ҚОНАЕВ ТАҒЫЛЫМЫ

Балабақша үйінен жақында көп қабатты ғимаратқа көшкен Қонаев универсиетітінің өзіндік тарихы мен оқу-тәрбиесі туралы

Ұлылық бар, қасиет бар затында, Көсем болған тірлік-өмір салтында. Біз оқитын киелі осы шаңырақ, Дінмұхаммед Ахметұлы атында Д.Қонаев атындағы Универ­ситетінің әнұранынан үзінді. Арыстанбаб немесе Диме­кеңнің түске кіруі. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының “Алатау” кенті маңынан өтетін арна жағалауында көлік ішінде келе жаттым. Әкесі Димекең кезінде Еңбек Ері атанған Әділ сыныптасым тосын өмірден өтіп, соның қазасына барған едім. Әділмен жұп жазбай дос болған Кармарал жолда келе жатып, түсінде кілең әруақтарды көретінін айтты. Халық ішінде әлдеқашан әулие атанып кеткен Димекең де Кармаралдың түсіне өте көп кіреді екен. Жалпы Димекең неге екені белгісіз түске өте көп кіретін кісі. Бұл жайында арнайы жазған болатымын. Кармарал көрген соңғы түсте. Димекең оны «Арыстанбаб атаң осы адам» деп түрі Абайға ұқсаған “баптардың бабы” әулиемен таныстырады. Алпысыншы жылдардың аяғында Арыстанбаб жатқан өңірде қыс қатты болғанда Димекеңнің “Арыстанбаб аман болса, мал да жанда аман болады” деп үрейленген басшыларды сабырға шақырғаны кейін аңызға айналып кетті. Оңтүстік халқы Димекеңнің тек ел ағасы басшы ғана емес кие қасиеті бар әулие екенін де біліп жүрді. Өйткені Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне келіп, сыртқа сездірмей құдайға құлшылық етіп, әулиеден медет сұрайтын Дін қайта оралғанда жалпақ жұртқа жария болды. Әңгіме түстен басталды ғой. Димекеңді түсінде көргендердің бірі, Қонаев атындағы университеттің ректоры Өмірәлі Қопабаевтың зайыбы Қашипа апа. Апаның түсіне Димекең желтоқсан оқиғасы дүрбелеңі кезінде кіреді. Қонаевты жазғару мен амалын тауып жазалаудың жымысқы әрекеті басталып, ол жасаған жасампаздық істер мен халық игілігі жоққа шығарылып жатқан тұста Өмекең мен Қашипа апа өресіз, ақыл-ойы таяз жандардың қылығына қатты ренжиді. Димекең жағында болады. Қандары қайнап, жандары күйзеледі. Қолдан келетін ешнәрсе жоқ. Құдайдан тек Қонаевтың амандығын тілейді. Бір күні апа тосын түс көреді. Түсінде Өмекең екеуі биік таудың аңғарында жүреді. Кенет ғайыптан Димекең пайда болып, апаға алтын жүзік сияқты бір қымбат зат сыйлайды. Арада біраз уақыт өтіп, жекеменшік оқу орындары жөнінде әңгіме шыққанда Өмекең бір жеке оқу орнын ашу туралы ойланып, іске кіріседі әл-Фараби атындағы Ұлттық универсиетінің профессоры, заңгер Өмекеңнің бастамасын белсене қолдаушылар бар еді. Қонаев атымен аталатын гумманитарлық университет ашу, әрине, оңай болған жоқ. Ол кезде көзі тірі Димекең оқу орнына өзінің атын беруге байланысты ұсынысқа басында келіспеді. Әулие адам ғой. Шын ниет, таза ықыласты сезген соң – соңында батасын берді. Құдайға сиынатын, бір үлкен шаруаны қолға аларда “құдайы дәм” беретін Қашипа апа Университеттің 15-жылдық мерейтойы жақсылығы кезінде Димекең жайында көрген түсін айтып, “О баста бізді