жүзеге асырылады. Корпоративті басқару принциптері жоғары оқу орындарына енгізілді. Білім жүйесіндегі ұстаздық тәрбиесі және олардың мәртебесін көтеру жағдайы да осы бағдарламаларда кеңінен қарастырылған. Атап айтар болсақ, бұдан кейін педагог мәртебесін көтеру мақсатында педагог қызметкерлерді мемлекеттік қолдау және олардың еңбегін ынталандыру күшейтілмек. 2015 жылға қарай педагогтердің орташа жалақысы экономикадағы орташа жалақы деңгейіне дейін жетеді, ваучерлік қаржыландыру принципі бойынша педагогтердің барлығы біліктілігін арттырудан өтеді. Сонымен қатар кәсіби шеберлігі деңгейі бойынша педагогке қойылатын талаптар арттырылатын болады. 2016 жылдан бастап жұмысқа алғаш рет немесе педагог қызметінің үзілісінен кейін қабылданып жатқан педагогтер біліктілігінің деңгейін растау рәсімі енгізілмек. Педагог кадрларды даярлау сапасын бақылау және ынталандыру үшін барлық өңірлерде тәуелсіз аттестаттау агенттіктері құрылады. Осы арқылы Абай атамыз айтқан: Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға, - деген даналық тағылым іске асырылып, жақсы шәкіртті тәрбиелейтін дана ұстаздар қосынын жасақтауға негіз қаланады. Қазақстанның 2020 жылға дейін стратегиялық даму жоспары бойынша электрондық оқып-үйрету жүйесі қарастырылған. Бүгінгі таңда Қазақстанда 28 пайыз оқушының ғана компьютері бар және 16 пайыз ғана интернетке шыға алады, бұл дамыған елдердегіден 3 есе аз. Дәл сол уақытта мектептердің 60 пайызы кең жолақты интернетке шыға алмайды, сондықтан оған барлық білім беру ұйымдарын қосу жоспарлануда – бұл электрондық жоспарлау, журналдар, ата-аналарды смс арқылы құлақтандыру, сондай-ақ барлық оқушылар мен ұстаздарды әлемдегі білім беру ресурстарына шығу арқылы қамтамасыз ету. Жалпы алғанда 2010-2011 оқу жылының басында мектептердің 98 пайызы интернетке қосылды, прогресс ауылдық мектептердің 97 пайызына жетті. 2020 жылға қарай үш ауысымдық, апаттық жағдайдағы мектептер толығымен жойылады, оқушылар орнына жетіспеушілігі барынша азаяды. Бағдарлама екі кезеңде іске асырылады. Біріншісі – 2010-2015 жылдар, екіншісі 2011-2020 жылдар. Білім беру жүйесін басқару бұл іске негізінен қоғамды тарту арқылы жетілдіретін болады. Білім беруші қоғамдық басқару қамқоршылар кеңесі арқылы іске асырылады. Корпоративтік басқару қағидасы ЖОО-ларға ендірілетін болады. Әрбір ұстаз білімдік ИКТ қолдану сұрақтары бойынша біліктілігін көтеру апталық курстар өтеді. Мектепке дейінгі және үйрету сферасында қалалық және ауылдық жерде мектепке дейінгі оқу және үйретумен толық қамтылады. Бұл мақсатқа жету үшін мектепке дейінгі ұйымдар­дың баламалық – жекеменшік, отба­сылық, ведомстволық, мемлекет­тік жүйесі дамымақ. Оқу бағ­дарламалары жаңартылатын, жо­ғары білікті мамандар дайындалатын болады, ата-аналарға арналған кеңес беру пункттері құрылады. «Назарбаев – зияткерлік мектептер» жүйесі дамиды, инклюзивтік білім беру жүйесі, кәсіби мектептер жүйесі дамиды. МКШ даму стратегиясы жасалатын болады (ресурстық орталықтар-тіректік мектептер, қашықтан оқыту). Кәсіби және техникалық білім беру сферасында Ұлттық және салалық біліктілік шеңберлер негізінде мамандар дайындау құ­рылымы тәртіпке келтіріледі. Кә­сіби стандарттар талабына сәйкес мемлекеттік ТКБ жаңартылатын болады, арнайы пәндер бойынша типтік оқулық бағдарламалар жасалады, бірнеше біліктілік алу үшін модульдік бағдарлама жасалады. Оқушылардың тәжірибелік машығын дамыту үшін оқу жоспарында кәсіби тәжірибенің үлесі көбейтіледі. Бұл үшін жұмыс берушілермен әріптестік есебінен тәжірибе базасы кеңейтіледі. Қазақстандық жоғарғы білім жүйесі бәсекелестікке жарамды болады. Ұлттық аккредитациялық органдар Аккредитациялықты агент­тіліктің регистріне кіреді (сапа ке­пілдігінің европалық агенттіктер реестрі). Білім мен ғылымның интеграциясы қамтамасыз етіледі, зияткерлік меншік өнімдерін коммерциялау үшін қажетті жағдайлар жасалады, европалық жоғарғы білім аймағына интеграциялау қамтама­сыз етіледі – Болонья үдерісі шеңбе­рінде білім беру, ұсыну параметрлері орындалады. Тәуелсіз Қазақстанның білім саласындағы жарқын жетістіктері­нің бірегейі - «Назарбаев Универси­теті» 2015 жылдан бастап жоғары кә­сіби мамандар мен жас ғалымдарды оқытып шығарады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барлық азаматтарға сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау арқылы білім жүйесінің серпінді дамуына ықпалын тигізеді. Осындай бүгінгі заман талабына лайық мемлекеттік бағдарлама халықаралық өлшемдер мен ел үміті үрдісінен шығып отыр. Тәуелсіздік тірегіне айналар жаңа буын күштерін тәрбиелеу мақсатындағы бағдарлама толық іске асса, еліміздің ертеңі нұрлы, болашағы даңғыл болады деп сенеміз. Өйткені, бәсекеге қабілетті білім бәрін жеңеді.

Дайындаған Д.ЕЛДЕСОВ