Фильм мінезін аша түсу үшін ұлттық музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды орынды пайдалана білейік - Сәрсенғали Жүзбай

026«Қазақ елі» тарихи – аниамциялық фильмінің күні кеше ғана тұсауы кесілді, енді кинотеатрлар арқылы көрсетіліп көпшілік көрерменнің көзайымына айналмақшы екен. Не көрдік, не түйдік?

      Ең алдымен фильмнің тақырыбы өзекті, қай ұрпақта тарихын танып өссін десек бұл тұрғыда кітәптің, театрдың, киноның, әсіресе балалар әлемі үшін анимация жанрының ролі ерекше дейміз. Жалғасын тапқаны мақұл.

      Сонау қазақ мультипликациясының атасы саналған Әмен Хайдаровтың мектебі алтын арқауын үзбеген. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік» т.б. фильмдеріндегі қазақы бояу, ұлттық өрнек - нақыштармен тамырласып жатыр. Сюжеттің жеңіл қабылдануы, жетектеп отыруы, ертегі әлеміне алып кетуі мысалыға... ертегі демекші, бала қиялын әлдилеу, қызықтыру мақсатында тарихи дүниені мифтік, аңыз – әпсаналық жоралармен астастыра беруі де ұтымды.

     Өзім музыкант болғаннан кейін, музыкалық көркемділігіне назар аудардым. Тарихи фильм болғасын музыкасына аса мән берген жөн деп ойлаймын. Ұлттық аспаптарымыздың үні кемшіндеу ме дедім, егер көрерменді сергітіп, желпіндіру керек болса ұлтымыздың үрлемелі, ұрмалы аспаптарын пайдалансақ, тарихи дүниеде табиғи дыбысты электронды дыбыс алмастыра алмас. Ә.Хайдаровтың фильмдерін аяулы ғып әм ғұмырлы ғып тұрған да музыкасы, яғни ұлттық аспаптарымыздың үні. Фильмнің мінезін ашып көрсетуге өз ұлттық музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды орынды пайдалана білсек, жастардың құлағына да сіңер еді ғой.

     Көп мультфилмдерге қарағанда кейіпкерлердің түрі мен киімі көш озық. Етегі жер сүзген шапан мен өзбектің тақиясы жоқ мұнда. Десе де этнографтармен кеңесе отырып болашақта қазақ киімін жаңғырту мақсатында жұмыс істелуі керек деп ойлаймын. Сосын қару – жарақ және оның қолданылуы. Батыр бес қаруы бойында болғанда ғана батыр, айбарлы екені, батыр болуы үшін тән қуаты мен ақыл қуаты жұптасуы керек екені жас ұрпаққа тағылым дейміз. Фильмнің тілі көркем. Бидің, батырдың, ханның өз ара диалогтары жүйелі, шешен. Сценарист сөз қадірін арттырған.

Сәрсенғали Жүзбай

 Күйші, «Шалқар» радиосының редакторы

qazaquni.kz