Құдай қолдап, Қонаев атамыздың рухы желеп-жебеген екен” деп ағынан жарылып айтқаны бар. Алматы немесе кемеңгер бойындағы қасиет Алматы Димекеңнің кіндік қаны тамған қасиетті қала. Ежелгі Тәңірлік наным-сенімнің ғибадат, құлшылық орны болған жер. Бұған Алатау бөктерінің “Ерменсай” өңірінен табылған 16 барыс мүсіні бар шырағдан куә. Ежелгі діни рәсім жоралғылары жасалатын, тасаттық берілетін орындарды отаршылдар құртып жіберді. Универсиеттің алғашқы ашылу салтанаты болған балабақша үйінің төменгі жағында А.Байтұрсынов көшесі бойында Құдай-Тағалаға құлшылық орны Иса Пайғамбар үмбеттерінің көне шіркеуі тұр. Діндәр Димекең шетелдерге іссапарға шыққанда ондағы шіркеулерді, мешіттерді және Будда ғибадатханаларын міндетті түрде көріп, “Құдай бір” сенімі бойынша өзінің жаратқанға жақындау амал-тылсымын сезінген. Университетке Димекең атын берерде бастама көтерушілер алдымен Қонаев бойындағы діндәрлық имандылық қасиетті білген ғой. Сондықтан оқу орны әнұранындағы “Ұлылық бар, қасиет бар затында” деген жыр шумақтары дананың кемеңгерлік және көрегендік, данышпандық қасиетін ұрпаққа ұғындырып тұр. Димекеңнің өмірі мен өнегесі, халқы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі және жеке басының үлгісі-үлкен мектеп екенін ұстаздар қауымы ол кісінің көзінің тірісінде-ақ білетін. Әсіресе, әулиеннің адалдықты ту еткен өнегесі-өсиет тәрбие. “Адал болсаң атақ-абырой өзі-ақ келеді” деп текке айтпаған ғой Димекең. Құран немесе хакім-кемеңгер Димекеңнің келісімімен, өзінің ақ батасымен ашылған, кемеңгердің азан шақырып қойған қасиетті атын алған университет 1993 жылы өзінің ашылу рәсімін жасады. Басында Қазақтың гуманитарлық инс­титутты атанып, соңында (1995 ж.) университет мәртебесін алды. Көп өтпей Білім әлемінде өзінің бағыт-бағдарын анықтап, белгілі оқу орындарының біріне айнала бастады. Алғашқы жылдары Астана, Қарағанды, Талдықорған қалаларында аймақтық филиалдары ашылды. Аласапыран тоқсаныншы жылдардың басында бас ғимараты балабақша үйі болған университет ұжымы білім нарығындағы бәскенені сезіп, жастарға қазіргі заман талабына сай жаңаша білім берудің жолдарын ұғынып, ізденді. Университете студенттер заңтану, экономика, қаржы, тарих, есеп және аудит, менеджмент, аймақтану, аударма ісі, халықаралық құқық, қазақ тілі және шет тілі мамандықтары бойынша білім алды. Бұлардың ішінде бұрын Қазақстан білім ордаларында оқылмайтын жаңа мамандықтардың болғанын көреміз. Академик, техника ғылым­дарының докторы, кітапха­на­сында құранның әр тілге ауда­рылған нұсқалары сақталған хакім-кемеңгердің атын алған университетте жастарға терең білім берумен қатар, ғылыми жұмыстармен айналысуға баса көңіл бөлінді. Алғашқы жылдары 4-5 ғылым докторы, оннан аса ғылым кандидаттары еңбек етті. Қазір университетті ғылыми орталық деп айтуға болады. Оқу орнында заң ғылымдары бойынша бірлескен докторлық диссертация қорғау кеңесі, заңтану мамандығы бойынша магистратура, аспирантура және арнайы құрылған орталықтар бар. Айтпақшы, мұсылман елдерінің экономика және құқық проблемаларын зерттеу орталығы жөнінде әңгіме өз алдына. Құрылғанына жиырма жылға жақындаған оқу орны осы аралықта әлемнің көптеген елдеріндегі білім ордаларымен тығыз ғылыми байланыс жасап, мәртебе-мерейін өсірді. Бәрін айтып жату мүмкін емес. Білім ошағының барлық жағынан дамыған ел Жапонияның Гоу университетімен ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарты білім ордасының әлемдік аренаға шыға бастағанын сездірсе керек. Сондай-ақ Иран мемлекеттік университетімен, Тайвандағы Құқық мектебімен тәжірибе алмасу, тағы да басқа осы сияқты білім көкжиегінің кеңеюіне қатысты шаралар жалғасуда. Университетте жыл сайын Республикалық және халықара­лық ғылыми мәсли­хаттар өтеді. Әр кафедрада студенттердің ғы­лыми үйірмелері жұмыс іс­тейді. Азаматтық құқық, Конс­титуциялық және халықара­лық, әлеуметтік-гуманитарлық және тіл пәндері кафедралары білім берудің қазіргі заман талабына сай әдіс-тәсілдерін үйлестіреді. Мұражай немесе Көпжасар ағаның айтқаны Кеңестік дәуірде Карл Маркстің Мұхаммед Пайғамбар туралы айтқан данышпандық сөзін сол заманның ұрпағы біз естімей өстік. “Дінді апиын” деп діннің теріс жағын жоққа шығарғанымен бұл данышпан жаратқан ие Құдай Тағаланы және Тәңірді мойындаған. Маркстың сақал қойысы ежелгі Пайғамбарларды елестетеді. Адамзат тарихында білімін алатын орны жөнінде Маркс-Атадан артық ұлағатты сөзді ешкім айтқан жоқ. Ғылым тылсымы жөніндегі оның ойлары әлі де құнды. Университет білім беруде өзінің жақсы кітапханасымен құнды мұрағаттары бар мұражайымен ерекшеленеді. Қашан көрсең де кітапханада шұқшиып, студенттер отыра­ды. Оқулықтар мен түрлі бағ­дарламалар өзалдына мұнда көр­кем әдебиет, тарихи-танымдық дүниелер және пайдалы мерзімді басылымдар жетіп-артылады. Екі жүз мың отандық және шетелдік басылым бар. “Сорс” қоры сыйлаған кітапхана құндылықтары жарқырап тұр. Жаңа оқу орнына кезінде белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар неше түрлі кітаптар сыйлаған ғой. Мысалы, Қ. Тоқаев, С. Зиманов және С.Сартаевтар сыйлаған кітаптар жай кітап емес студенттерге пайдалы дүн­ие­лер. Кітапханашылардың қыз­мет көрсетуі қазіргі заман талабына барынша сай келеді. Уни­верситеттегі білім мен рухани әлем тынысын жариялап, таныстырып отыратын басылым бар. Кітапханадағы студенттер жиі сұрайтын кітап Қонаевтың еңбектері және Димекең жөнінде шыққан әдебиеттер мен ол кісінің өмірбаянына байланысты дүниелер. Әсіресе, кездесулер мен апталықтар өткенде студенттер Димекең жөнінде жазылған кітаптарды көп сұрайды. Өйткені студенттер өздері оқитын университеттің Қонаев атында екенін әрқашан есте сақтап, мақтаныш етеді. Димекеңнің өнегесі мен өсиеті, тәлімі мен кісілік қасиеті жастар үшін тәрбие. Университеттегі атына затына сай рухани орда Қонаев мұражайы. Мұнда Димекеңе байланысты құнды мұрағаттар мен тәбәрік заттар келушілерді ерекше әсерге бөлейді. Бір қабырғаны түгел алып тұрған Димекеңнің суретін көрген кісі кемеңгерге еріксіз тағзым етеді. Оқу орнындағы күллі рухани шаралар осы мұражайда өтеді. Ғылыми кеңестің жұмыстары да осында жалғасады. Дәстүрлі “Қонаев оқуларының” шаралары жастардың интеллектуалдық дамуының мектебі десек жарасады. Өйткені аталған шара кезінде студенттер кемеңгер бойындағы кісілік қасиеттерге байланысты, өнегелі өмірі мен ұшан-теңіз еңбегіне қатысты және дананың ғылым әлеміндегі орнына орай ойларын ортаға салып, сұхбаттасады, пікір алысады. Өнерпаз студенттер мен ақын жастар Димекеңді ұлықтап жыр оқиды, ән салады, күй тартады. Сондай бір рухани шараға бұрын Білім министрі болған, қоғам қайраткері, академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев студенттерге Қонаевтың тағылымы жөнінде әңгімеледі. Өйткені ол кісі Димекеңмен етене жақын араласқан, қазақ жастарының жоғары білім алуы жөнінде дананың өсиетін тыңдап, кемеңгерлігіне көзі жеткен ғалым-ұстаз еді. “Көпжасар қазақ балалары өз отаны Қазақстанда оқымағанда қайда оқиды. Сондықтан олар оқуға көп түсетін болсын. Оған көңіл бөл, айналайын” деп айтқан өсиетін Көпжасар аға жадынан шығармаған сол кездің ұлт зиялысы болатын. Көпекен Университетте өтетін рухани шаралардың көбіне қатысып келеді. Қасиетті “12” саны немесе хазіреттің батасы 1912 жылы 12-ші қаңтарда туып, 82 жасқа қараған шағында 22 минут жанталасып жатып өмірден өткен Димекеңнің өмірінде “2” саны “тылсым сан” ишарат құпиясын сездіреді. Әсіресе, туған жылы мен өмірден өткен айындағы “2” саны өмірбаянындағы тосын жағдайларды, ерекше оқиғаларды, өрлеу мен құлдырауды, налу мен қуанышты және қызметті шарықтаудың уақыт сәттерін дәл елестетеді. Жалпы сандардың құпиясы жөнінде оның ішінде 12 санына байланысты Пайғамбарлар өміріндегі “тылсым әлемнің” сырлары көп айтылып, көп жазылып келеді. Димекең өміріндегі сандар ишаратына байланысты “Қонаевтың 12 қасиеті” атты зерттеу мақалада бұл егжей-текжейлі айтылады. Димекең атындағы университеттің жаңа ғимаратын саларда жобалаушылар оның қанша қабаттан тұратыны жөнінде кеңесті. Алғашқы кезде 6 қабат болғанын жөн көрді. Әр түрлі ұсыныстар айтылып соңында жобалаушылар ғимараттың 12 қабат болғанын қалады. Димекең өміріндегі “12” нышан саны ойламаған жерден осылай “бой” көрсетті. Сөйтіп, 12 қабаттан тұратын ғимараттың жобасы бойынша құрылыс жұмысы басталды. Құрылыс орны белгіленген жерде алғаш жұмыс басталғанда Қонаев мұражайында Құдайы дәм берілді. Бас мұфти, хазірет Әбсаттар қажы сөйлеп, бата берді. Жаңа ғимарат, залдары кең, аудиториялары атшаптырым университет кешені бір жылда бітті. Биылғы жаңа оқу жылы жаңа ғимаратта басталды. Астанадағы әлемдік “ОБСЕ” саммиты алдында университет ұжымы 12 қабатты ғимаратқа толық көшіп келді. Терезелері Алатау жаққа қараған қала орталығындағы (Байтұрсынов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысы) оқу орны ғимаратты алыстан асқақтайды. Ғимаратты салған “Достар” құрылыс компаниясы.

Ораз Қауғабай